Қонақжай Қостанай өңірі, киелі Тобыл-Торғай халқы біртуар ақын Кеңшілік Мырзабековтің 80 жылдық мерейтойын кісі қызығарлық деңгейде кеңінен атап өтті.
Айтулы шараға Астанадан ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, ақынның перзенті, көрнекті сыншы Амангелді Кеңшілікұлы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Ғалым Жайлыбай, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы-драматург Нұрғали Ораз, республикалық «Мұқағали» журналының бас редакторы, балалар жазушысы Дүйсен Мағлұмов және Алматы облысының бас медиақұрылымы – «Өлке тынысы» ЖШС директорының кеңесшісі, ақын Кәдірбек Құныпияұлы арнайы барып қатысты.

Алғашқы күні қонақтар Тобылдың жағасындағы ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің күмбез-кесенесіне соғып, зиярат етті, рухына дұға бағыштады.
Кеңшілік ақынға арналған «Іңкәр дүние» атты әдеби сазды кешке Қостанай халқы тайлы-тұяғына дейін қалмай жиналды деуге болады. Әдебиетсүйер қауым алдында Мәлік Нұржанұлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ақын мерейтойына арнаған ыстық ықыласын жеткізіп, Мемлекет басшысының ізгі тілекке толы құттықтау хатын ақын ұлы Амангелді Кеңшілікұлына табыстады.
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов ақын туралы ақ тілегін ақтара келіп, осы шараға алыстан ат арытып келген қонақтарға ақжарма алғысын жеткізді. Қонақтар Ғалым Жайлыбай, Нұрғали Ораз, Дүйсен Мағлұмов бастаған қаламгерлер Кеңшілік туралы кеңінен толғап, естеліктер айтты. Ақын Кәдірбек Құныпияұлы арнау өлеңін оқыды.
Екі күнге созылған ұлағатты іс-шара Қостанай облысы әкімдігінің шаңырағында ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың жақында ғана жарық көрген «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабы туралы пікір алмасу шарасымен түйінделді. Облыс зиялыларымен жүздескен Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев жаңа жинақ туралы орнықты пікірін айтып, бірқатар талантты жасқа Мемлекет басшысының кітабын тарту етті. Тағылымды шараны Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов жүргізді.
ӨЗ ТІЛШІМІЗ
Қостанай облысы
Соғыстан соң туғандардың өкілі
(Кеңшілік көкемнің 80 жылдығына)
Әлдекімдер ғұмыр кешкен шалқып-ақ,
Әлдекімдер өмір сүрген қалтырап,
Қазақстан кеңестік ел тұсында
Кеңшіліктей ақын өтті арқырап!
Жыр-періште көтергенде таңдайын,
Есіп жырлап Қостанайын, Торғайын,
Жүрген жанды ел сүйетін елжіреп,
Күн сүйетін жарқыраған маңдайын.
Жыр-әлемге жаратқандай елші қып,
Өлең-өрнек өріп өтті Кеңшілік.
Торғай жұрты мақтанатын өрсініп,
Құрсағынан Кеңшіліктей ер шығып.
Ақын ұлдың желбіреген кекілі,
Алматыда бұғанасы бекіді.
Ғафулардай ағалардың інісі,
Соғыстан соң туғандардың өкілі.
Кеуде тырнап «тың игеру» өрт сызы,
Жыр жаздырды саясаттың дертті ізі.
Бағамыз да беретұғын «бес» еді,
Санамызда «Төлеутайдың төрт қызы»!..
Дарындарға мойын бұрмас тоқ қоғам,
Керек емес жақсы ақын мен жақсы адам…
…Бір інісі алдан шығып қайсы күн
«Аға, сұмдық жаңалық бар!» – депті оған.
Тұра қалып ақын құлақ тосыпты,
Әлгі біреу жаңалығын жосытты:
«Екі бірдей ұшқыш ұшты ғарышқа,
Бұл ғажапты бүкіл әлем есітті!»
Ақын айтты: «Бойыңда әлі балалық,
Ұшыпты екен, бұ неғылған жаңалық?!
Ұшты, ұшты, ұшқыш ұшты ғарышқа,
Бұл қашаннан тосынға жүр саналып?
Кемігенде шын таланттың есесі,
Кекіріп жүр талғамсыздың нешесі?
Қос редактор ұшса егер де орнынан,
Болар еді жаңалықтың көкесі!»
Деді де ақын балпаң басып жөнелді,
Ал соңынан ащы мысқыл сөлі ерді.
Қаншама сөз, қаншама сыр көнерді,
Аңыз етіп есіне ап жүр елі ерді!
Тоқырамай өр бойында бек сенім,
Жырмен өрді ол ел басынан кешкенін.
Енді бүгін Кеңшіліктей көкеміз,
Елмен бірге тойлап жатыр сексенін!!!
Кәдірбек Құныпияұлы,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Парасат»
және «Құрмет» ордендерінің иегері