Перейти к содержимому

Дариға-жүрек

35 қаралым

Балапандарын ертіп, өзен жағасына қарай келе жатқан мама қаздай еді. Бірде қатарласып, бірде артқа қалып, бірде алдына озған жеті-сегіз оқушы құдды сол мама қаздың балпанақтай балапандарына қатты ұқсайтын. 12 мен 15 жас арасындағы ұлдар мен қыздар болса да, ана жүрегі оларды сәбиіндей қабылдап, жанарының нұрына шомылдырып, жүрегінің мейіріне бөлейтін. Содан ба, әлгі оқушылар ол кісінің әрекетін мұғалім ретінде емес, анасындай қабылдайтын. Жылдың қай мезгілінде болсын осы көрініс жиі қайталанатын. Бұл біздің Дариға апайымызбен өткен бақытты балдәуреніміздің қайталанбас, қайта оралмас сәттері еді. Содан бері де қырық жылға жақындап қалыпты. Ал жандүниемде күні кеше ғана болғандай жаңғырып тұр.

Өткен ғасырдағы 80-жылдың соңы мен 90-жылдың басы. 86-ның ызғары басылып, еркіндіктің ерке самалы есіп, Тәуелсіздіктің арайлы таңы атып келе жатқан шақ. Ұлттың рухани тамырына қан жүгіріп, ел еңсесі еркін көтеріліп келе жатқан кез. Нәтижесінде, мектеп оқушылары арасында тарихымызды түгендеп, мәдениетімізді мәуелетіп, ән-жырымызды әуелетіп, әдебиетімізді әспеттеп, өнеріміздің өрісін кеңіткен сан түрлі шара өте бастаған. Солардың ішінде оқушылар арасындағы суырыпсалма ақындар айтысы да айшықтала түскен. Сөз басында еске алған «мама қаз» Дариға ұстазымыздың айналасынан бір сәт ұзап кетпейтін балапан балалар біз едік. Мұқағали ақынның қайын жұрты Шалкөде ауылынан бізден бір сынып жоғары оқыған Дәулет (мектеп бітірген жылы өмірден озып кетті) пен қазіргі таңда Алматы қаласында «Шалқар» радиосының аға редакторы қызметіндегі Бақыт Жағыпарұлы – үшеуміз екі аптада бір «Қарасаз, қайдасың?!» деп тартып отыратынбыз. Арасында ұстазымыз Мәулен ағайдың көк түсті «Урал» мотоцикліне қонжия қаламыз да, қас-қағымда Қарасудың бойындағы ауылға еніп кететінбіз. Қарасаздағы мектеп-интернатының меңгерушісі Дариға Саламатова ауылдағы өрен жүйріктердің басын қосып, мектеп бағдарламасынан тыс ақындар сыныбын ашқан. Соған көрші ауылдан арнайы келіп, апайдың тәрбиелеп отырған ақындарымен 3-4 сағат сөз сайыстырып қайтатынбыз. Сол кезде айтыстың сан түрін үйрендік. Біресе түре айтыс, бірде сүре айтыс жасап немесе қайым айтыспен бір-бірімізбен сөз таластырып, интернаттың ішін азан-қазан қылатынбыз. Көреременіміз де сол интернатта жататын қойшылардың балалары еді.
Интернаттың асханасынан бір шәугім шайын бермей жібермейтін. Шерхан ағамыз жазған соғыс кезінде ауыздарына бір үзімнен салатын «интернаттың нанын» біз бейбіт күнде осы Қарасаздан тоя жеп шығатынбыз. Екінті ауып, күн ұясына қарай еңкейген уақытта Қарасаздың көшесімен «мама қаздың» айналасында улап-шулап, ауыл сыртына беттейміз. Қарасудың бойында біздің ауылға бара жатқан көлікке салып жіберу үшін Дариға апай өзі де бірге келетін. Балалармен өткен әр сәтін тиімді пайдаланып үйренген аяулы ұстаз көше бойында ойынға айналған бізді шабыттандырып, бір тақырып беретін де, бір-бір шумақтан өлең шығартатын. Апайымыздың бұл қарекеті табанымызды босқа тоздырмай, қиялымызды алға оздырып, ой-көкпарға салудың бір амалы еді. Дайын болғанымызда кезек-кезек оқимыз, бас-аяғы бар, жұп-жұмыр өлеңге айналып шыға келетін. Бірде Қарасуға қолын салып жіберіп, қап-қара тасты алып шықты да: «Ал, ақындарым, жырлаңдар!» – деді. Саятшының білегінде тыпыршып тұрған бүркітті қырдың қызыл түлкісіне салып жібергендей күй кешкеніміз рас.
Қап-қара, ғажап, сиқырлы,
Қашпаңдар қара бояудан!
Қандырып уыз ұйқымды,
Қап-қара түннен оянғам,
– деген Мұқағали өлеңі санамызда жатталып қалғаннан ба, әлгі қара тасты таласа қолымызға алып, бірімізден кейін біріміз өзімізше сыр іздегендей үңіле қарап, өз пәлсапамызды қосып, барынша сырлы сөзбен ағартуға тырысатынбыз. Балалық аңғалдық-ай! Сол жерде қағазға түсіріп, сақтап қойсақ, бұл күнде балғын шағымыздың белгісіндей құнды жәдігер болып тұратын ба еді?! Кәнігі ақындардай төгіліп түспесе де, қаншама шымыр шумақтарымыз ауыл көшесі мен Қарасудың бойында шашылып қала берді екен десеңізші?! Осылайша талаптандырған «мама қаз» Дариға апай бізді үлкен өмірге қанаттандырып жіберген. Мектеп бітіріп, студент болып барғанда бәз-баяғы аңқылдаған қалпымен келіп, ботасын сағынған аруанадай маңдайымыздан емірене иіскейтін. Шаңырақ көтеріп, отау құрып барғанымызда да құшағын ашып, бауырына басатын. Өмірге перзентіміз келіп, әке болып кездескенде де, самай шашы ағарып, әжімі көбейе бастаған ұстазымыз баламызға әжесіндей мейірімін төккенін қалай ұмытармыз?! Күні кешеге дейін Мұқағали ақынның ауылында өткен қандай да бір шараға бара қалсақ, сол ыстық құшақ, сол мейірім бізді қарсы алатын. Бүгін ойлап отырсам, Дариға апайымыз үшін жақсы мағынасындағы «мәңгілік бала бейне» болып қала беріппіз ғой!
Өткен жылы Аспантау өңірімен іргелес жатқан Қарадаланың бір қара баласы, «бала болмай, балшық болғыр», Алаш сүйген ақиық ақынымызды қаралаймын деп талай жүректі жаралап алғаны естеріңізде шығар?! Баласының қателігі үшін Қарасаз ауылына барған нардай әкесі түйедей шөгіп, елдің алдында кешірім сұрап, еңкілдеп жылап еді. Сол сәтте ашуына мінген Дариға апам: «Әкел, мылтықты! Мұқағалиды қорлаған адамды өз қолыммен атып тастаймын», – деп арқыраған. Әлеуметтік желіде тарап кеткен бұл бейнеүзікке, ашуланса арыстандай айбаттанып кететін Дариға апайымды танымайтын бір бейбақ: «Кім анау, атып тастаймын деп айқайлап жүрген кемпір, қолынан келе қояр ма екен?» – деп пікір жазыпты. Бірден былай жауап бердік сол жерде: «Білмеген адамның артынан бұлай сөйлеуге болмайды! Ол құры айқайлап жүрген кемпір емес. Ол – Мұқағали ақынның қара өлеңінің құнын сары алтыннан да қымбат бағалаған ардақты жан. Мұқаңның халқына аманаттаған қасиетті өлеңінің қадірін арттырып, адалдық көрсеткен аяулы ана. Интернатта тәлімін алған қаншама ұл-қыздарды айтпағанның өзінде, Мұқағалидың Қарасазындағы тілі шыққан баладан еңсесі еңкейген кәріге дейін ақынның ақық жырларын санасында сақтатып, жүрегінде жаттатқан тәлімі мол ұстаз!»
Иә, шын мәнінде, Дариға Асылбекқызы ақын мұрасының шырақшысы бола білді. Туған жері – Қарасаздан соншалық алыс емес Көмірші ауылы. Теңін тауып, келін болып келген елінен екі елі ұзамай, сыйлы ғұмыр кешті. Көмірші демекші, Едіге ағамызға «әке», Дариға апайымызға «ана» деген атты сыйлаған тұңғышы, салтымыз бойынша үлкендердің, ата-апасының қолында өскен Құралай замандасым Бақытқа бір өлеңді жіберіпті. Ақ параққа өз қолымен жазылған. 75 жыл соққан ана жүрегі өмірінің соңғы аялдамасына жетіп қалғанын сезген сияқты ғой. Өңдеу, түзеусіз оқырманға ұсынып отырмын:
Түс көріппін… Көмірші екен…
Келмеп едім ауылға көптен бері,
Желпиді бетті көктемнің самал желі.
Алдымда осқырынып жер тарпып тұр,
Әкемнің мініп кеткен Ақтаңгері.

Мінбекке арғымаққа көңілім ауды,
Сипадым ақырын кеп майда жалды.
Сала алмай үзеңгіге аяғымды,
Қол созып ер-тоқымға мойным талды.

Кенеттен пайда болды бір ақсақал,
Бұйырды: «Үзеңгіге аяғың сал!»
Демеп бір отырғызып атқа мені,
Ұстатты қамшы орнына жас шыбық тал.

Шүу дедім, арғымағым алып ұшты,
Жас парлап екі көзден жалын құштым.
Қанат беріп аспанда қалықтатқан,
Сезгендей болдым сонда алып күшті.

Оянып кеттім… Бұл несі екен?!
Мазасыз бір күй кештім содан бері,
Айтуға тұра ма екен жеткен жерім?!
Бір алыс сапарларға шақырғандай,
Көңілімнің асау аттай Ақтаңгері!

Бақұлдасып кетіпсіз ғой! Мынау түсінген адамға қоштасу сөзі емес пе?! Төсек тартып жатып қалмай, масыл болып ешкімге салмақ салмай, өзіңіз тілегендей өліміңіздің де әп-сәтте келіп, алып кеткенін қараңызшы?! Осылайша ешкім күтпеген жерден тоқтай салды Дариға-жүрек!

Жұматай ОСПАНҰЛЫ,
«Құрмет» орденінің иегері

Жоқтау жыр

(Дариға Асылбекқызына)

Жаратылған жан едің шуақ нұрдан,
Қаралы хабарды естіп құлақ тұнған.
Еңіреп елмен бірге Елшенбүйрек,
Еңкілдеп емен-терек жылап тұрған.
Бәріңе көңіл айтам, сабыр-сабыр,
Қайғыны жеңер дәтке қуат қылған.

Ажалға әр пенденің шарасы аз-ды,
Төгілген көз жасынан дала саз-ды.
«Дариға-ай», дәрменім жоқ жұбатуға,
Қаралы жұрт, Қара су, Қарасазды.

Аяулы анасы едің «көп баланың»,
Еңбегің дара сенің, жоқтағаным.
Жаяу жүріп, жалықпай жандандырдың,
Жолын жалғап Жұмаштай текті ағаның.
Дариға әпке-ай, жеткізді-ау жел сыбырлап,
Дариға-жүрегіңнің тоқтағанын.

Үйретіп өнегеңмен әніңізді,
Бауырыңа басып едің бәрімізді.
Жаз дидарың айналып топыраққа,
Сенсіз биыл қарсы алдық сары күзді.

Ұстаздық ұлағатты атыңызды,
Өшірмес жарқын ізің жатыр ізгі.
Оқыдым да отырмын ойға батып,
Түс жайлы жазған өлең хатыңызды.

Толқытып түсіңдегі көңіл сыры,
Көргің келіп туған жер Көміршіні.
Ойлап бір сәт өткенді сағынғанда,
Кенет сынып кетті ме өмір-шыны?!

Бозарып, сені іздесем боз даладан,
Бозінгендей боздап тұр бозқараған.
Дариға дарқан көңіл, жаны ізгі еді,
Жалғанның жарығынан озған адам.

Жылытпай тұр жанымды күн шуағы,
Өксік буып, көмейім тұншығады.
Қарасазға келгенде қарсы алдымнан,
Құшағын айқара ашып кім шығады?!

Бақыт ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Шалқар» радиосының аға редакторы