Ұлттық статистика бюросы санақ кезінде алынған неке және отбасына қатысты мәліметті жариялады.
Бюро 2021 жылғы халық санағының қорытындысы бойынша неке және отбасы, сондай-ақ үй шаруашылықтары бойынша кезекті жинақты шығарды. Онда аймақтар, жыныс және жас құрамы бөлінісіндегі көрсеткіштерді, сондай-ақ соңғы екі санақ арасындағы динамикалық өзгерістерді көруге болады.
Некеде тұрған ерлер мен әйелдердің саны 2009 жылғы 6,6 миллионнан 2021 жылы 8,2 миллионға дейін өсіп, халықтың 60,9 пайызын құрады. Оның ішінде 9 пайызы — қайта неке құрғандар.
Жалпы халықтың 28 пайызы — бұрын үйленбеген, 5,3 пайызы — жесір, ал қалған 5,8 пайызы — ажырасқан азаматтар.
Санақ нәтижесінде отбасы (үй шаруашылығы) саны 27,9 пайызға, яғни 2009 жылғы 4,3 миллионнан 2021 жылы 5,6 миллионға дейін өскені белгілі болды.
Аталған көрсеткіштің 3,7 миллионы (66,4%) қалалық жерлерде, 1,8 миллионы (33,6%) ауылдық жерлерде тіркелген.
Қазақстан бойынша әр отбасында орташа есеппен 3,4 адам тұрады.
Бұл ретте ауылдық жердегі отбасында тұратын адам саны қалалық жерлерге қарағанда артық, тиісінше 3,9 және 3,1 адамнан.
Отбасында ең көп адам тұратын өңірлер – Маңғыстау, Атырау, Қызылорда және Түркістан облыстарында бір үйде 4,3-тен 5,2 адамға дейін өмір сүреді.
Айта кетейік, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстары бойынша деректер санақ өткен уақытқа, яғни олар бөлінгенге дейін берілген. Бұл ретте жаңадан құрылған облыстардағы халық саны санақ деректерін ескере отырып қайта есептелген және stat.gov.kz сайтында жарияланған.