Балқаш өңірі – ұлан-байтақ қазақ жерінің, қасиетті Алатау мен жер жаннаты Жетісудың бір бөлігі, сан ұрпаққа атақоныс, бейбіт өріс болып, өсіп-өнген елдің алтын ұясы. Алғашқы кездерде Итжон жотасынан басталып, Іле өзенінің оңтүстігін ала Балқаш көліне тірелсе, солтүстігі Қаратал өзені бойымен Сарыесік (Сарыескі) атыраудың солтүстік шығысы мен Арқарлы жотасына дейінгі аймақты алып жатқан берекелі дала болатын. Итжон, Малайсары, Құланбасы, Тасмұрын (Құмбасы) жоталарының изен-жусаны мен сасыр, еркек, раң шөптері қой мен жылқы малын өсіруге қолайлы болса, Тасмұрын (Құмбасы) жотасынан бастап Балқаш көліне дейін – күйреуік пен жусанды Ақдала алқабы теріскен, дүзген, сексеуіл, еркекшөп пен балықкөз, шоған, қылша, жусаны жайқала өскен құйқалы бұйрат құмды, салқын суы мол құдықтары бар, төрт түлік малды өсіруге қолайлы жер.
Балқаш ауданында «Әр бұтасының түбі «бір асым ет» деген сөз бар. Бұл бекер айтылмаса керек-ті. Ата-бабаларымыз суы жеткілікті, шөбі шүйгін төрт түлік мал өсіруге қолайлы жерді жақсы білген. Ағашы мен сексеуілі жақсаң – отын, жонсаң – ағаш үйдің сүйегі, қора салсаң, дайын материал, аң-құсқа толы даласы да өз алдына тұнған қазына. Халқымыз мұндай жерге ризалықпен орналасқан. Тарихи деректер мен зерттеушілердің жазбаларына көз жүгіртсек, Балқаш өңірі арқылы Жібек жолының бір тармағы өтіп, Арқамен екі ортада алтын көпірге айналғанын көруге болады. Шеңгелді арқылы «Көктам» бекетін (Миялы) басып өтіп, «Бояулы», «Ақтам-1», «Ақтам-2», «Ақтам-3», «Қарамерген» бекетімен Балқаш көлінің қылта жерінен жүріп, Арқаға мата, тұрмыстық заттар апарып, малға айырбастап сапырылысып жататын керуен жолы болған.
Бұл өңірде сол заманда төрт түлік малмен бірге егін мәдениетінің де дамығанын сол аймақтардағы қолдан қазылған ирригациялық жүйелердің әлі жартылай көміліп, ізі жойыла қоймаған тоғандар мен атыз сілемдерінен аңғаруға болады. Бір кездерде Іле өзенінің бір тармағы «Шетбақанас» арқылы арнасы суға толып, шіреп аққан кездерде, қайнап жатқан керуен жолы, гүлденген қалалар, жайқалған шабындық, суармалы егін алқабы арна тартылып, өзектер кеуіп, су басқа арнаға түскеннен кейін бұл қалалардағы ел көшіп, бұл өңір «Сарыескі (Сарыесік) атырау» деп аталса керек-ті. Бізге жеткен деректерде «Қарамергенге» қалмақтар бекініп, қазақ жауынгерлері шабуылдап ала алмағаннан кейін Іле өзенінің «Шетбақанас» арнасын қазақ қосындарының жауынгерлері қоржынға құм толтырып әкеп төгіп, сол кездегі тәсілмен тал мен қамыстан «қара бура» деп аталатын бөгет қойып, байлап, «Қарамерген» бекетін сусыз қалдырып, басып алыпты деген сөз ел аузында бар.
XVIIІ ғасырдың ортасында егіншіліктің тағы бір белесі белең алды. Нарын, Байменей, Топар өзендерінің алқаптарында егіншілік қайтадан жаңғыра бастады. Осылайша, Іле өзенінің бір тұсынан Нысанбай атамыз су шығарып, үш тоған тартып, егін егіп, бұл жер «Үшжарма» атанса, Құмбасы жотасының 20 шақырым жоғары жағынан Қашқын әулие атамыз тоған тартып, егін егіп, Балқаш өңірі мал шаруашылығы мен егін шаруашылығын бірге дамытқан өркениетті аймақ болған. Уақыт өте келе бұрынғы ел басқару жүйесі өзгерді. Патшалық Ресей бодандығына өткеннен кейін хандық басқару жүйесі ауысып, би-сұлтандар орнына уезд, болыс атаулары қалыптасты. Басқарушылар генерал-губернатор, болыс, старшын болып сайланып, ел тізгінін қолдарына алды. 1917 жылы дүниені дүр сілкіндірген Қазан төңкерісі жеңіп, билікке Ленин бастаған большевиктер келді. Төңкеріс толық жеңіске жетіп, 1928 жылы Балқаш өңірінде де «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген девизбен байлардың малын конфискілеу, күштеп ұжымға біріктіру, коллективизация процесі қарқынды жүрді. Байлардың өз еркімен берген малдарын артельдерге топтастырды, ал бермегендерінен тартып алып, өздерін итжеккенге айдады, көнбегендерін атты, асты. Қазақ даласында дүрбелең басталды, байлар жолын тауып, малын айдап, шетелге, Қытайға, Ауғанстанға, Өзбекстанға ауды.
1928 жылы 18 ауыл кеңесінен тұратын Балқаш ауданы құрылды. 14- ауыл кеңесі «Миялы» деп аталып, орталығы Бақбақты ауылы болды. Миялы ауыл кеңесінің территориясы Итжон жотасынан басталып, Іле өзенінің оң қапталымен Желтораңғы ауылына дейін, солтүстігі Ақкөл ауылы, оңтүстігі Қаратал, Көксу, Кербұлақ, Талғар ауданының шалғайдағы мал жайылымдары мен Іле көпіріне келіп тірелді. Ел бірігіп, елдімекендерге орналаса бастаған кезде қоныс тепкен жерді сол кездегі ауыл белсенділері Мәжіби Топатаев, Алтынбай Сәтбаев, Ақкүшік Асанов ауыл ақсақалдарымен келісе «Бақбақты» деп атапты. Себебі ауыл Іле өзені жағалауындағы сазды бақбақ гүлі жайқалып өскен жер болғандықтан осылай атаған екен.
Ә дегенде кішкене ауыл артельге біріксе, артельдер қосылып, кейін келе ұжымшар болып үлкейді. Миялы ауыл кеңесіне қарасты Ақтоғай, Молотов, Тасмұрын, Киров, Жамбыл, Куйбышев ұжымшарлары болды. Күннен-күнге елдің тұрмысы қиындай бастады. 1931-1933 жылдардағы ашаршылық Балқаш ауданын, Миялы ауыл кеңесін, Бақбақты ауылын да айналып өтпеді. Ашаршылықтан ел қырыла бастады. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасынның» зардабы елге қатты батты. Малдан айырылғаннан басқа, үстеме салықтар елді езгідей езді. Амалдың жоқтығынан ел босып, Іле көпірін асып, Алатау беткейіндегі елге, Шелекке қарай бет алды. Сол кездегі санақ мәліметтері бойынша Балқаш ауданындағы 60 мың халықтан 12 мың адам қалған.
Халық бұл нәубетті де жеңе отырып, келешекке үміт артып, социализмді құруға белсене қатысты. Коммунистік партия идеяларын іс жүзіне асыруға жан-тәндерімен кірісті. Ел есін жия бастағанда «Жұт жеті ағайынды» дегендей, 1937 жылы халық жауы, 1941-1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғыстың шарпуы да елді қатты есеңгіретті, соғысқа аттанған азаматтардың жартысы соғыс даласында қалды. Қайсар халқымыз бұған да мойымай, бар тауқыметті артқа тастап, келешекке деген сенімнен ажыраған жоқ. 1947 жылы аудан еңбеккерлерінің күшімен «Қашқын әулие ата» тоғанының сілемімен 1000 адам қатысқан, ұзындығы 34 шақырым Тасмұрын тоғаны қазылып, 2000 гектар жер суландырылып, ауданның 16 кеңшары әрқайсы 50-100 га жерге егін екті. Бақбақты ауылы күннен-күнге үлкейе бастады, жұмыс ауқымы көбейді. Адам күші жеткіліксіз еді. Ауыл ақсақалдары, ауыл басшыларымен келісе келе, Сәтбаев Алтынбай, Асанов Ақкүшіктер ашаршылық жылдары қоныс аударған елді қайтадан елге қайтару үшін, үш-төрт ай Алатау бөктеріндегі, Шелек ауданындағы ауылдарды аралап, көптеген ағайынның қайтуына ықпал етіп, көш басын елге бұрды. Қиыншылық кезінде кеткен жұрт атақонысына қайта оралды. Мемлекет саясатына сай Кавказдан әзербайжандар, ингуштар, Еділ өзені бойынан келген немістер Бақбақты ауылындағы жергілікті ағайындардың қамқорлығымен бірге өсіп, біте-қайнасып, ауыл үлкейе бастады. Осы қарқынмен аудандағы өндірісі жоғары, мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы қатар дамыған, сол кездегі алдыңғы қатарлы үлкен клуб, аурухана, мектеп, сауда орталықтары салынып, көріктене түсті. 1957 жылы Миялы ауыл кеңесі құрамындағы алты ұжымшар біріктіріліп, «Бақанас» кеңшары құрылды. Бақбақты ауылы шаруашылықтың 60 пайыз ресурсы шоғырланған №2 ферма орталығы болды. Шаруашылықта 60 мың қаракөл қойы өсіріліп, қаракөл қозыларын соятын цех ашылып, елтірі дайындалып, Шымкент қаласындағы елтірі қабылдау орталығына өткізілді. Сүтті бағыттағы «Алатау» сиыр тұқымдары әкелініп, сиыр сауатын сүт фермалары ұйымдастырылып, сүт өңдейтін цех Бақбақтыда ашылды. Егіс дақылдарынан арпа, бидай, шөп, жоңышқа, жүгері дақылдары егіліп, бірнеше мыңдаған тонна сүрлем салынды. Бақша дақылдарынан қауын, дарбыз, картоп егіліп, шаруашылық еңбеккерлері мен аудан орталығын қамтамасыз етті. Кеңшар қарқынды дами бастады. Жаңадан техникум, институт бітірген жоғары білімді, орта буын мамандар, мұғалімдер, медицина қызметкерлері келді. Сондай-ақ сушылар, малшылар, жүргізушілер, механизатор, комбайнерлер корпусы қалыптасып, Бақбақты ауылы аудандағы адам саны жағынан алға шығып, инфроқұрылымы дамыған, кәсіби кадрлармен қамтамасыз етілген алдыңғы ауылдардың қатарынан орын алды. Халқының еңбекқорлығының, ынтымағының, келешекке деген талпынысының арқасында, өмір көші алға жылжыды. Кеңес одағы орталық комитеті халықты тамақ өнімдерімен қамтамасыз ету, одақтас республикалардағы бос жатқан суармалы жерлерді игеру, дәнді дақылдар, оның ішінде күріш дақылының ауқымын көбейту мәселелеріне көңіл бөліп, жан-жақты зерттеу жұмыстары жүргізілді. 1944 жылдан бастап, ауданның Бақанас, Бақбақты ауылдарының территориясынан ботаникалық бақтар ашылып, әртүрлі дақыл, ағаш түрлері мен жеміс ағаштары отырғызылып, жерсіндіру жұмыстары қолға алынды.
Дінмұхамед Қонаев Қазақстан Республикасы Ғылым академиясын басқарған кезінде бір сәт те Балқаш ауданын естен шығарған жоқ. Дінмұхамед Қонаев Қазақстан Республикасы Коммунистік партиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы болғаннан бастап бұл жұмыс жандана түсті. 1963 жылы ғалымдар жер жағдайын, топырағының құнарлылығын, ауа райын зерттей келе Тасмұрын ауылының тұсынан 40 гектар жерге Мойсей атты корей жігітіне күріш дақылын септірді, нәтиже жаман болған жоқ. Димаш ағамыз дала академигі, Қазақстандағы күріш дақылын өсірудің атасы, екі мәрте Социалаистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевпен кездескенде Алматы облысында күріш дақылын қалай, қай ауданда өсіруге болатынын ақылдасып, әңгіме өрбіткен көрінеді. 1966 жылы Ыбырай Жақаев Талдықорған сапарынан қайтар жолда ат басын бұрып, Ақдала алқабын көргенде: «Жері, ауа райы, орналасқан белдеуі, топырағының құнарлығы, Іле өзеннінің суы да Сыр сияқты лайлы, құнарлы екен, күріш егуге болады» деп тұжырым жасапты. Мемлекеттің 1966 жылғы наурыз, 1966 жылғы мамыр айларындағы пленумдарында бұл мәселе назарға алынып, суармалы жерлерді пайдалана отырып, күріш себу аймағын кеңейту және жерді мелиорациялау қажеттілігі атап өтілді. 1966 жылдың 21 шілдесінде Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев пен ҚазКСР Министрлер кеңесінің төрағасы Бәйкен Әшімовтің қолдары қойылған «Ошироком развитий мелиораций земель в Казахской ССР для получения высоких и устойчивых урожаев зерновых и других сельскохозяйственных култур» деген қаулы қабылданды.
Осы қаулыға сәйкес 1966 жылы 3 қыркүйекте Балқаш ауданында Ақдала күріш алқабын игеру қолға алынып, өңірде алғашқы Бақбақты күріш кеңшары құрылды. Бұл оқиға ауданның экономикалық әлеуметтік, мәдени дамуының жаңа белесі ретінде тарихта қалды. Кеңшар директоры болып күріш дақылын өсірудің қыры мен сырын жақсы білетін, шаруашылық басқаруда тәжірибесі мол, шебер ұйымдастырушы, Социалистік Еңбек Ері Сергей Хван тағайындалды. Кеңшар құрамында бас агроном Александр Ким, бас прораб Тілеужан Демеуов, бас инженер Сұлтан Ташанов, бас экономист Шин Юн Сон, бас бухгалтер Павел Симонов болып бекітілді. Миялы ауылдық кеңесінің Тауықбала Құлымбаева, партия комитетінің хатшысы Асылхан Әбдіғалиев, жұмысшылар комитетінің төрағасы Жабықбай Мақыбаев та жаңа қызметімен жұмысын бастады. 1972 жылы Бақбақты ауылы Миялы ауыл кеңесінен бөлініп шығып, төрағасына Р.Топатаев сайланды. Бақанас қой кеңшарының №2 фермасы жерімен, орталығы Бақбақты ауылы да жаңа күріш кеңшарына өтті.
Қазақстан коммунистік партиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың тапсырмасымен республиканың барлық қатысты институттары, министрліктері мен ведомстволары түгел Ақдала алқабын игеруге жұмылдырылды. Бұрынғы Тасмұрын тоғанының сілемімен секундына 100 т/м су беретін 38 км жаңа Тасмұрын магистральды каналы іске қосылып, жылжымалы механикалық колонналар ПМК-5, 7, 19, 87-лердің күшімен күріш атыздары тегістеліп, тоғандар қазылып, сарқынды су қашыртқылары іске қосылды. Жан-жақтан күріш дақылымен жұмыс істеген мамандар, сушылар, механизатор-комбайнерлер көшіп келе бастады. Қаратал ауданынан, Қызылорда облысынан корей ағайындар көшіп келіп, күріш егумен айналысты. Кеңшар директоры, бас мамандар, көшіп келіп жатқан жұмысшылар легіне ескі Бақбақты ауылынан 22 үй босатылып берілді. Қалғандары уақытша, ауыл тұрғындарының бір-екі бөлмелерінде тұруына тура келді.
Жаңа ауыл, кеңшар орталығын салу қолға алынып, Қапшағай-Бақанас автожолының бойынан бұрынғы ас беріп, той жасап, ат шаптырып, бәйге жарысы өтетін, ата-баба ізі қалған «Атшабар» даласы ыңғайлы деп табылып, ауыл ақсақалдары мен басшылық ауданмен келісе келе, алғашқы қазығы қағылып, жаңа елдімекен «Бақбақты» болып аталды. 1966 жылдың күзінен бастап, үй салу құрылысы қолға алынды. Аудан, облыс, республика тарапынан жылжымалы механикалық колонналар, құрылысшылар болып іске кірісті. 1967 жылы 100-ден астам ақ шаңқан тұрғын үй, екі пәтерлі тұрғын үй есебінен шаруашылық конторы, ауылдық клуб, басқа да инфрақұрылымдар салынып бітіп, ел қоныстана бастады. Байырғы Бақанас жұмыскерлері жаңа шаруашылыққа ауысып, әртүрлі мамандыққа ыңғайланып, жұмысқа орналасып, жаңа өмір жолын бастады. Ақдала алқабына түрен түсіп, 1967 жылы алғашқы 468 гектар жерге күріш дақылының «Солнечный» тұқымы егілді. Шаруашылық басшылары, мамандар, жұмысшылардың ынтымағы мен еңбекқорлығының арқасында күріш дақылының жоспардағы 20 центнер орнына әр гектардан 34,7 центнерден күріш алынып, межедегіден жоспар асыра орындалды. Мемлекетке 10 мың центнер күріш шаласы өткізілді. Осылайша, алғашқы Ақдала ақмаржаны мемлекет қоймасына артығымен құйылды.
Ақдала алқабында қызу енбек қайнап, екінші кеңшар – Октябрьдің 50 жылдығы атындағы күріш шаруашылығы бой көтере бастады. Ауылды абаттандыру, көшелерге асфальт төсеу, ауыларалық егін алқабынан астықты таситын қатынас жолдарын салу көп күшті қажет етті. Шауашылықтардың өз күштері жетпейтін болғандықтан Бақбақты ауылының шығаберісінен «Боралдай» автобазасының филиалы ашылып, ауыр жүк көтеретін 100-ден астам автомашина шоғырланды. Адам күші жетіспегендіктен «ПМК-12» деп аталып кеткен жерде құрылыс батальоны орналасып, ауылдың су жүйелерін салуға, көшелерді абаттандыруға ат салысты. Бақбақты дамуының шарықтау шегі 70-80 жылдар болды, осы уақыттар аралығында ауыл үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Заман талабына сай Жамбыл атындағы орта мектептің ғимараты, аурухана, Мәдениет үйі, сауда орталығы салынды. Ауыл көшелері толық асфальтталып, ағаштар мен гүлдер отырғызылып, ауыл реңі құлпыра түсті. Ирригациялық су жүйесін реттеу мекемесі, тікелей Мәскеу арқылы киім-кешек, азық-түлік, күнделікті тұрмысқа қажетті заттармен қамтамасыз ететін сауда орталығы, №2 бригада қосының жанында, бұрынғы Бородиннің үйіне Топырақ зерттеу институтының ғалымдары орналасты. Күріштің жаңа сортын шығаратын құрылымдар ашылып, ауыл құлашын кең жайып, шаруашылық әр жылды табыспен аяқтап, еңбекерлердің табысы артып, одаққа, республикаға танымал миллионер кеңшар атанды. Жылына 15000 тонна күріш, 30000 тонна арпа-бидай өндіруге қол жеткізді. Егер күрішті бидайға айналдырсақ, барлығы 105 000 тонна бидай мемлекет қамбасына құйылды. Мұның сыртында сүт өңдеу зауытына өткізіп жатқан күніне 4-5 тонна сүт, өндіріліп жатқан етті, 10 мыңдаған тонна ірі сабақты мал азығын қосыңыз, мұндай шаруашылықтар облыста саусақпен санарлық болды.
Жас кадрларды тәрбиелеу, оқыту жолға қойылып, Жамбыл қаласындағы гидромелиоративтік институтына, Шамалғандағы гидромелиоративтік техникумына, тағы басқа оқу орындарына арнайы жолдама арқылы жіберіп, кәсіби мамандар, әсіресе шаруашылыққа өте қажетті мамандықтар, гидромелиораторлар корпусы қалыптасты. Ресейдің Кубаньдағы ең алдыңғы қатардағы күріш өсіретін шаруашылығы «Красноармейскийге», Қызылорда облысының шаруашылықтарына сушылар, күрішші мамандар барып, тәжірибе алмасып, күріш сорттарымен алмасты. Кубаньнан күріштің «Кубань-3» сорты, Қызылордадан «Ақмаржан» сорттары әкелінді. Кешегі жас мамандар, жүргізуші, механизаторлар, сушылар, құрылысшылар еңбек мектебінен сүрінбей өтіп, өз ісінің шеберлері, еңбекпен есейген жергілікті кадрлар өсіп жетілді. Шаруашылық басқаруда Карлис Иманбеков, Тілеулес Ардабаев, бас мамандар Нұрсейіт Сарбасов, Сапарғали Сәтбаев, Нұршан Оматаев, Нұртілеу Үйсінбаев біліктілігімен көзге түсті. Көп жыл директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары болған Бекболат Бекеев, бригадирлерден Дінмұхамед Қонаев депутаттыққа сайланған бірнеше шақырылымындағы сенімді өкілі, №5 бригада бригадирі «Ленин» орденінің иегері Мәдібай Қартаңбаев, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері Серік Жұрқабаев, Пернебек Бөкебаев, Тұрарбек Монтаев, тағы басқа алдыңғы қатарлы бригадирлер, звено жетекшілері Рақымжан Жұмабеков, экспедитор Сәрсебек Сабаев, жүргізуші-механизаторлар Битілеу Азанбаев, Ахан Жұмаханов, алғашқы әйел механизатор Зейнегүл Азанбаева, Гакштеттер Федот, Гужаковскийлар еңбек жолында осы шаруашылықпен бірге өсті.
Балқаш ауданы, оның ішінде, Бақбақты ауылының, шаруашылықтың жеткен жетістігі – үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, қазақ халқы құрметтеп, пайғамбарға теңеген, бір ғасырда бір туатын Дінмұхамед Қонаевтай бірегей тұлғаның арқасы. Димекең қаншама жыл Қазақ ССР Жоғарғы кеңесіне депутаттыққа кандидат болып Балқаш ауданынан тіркеліп, ел үлкен сенім білдіріп, бірауыздан сайланған еді. Бақбақты ауылында да бірнеше рет болды, қамқорлығын жасады, елдің тұрмыс тіршілігінің жақсаруына жан-жақты көмектесті. Бұл – елге деген,ата қонысқа деген перзенттік сүйіспеншілігінің белгісі.
Әлеуметтік салада да білімді, жас ұрпақты қалыптастыруда, Отанымыздың патриоттарын тәрбиелеуде ауыл мектебі де үлкен рөл атқарды. Мектеп директорлары, Есенқұл Жұмаділов, Нам Трофим, Базар Имангелдина, Зәуреш Қоқанбаева, ұлағатты ұстаздар Адалбай Бейсембиев, Зауытбек Мұхатов, Иманберді Нұрайдаров, Маруся Қостүтінова, Ханшайым Сатаева және көптеген ардагер-ұстаз, қазір де зейнеткерлік жасқа жетіп, құрметтеліп жүрген мұғалімдер дәріс беріп, тәрбиелеп, өсіріп, қанатын қатайтып ұшырған оқушылары шаруашылықтың әр саласында еңбек етіп, өз үлестерін аянбай қосты. Бүгінде де осы мектеп түлектері тәуелсіз еліміздің іргесін қалап, әділетті Қазақстанды құруға ат салысуда. Денсаулық саласында адам жанының арашасы, ауылдық аурухананың бас дәрігері Дауысбек Құндақбаев ауыл денсаулығының жақсаруына қажырлы еңбек етіп, жас медицина мамандарын қалыптастырып, үлкен із қалдырды. Ұлжігіт Жуасбаеваның басшылығымен мәдениет, спорт саласы да алға ілгерілеп, аудандағы өз әріптестерінің алдыңғы қатарында болып, ауданаралық, аудан орталығындағы мәдени-спорттық іс-шаралар, ұлттық ат спорт түрлеріне қатысып, жылына бір рет өтетін аудан еңбеккерлері озаттарының слетінде алдыңғы бәйгелерді жеңіп алып жүрді. Ауылдың волейбол командасы, әнші- бишілері, жастар мен әжелер ансамблінің ауыл мәдениетін дамытуда орны ерекше. Ауылдағы адам саны өсіп, саны бес мыңға жетіп, аудан орталығынан кейінгі екінші орынға шықты. Ауыл мәдениеті артып, заман талабына сай салынған ғимараттар, көше бойлары жайқалып, жас желекке оранып, көріктене көз тартады.
Бақбақты күріш кеңшары 1997 жылы елімізде болып жатқан өзгерістерге байланысты нарықтық қатынасқа көшіп, акционерлік қоғамға ауысты. Шаруашылық еңбеккерлері өздеріне тиесілі үлестерін алып, жеке- жеке шаруашылықтар құрылды. Алғашқы жылдары қиыншылыққа тап болған шаруашылық құрылымдары уақыт өте келе аяғынан тік тұрып, табыстарын еселеп, еңбек етуде. Ауыл алғашқы кездердегі көріксіз көріністерді артқа тастап, тесіліп, шұрық тесік болған көшелер асфальтталып, ауыл кіреберісі мен шығаберісіне заманауи қақпалар орнатылып, ауыл аты қайта жазылып, ерекше көрік беруде. Ауылдық Мәдениет үйі, ауыл әкімдігі, аурухана күрделі жөндеуден өтіп, жылу жүйелері газға қосылды. Ауыл азаматтарының жеке қаржысына мешіт, 300 орынды қатымхана, спорт кешені, тойхана, мейманхана мен кафелер, сауда орындары бой көтерсе, ауыл адамдарының, жастар мен балалардың демалыс орны Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Алтынбай Сәтбаев атында саябақ ашылды. Қазір де мұнда кеңшар кезіндегі көлемде егін егіледі, жеке мал шаруашылығы да дамып, облысқа танымал үлкен ет, сүт өндіретін агрофирма «Dinara Ranch» халықты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
Халықаралық деңгейдегі ұлттық ат спорт жарыстарына қатысып, бәйгенің бірінші орнын иеленуді дағдыға айналдырған, етпен қатар асыл тұқымды «Мұғалжар» жылқы тұқымын өсіріп, жылқымен айналысатын шаруашылықтардың тұқымын асылдандыруға ат салысып жүрген, асыл тұқымды «Ұрпақбай» жылқы шаруашылығы, «Әлмес», «Бақанас астық» еңбек ұжымдары, одан бөлек күріш өңдейтін алдыңғы қатарлы шетел технологиясымен салынған, өнімін ішкі сұраныспен қатар шетелдерге шығарып жатқан күріш өңдейтін зауыттар мен цехтар жұмыс істеуде. Орта, кіші бизнес саласы дамып, шаруашылықтар малдарын өсіріп, егінін егіп, кәсіпкерлігін дамытып табыстарын еселей түсуде. Республика жастарына үлгі-өнеге болатын іс-шара, аудан бойынша 40 жыл бұрын мектеп бітірген түлектер өз қаражаттарына Бақанас ауылына кіреберіске ғимарат орнатып, эстафетаны келесі жылғы түлектерге тапсырды. Олар бірауыздан қолдап, Малайсары жотасында ауданның символы – жолбарыс мүсіні орнатылып, аудан аты жазылып, жан-жағы қоршалып, алаңға қыш тақталар төселіп, жолаушылар тоқтап, демалатын орынды пайдалануға беріп, эстафетаны келесі жылғы мектеп оқушыларына жұрт алдында табыстады. Келесі жылғы мектеп бітірген жастар Тасмұрын (Құмбасы) жотасына осындай аялдама жасап табыстаса, ары қарай жалғасып, «Бақбақты – Бақанас» тас жолының бойында «Алтын қыран» аялдамасы пайдалануға беріліп, жалғасын тауып келеді.
Иә, Бақбақты ауылының осы күнге дейін өткен жолын зерделесек, ауыл пайда болғанына 98 жыл, «Бақбақты» күріш кеңшарының құрылғанына 60 жыл уақыт өтіпті. Осы уақыттарда ауыл басынан неше түрлі қиын-қыстау кезеңдерді, қуанышқа толы күндерді бастан өткізді. Абыройы асып, бәйге атындай өрге шапқан кездерімен қатар қиын күндерді де тарихқа табыстап, тамырын терең жайған мәуелі бәйтерекке айналып, өмір көшінің толқынында тербеліп, алға жылжып келеді. Бұл ауыл – бір ұрпақтың ғана өмір жолы емес, сан буынның тағдыры тоғысқан, нешеме дауылға төтеп беріп, шаңырағы шайқалмай келе жатқан, қазіргі кезде 14 ұлт пен ұлыс ұрпақтарының ынтымағы жарасқан, алға қойған мақсатына жетіп, арманы орындалған, тарихы терең киелі қоныс.
Өмір керуені Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен нық қадам басып, алға жылжуда. Мемлекетіміздің Ата Заңы 1 шілдеден бастап күшіне енді. 23 тамызда бір палаталы Парламент – Құрылтайға ел азаматтары өз қалауы бойынша дауыс беріп, Қазақстан жаңа өмір белесіне қадам басты. Әділетті Қазақстанды құрудағы басты қағида заң мен тәртіп, адам құқығы, зор жауапкершілікті патриотизм мен прогрессивті келісім, адал адам, адал еңбек, адал табыс болса, Бақбақты ауылының азаматтары да бұл бастаманы өркендетуге бар күш-жігерін салатынына сенімдіміз. Бақбақтының 60 жылдық мерейтойы құтты болсын! Өсе бер, өркендей бер киелі мекен Бақбақты!
Тынышпай ДОСЫМБЕКОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері
Балқаш ауданы