Перейти к содержимому

Битуова биігі

43 қаралым

Білім ісіне бар саналы ғұмырын арнаған, адами табиғаты таза бір адам болса, ол – Тілдаш Битуова. Оңтүстікте өмірге келіп, Алматыдағы Шет тілдер педагогикалық институтына (қазіргі Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері универститеті) оқуға қабылданып, француз тілімен қатар, орыс, ағылшын тілдерін де қатар меңгеріп шыққан ол қала жағаламай, жолдаманы қолға ұстап, бұрынғы Талдықорған облысының Қоғалы ауылындағы қазақ орта мектебінен еңбек жолын бастайды. Сабақ бере жүріп, қоғамдық жұмысқа белсене араласады. Ұйымдастырушылық қабілетімен де көзге түседі.

Ол кезде от жағып, отау тігу басты парыз болатын. Жас отбасына қамқорлық та бар еді. Байлық қуып, бақ таластыратындар жоққа тән еді. Тілдаш та сол жолдан жаңылмай, әріптес болып жүрген, ағылшын тілінің маманы Төлегендей азаматпен түтін түтетеді. Дүниеге ұрпақтары келіп, тағы бір қырымен үлгі көрсетеді.
Іс тетігі мен жұмыс жайына жетік Тілдаш Рысқұлбекқызы мектеп директоры қызметіне бекітіледі. Бұл жас маманға үлкен жауапкершілік, зор сенім еді. Бұл сенімге ол селкеу түсірмейді. Оқушы – ата-ана – мұғалім қағидасын басты бағытқа айналдырады. Ізденіс жемісін беріп, білім ұясының беделі биіктейді. Білім сапасы артады. Тәжірибе жинап, ысылған алымды жасты Алматы облысының білім басқармасы Талғар аудандық білім бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындайды. Еңсе тіктеп, тұғырға ту тіккенде Тілдаш Битуова аудан әкімінің орынбасары болады.
Ол бір аласапыран, қиын кезең еді. Жүйе ауысып, жаңа құрылымдар құрылып, бірі жетсе, бірі жетпей жатқан тұс. Ақиқатына келсек, сол уақыттағы тізгін ұстаған арлы азаматтардың еңбектері ерен, төзімдері шегедей болатын. Қанаттасып жүріп жұмыс жасағандар мақсаттарына жетті, солардың қатарында Битуова да жүрді. Аудан көлеміндегі жүйелі жұмысымен көзге түскен оны облыс деңгейіне тартып, үлкен сенім артып Алматы облыстық білім басқармасына басшы етіп бекітеді. Сол жылдары бір ой бөлісіп қалғанда ол:
– Бұл лауазым маған зор міндет жүктеп отыр. Несие десем де болар. Ол міндет, несие не десеңіз, ел ертеңі саналатын, ұлт болашағы, жұрт келешегі делінетін ұл-қызға терең білім беру, әлемдік үрдісті ескере отырып, халықтық менталитетті есте ұстап, істі ілгері бастыру. Ұрпақтан асқан қандай байлық бар!? Білімді жас, тәрбиелі жас – Отан тірегі, тіректі балапандай баулу – біздің мойнымыздағы мың батпан жүк. Ақталып жатқан Алаш арыстарының байлам-пайымы көкейімнен кетер емес. Жүсіпбек Аймауытовтың мына өсиетіне құлақ салыңызшы: «Бір адамның бақыты бір ұлтты бақытты қылуға жетпейді. Ұлтын, Отанын көркейту, қандас-діндес, тілдес бауырларының қамын жеу – бұл жақсы жұмыс. Адамның өз басының көркеюімен ұлты көркеймейді, ұлты көркейсе, өзі көркейеді». Осы сөзді әрқайсымыз санамызда сақтап жүруге тиістіміз, – деп еді.
Тілдаш Рысқұлбекқызы осы бағытты нысанаға алып, облыстық білім саласын тәуелсіз елдің бағдарына бейімдеу ісінде барды бағалай отырып, ғылыми негізін жоғалтпай алға жылжытуға талпынды. Ол қай іске де жанашырлық тұрғыдан қарап, кәсіби мамандардың ізденісіне әркез қамқорлық көрсеткенінен хабардармыз. Педагогиканың айтулы өкілдерінің озық идеяларын, қатарда жүрген қарымы мол, тәжірибесі жетерлік үздіктердің жолын жаңғырта білді. Әсіресе, ол талантты балаларды ерекше қамқорлықта ұстауға ұмтылды. Кезінде оқушылар демалатын табиғаты көрікті Саты – Қарабұлақ – Көлсай демалыс базаларында дарынды оқушыларға арналған мектептер ұйымдастырды. Онда облыстың барлық өңірінен талантты оқушыларды жинап, оларға Әл-Фараби университетінің профессорларына, әсіресе физика, математика, химия, биология пәндерінен дәріс оқытты. Ондағы мақсаты еліміздің талантты жастарын халықаралық олимпиадаларға тарту, баулу болатын. Алдын болжай білген бұл жұмыс сол кездегі Денсаулық сақтау, Білім және спорт министрлігіне қызметке ауысып, басшылық жұмыста жүргенде тіпті кең ауқымда қолға алынды. Алғаш рет АҚШ-та өткен Олимпиадаға оқушылар апарып, талантты ұл мен қызды әлемдік білім жарысына қосты. Мұндай игілікті іс 2003 жылы «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығына директор болып барғанда ерекше өріс алды. Тәуелсіз қазақ елінің отандық, әлемдік олимпиадалар қозғалысында дарынды оқушылардың бақ сынауына кең жол ашылды. Аталмыш мекеме сол тұста ерекше биікке көтеріліп, зор беделге ие болды. Әлемдік айтулы олимпиадаларда Отанымыздың дарынды оқушылары топ жарып, алтын, күміс, қола медальдардан ел қоржынына олжа салды. Сол таланттардың арасынан шыққан жастар бүгінде еліміздің дамуына өз үлестерін қосып жүр. Солардың қатарында Ә.Жанасова, Қ.Сатылғанов, Б.Байжекенов, Е.Клачков, А.Ким, тағы басқалары бар.
Отанымызда тұңғыш халықаралық олимпиада өткізу жұмысы біраз уақыт әңгімеге арқау болып жүріп, 2010 жылы жүзеге асты. Халықаралық математика олимпиадасы комитетінің шешімімен Астанада орындалды. Бұл азат ел үшін керемет абыройлы іс болды. Жас ұрпақтың рухын оятты. Оған әлемнің 102 мемлекетінен 680 үміткер қатысты. Олимпиаданың талабына сай қарастырылған жетекшілер, бақылаушылар, кеңесшілер, баспасөз өкілдері – ұзын саны 1300 адам қамтылды. Білім сайысын өткізу кезінде Тілдаш Рысқұлбекқызының ұйымдастырушылық қабілеті ерекше танылды. Әсіресе, қатысушылар Арқа төсіндегі тарихи орындарды, Көкшетау көлдерін, жылқыны тұңғыш рет қолға үйретіп, бие сауып, қымыз ішкен бабалар мекені Ботай жұртын көргенде таңғалып, тамсанғанына куәміз. Журналист ретінде бастан-аяқ қатысқан кездегі түйген байламымыз, осындай әлемдік деңгейдегі білім сайысын білектей бірігіп өткізе алатынымызға көз жеткіздік. Қазір бұл орнықты. Оған дәлел, 2024 жылы жалғасын тапқан халықаралық биология олимпиадасы дер едік.
Битуованың тағы бір ұлтқа қажет тынысы кең тірлігін атап өтсек, артық болмайды. Ол отыз жылға таяу уақыттан бері өтіп келе жатқан «Қазақстан – атажұртым, қасиетім – ана тілім» атты халықаралық олимпиада. Бұл әлемнің 40-қа жуық елінде тұрып жатқан қандастардың балаларына арналған қазақ тілі мен әдебиеті бойынша өтетін, ұлт ұрпағына арналған шара еді. Бұл туралы да Тілдаш Рысқұлбекқызымен тілдескенімізде ол: «1996 жылы Президенттің шетелдегі қандас­тарды қолдау жөніндегі Жарлығы шығып, оны жүзеге асыру жөніндегі Үкіметтің 1998 жылы қаулысы қабылданған еді. Осы құжатты басшылыққа ала отырып, елімізден тыс жерде өмір сүріп жатқан жас ұрпақты атажұртымен, бабаларының кіндік қаны тамған қасиетті мекенмен таныстыру үшін қолға алған жұмыс болатын. Иә, үлкендер келіп-кетіп жатты, бізде барып-қайтып жүрдік. Ендігі алда тұрған міндет ұрпақтарды қауыштыру болатын. Бұның екінші жағын да айта кетейін. Ол – ұлттық демографияны жандандыру. Алғаш рет Астанада өтті. Одан кейін қазақ елінің барлық облыстарында, қалаларында жалғасын тапты. Он бір және он екі сыныпты бітірген оқушылар еліміздің жоғары оқу орындарында мамандық алып, елге қызмет етсін деген ниет жатты астарында. Тараз қаласында өткенде Шер аға – Шерхан Мұртаза: «Оу, ағайындар, елім, жерім деп қандас боталар келіп отыр. Құшақ ашыңдар, әкім-қаралар. Ботаны бауырға тартсақ, аталар өздері-ақ келеді. Сөйтіп, қазақты мына далаға толтыралық!» – дегені естен кетер ме?! Қасиетті мекеніне келген жастардың саны қазір 3 мыңға таяды. Бәрі дерлік елімізде қызмет етіп жүр. Ұлттық демографиямызға да өз үлестерін қосуда. Алды төрт-бес баланың ата-анасы. Бұл жерде де сөзім жалаң болмасын осы олимпиаданың жүлдегері болып, елге қалтқысыз жұмыс істеп жүрген Ерқұлан Нұртазановты, Әкімбай Бекасылды, Асқар Шәріповті атап айтуыма болады», – деді.
Өмірдің сан тарау жолынан өткен, білім білігі мықты, көргені мен түйгені мол Тілдаш Рысқұлбекқызы – қашанда ұлт ісі дегенде тыным таппайтын жан. Онымен ой бөлісе қалсаң: «Ұстаз ұстаз ғана емес, ол – ана, ана баланы қалай сүйсе, ұстаз да солай сүюі керек. Оқушы – ата-ана – мұғалім – бұл үшеуі алтын арқау. Алтын арқауды үзбеу – бізге парыз. Мұғалім мәртебесі деп жатады, мен мұғалім мәртебесі заңмен емес, мұғалім еңбегімен, ізденімпаздығымен, білімдарлығымен, жұртпен қарым-қатынасымен қалыптасуы қажет деймін. Мұғалім өзі үлгілі болса, оның алдында кім де болса ізет көрсетуге әзір тұрады. Біздің бала кезіміздегі мұғалімдер биікте тұрушы еді. Біз ғана емес, ата-аналарымыз да оларға әркез инабат танытатын», – дейді.
Осындай байламдарды алға тартқан ол ұрпақты отаншылдыққа, мемлекетшілдікке қарғадайынан баулу мақсатында қазақстандық жас патриоттар академиясын құрғанын еске сала кетелік. Бұл туралы ой бөліскенімізде Тілдаш Битуова: «Кешегі кеңестік заманда мектептерде октябрят, пионер, комсомол ұйымдары болғаны белгілі. Ол негізінен тәрбие ісіне бағытталғаны мәлім. Біздің елімізде де «Жас қыран», «Жас сарбаз», «Жас ұлан» секілді оқушылар арасында құрылып, кейін аяқсыз қалғаны рас. Білім беру ісі үлкен жұмыс, ал тәрбиенің жөні бөлек. Тіпті ерекше десек, қателеспеспіз. Отаншылдық, яғни патриотизм идеясы білім мен тәрбие ақаусыз ұштасқанда ғана өз нәтижесін береді. Осы ойдың негізінде аталмыш академияны іскер азамат Мұхиддин Төлепбаймен бірге құрған едік. Оған ерекше қолдау танытқан азаматтарды атар болсам, ғарышкер Айдын Айымбетов, генерал-лейтенант Абай Тасболатов. Мысалы, мұндай қоғамдық ұйымдар Қытайда 200 миллион, Ресейде 16 миллион ұл мен қызды біріктіріп отыр», – деп академияның алға қойған мақсатын таныстырған. Бүгінде академияға мүше балалардың саны мыңдап саналады.
Тілдаш Битуова – қай салада қызмет етсе де, төңірегін түгендеп жүретін, зерек те зерделі қазақтың қайраткер қызы. Шәкірттеріне, қызметтес болған азаматтарға, өзге де таныстарға, ағайын-бауырларға ілтипатын бір сәтте өзгерткен емес. Қай кезде де қалыбын сақтап келеді. Оның бұл өнегесі кімге де болса үлгі деп білеміз. Онымен тілдессең, замандастары туралы ағынан жарылып айтқан жақсы әңгімелеріне тәнті боласың. Білім саласында жүргенде басшылық жасаған Жақсыбек Құлекеев, Қырымбек Көшербаев, Бірғаным Әйтімова, Бақытжан Жұмағұлов, Жансейіт Түймебаев, басқа да елшіл азаматтарға ризалығын білдіріп, кісілігін, кішілігін көрсетеді. Саналы өмірін білім беру ісіне арнаған Тілдаш Битуованың еңбегі бағаланып, «Құмет» орденін омырауына тақса, өзге де марапаттары жетіп артылады. Ғылыми атақ қорғамаса да, білім мен ғылымды ұштастырудағы ереше ізденістері, жазған еңбектері өз алдына бір әлем. Содан да шығар, Тілдаш Рысқұлбекқызы Ы. Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының корреспондент-мүшесі. Ең бастысы, ол – халықтың ілтипатына бөленген жан. Екі ұлының аяулы анасы, олардан немере сүйген, одан шөбере көрген ардақты әже. Мұның бәрі «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» (Ә. Бөкейханов) екенін көрсетері хақ. Бұл – өзіне ғана тән Битуованың өмір жолындағы еңбекпен жеткен биігі деп білеміз.

Сүлеймен Мәмет,
Алматы облысының Құрметті азаматы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері