Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Жайқалған күріші, тасыған ырысы

Жайқалған күріші, тасыған ырысы

30 қаралым

Балқаш ауданы Бақбақты ауылының Мәдениет үйінде Бақбақты күріш кеңшарының құрылғанына 60 жыл толуына орай салтанатты жиын өтті. Мерекелік шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов, мемлекет және қоғам қайраткері Тынышбай Досымбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасы көркем академиясының вице-президенті, Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Жанұзақ Мүсәпір, Халықаралық Д.Қонаев қорының вице-президенті Дәулетбек Жанботаев, Балқаш ауданы әкімі Азат Құтпанбетов, ауыл тұрғындары мен еңбек ардагерлері қатысты.

Шын мәнінде Бақбақты ауылының тарихы – ол осындағы күріш кеңша­рында маңдай терін төккен еңбек адамдарының тарихы. Кеңшардың іргесі қаланған алғашқы жылдардан бастап ауыл шаруашылығының дамуына, туған жердің түлеуіне талай азамат үлес қосты.
Құрметті қонақтар ең әуелі ауыл іргесінде орналасқан Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Алтынбай Сәтбаев атындағы саябақты аралады. Аталған саябақ еңбек ардагері әулетінің қамқорлығында. Мұнда 500-ге жуық ағаш отырғызылып, бүгінде жасыл желекке айналып, жайқалып тұр. Онан кейін көпшілік қауым Мәдениет үйіне кіре бергенде, өнерлі өрендер домбырамен күй күмбірлетті. Құрметті қонақтар «Өңірі нұрлы, өмірі сырлы құт мекен» атты өлкетану көрмесін тамашалады. Онда «Ғасырдың ұлы перзенті» бұрышында ұлы тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев туралы кітаптармен танысып, одан бөлек Балқаштан шыққан біртуар азаматтардың шығармашылығымен таным көкжиегін арттыра түсті. Сонымен қоса, көрмеге «ПК Динара» ЖШС-нің ауылшаруашылық өнімдері де ұсынылған. №1 Жамбыл атындағы орта мектебі оқушыларының қолынан шыққан түрлі қолсөмке, моншақтардан тоқылған көзтартарлық ыдыс-аяқтар, киізден жасалған суреттер, әртүрлі қолөнер бұйымдары, «Хан» қыш орталығының қыш құмыралары көпшілік қауымды тәнті етпей қоймады. Көрменің әң әсерлі сәті – жүн сабап, келі түйіп, диірмен тартып, күбі піскен әжелер болды. Иісі қазақы Бақбақты ауылының мұндай көрмесіне барлығы да таңырқай қарады.


Бұдан кейін жұрт асыға күткен мерекелік жиынға да кезек берілді. Шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнімен басталып, Отан үшін шейіт болған жас сарбаздар рухына дұға жасалды. Салтанатты шараның шымылдығын түрген облыс әкімінің бірінші орынбасары Қанат Болатұлы жиылған қауымға облыс әкі­мі Шыңғыс Әріновтің құттық­тауын жеткізді.
– Бақбақтының тарихы адал еңбек ұғымымен тығыз байланысты. Кеңшардың іргесін қалаған аға буын тың жерді игеріп, күріш шаруашылығының өркендеуіне жол ашты. Сол қажырлы еңбектің арқасында елдімекен өркендеп, ақ күрішпен танылды. Бүгінде тұрғындар осы игі дәстүрді жалғастырып, туған өлкенің дамуына қызмет етуде. Ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі мен тынымсыз еңбегінің арқасында Бақбақты жылдан-жылға көркейіп келеді, – деп мерейлі белеске жетуге үлес қосқан ардагерлер, еңбек­керлер мен барша тұрғындарға алғысын айтты. Сонымен қоса ақ күріштің алқабы жайқалып, ауылдың ынтымағы мен берекесі арта берсін деген ақжарма тілегін арнады.


Мұнан кейін сөз Ауыл ша­руашы­лығының үздігі, Балқаш ауда­ны­ның Құрметті азаматы Сапарғали Сәтбаевқа беріліп, ол ауылдың 60 жыл­дық мерейтойын ұйымдастыру барысына тоқталды.
– Жиынның мән-жайынан өздеріңіз хабардарсыздар. Осы іс-шараны қолға алу жөнінде ақпан айынан бастап кірістік. Ең бірінші Балқаш ауданы әкімдігінің келісімін алдық. Осында үлкен-кішіміз, жан-жақтағы ауыл, ауданның азаматтары бар, барлығына хабарласып, екі күнді мереке етіп белгілеген едік. Сол мерекеге бүгін аман-есен жетіп, бас қосып отырмыз, – деді Сапарғали Алтынбайұлы. Сонымен бірге ол Маңғыстау облысындағы қайғылы жағдайға байланысты гала-концерттік бағдарламаның кейінге шегерілгенін де тілге тиек етті. Бақбақты күріш кеңшарының құрылуына, онда еңбек сіңірген азаматтар жайлы да әңгіме өрбітті. Мерейтойдың өтуіне демеушілік көр­сеткен кәсіпкер-меценат Нарымбет Әбдібаев пен Бақыт Атайбековке, зейнеткерлерге алғысын айтты. Оның ішінде Зейнекүл Азанбаеваға ерекше ризашылығын білдірді. Бұдан кейін Бақбақты ауылының жас өрендері сахна төріне көтеріліп, туған жерге деген махаббатын өлең-жырмен өрнектеді.


Жиында мемлекет және қоғам қайраткері, Бақбақты ауылының тарихы жазылған «Бақбақты тарих толқынында» атты кітаптың авторы Тынышбай Досымбеков сөз алып, кітаптың жазылу барысына тоқталды.
– Бұл кітапты жазу ауданның Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Сапарғали Сәтбаевтың бастамасымен қолға алынды. Сондықтан ақылдастар алқасының төрағасына сол кісіні тағайындадық. Ал алқа мүшелері кеңшардың басынан бастап, бүгінгі күнге дейін арамызда жүрген, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Нұрсейіт Сарбасов, ауыл әкімі Ермек Өнербеков, ауылдық қоғамдық кеңестің төрағасы Садық Үркімбаев, зейнеткер Дина Әзімшайықова, еңбек ардагері Нұршан Оматаев, ауылдық қоғамдық кеңес мүшесі Ғалымжан Жұмаділов, ақсақалдар кеңесінің мүшесі Сапарғали Сапаралиев болды, – деді ол.
Осыдан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары Қанат Болатұлы, Өмірәлі Қопабаев, Нұрсейіт Сарбасов сахнаға көтеріліп, «Бақбақты тарих толқынында» атты кітаптың тұсауы кесілді. Мерекелік шара соңында Бақбақты ауылына арналған, жергілікті ақын Шұға Смағұлованың сөзіне жазылған «Бақ мекенім – Бақбақтым» әнін Халықаралық Д.Қонаев қорының вице-президенті Дәулетбек Жанботаев орындады.
Бақбақты ауылында келесі күні де мерекелік шара жалғасын тауып, ұлттық ат спорты – бәйге жарысы өтті. Тай бәйге бойынша ІІІ орынға желтораңғылық Руслан Игняевтің «Ақтаңгер» есімді тайы тұрақтаса, ІІ орынды Береке ауылынан Мәди Шормановтың «Қызқара» тайы, жүл­делі І орынды бақбақтылық Дархан Бұлдыбаевтың «Миллион» атты тайы ұтты. Топ жарған тұлпардың иесіне квадроцикл тарту етті.
Ал топ бәйгеде ІІІ орыннан Беріктас ауылынан келген Ұлан Омаровтың «Асылторысы», ІІ орыннан Бақбақты ауылынан Сапарғали Сатпаевтің «Бекарысы» көрінді, Жетісу облысынан Жәңгір Нұралиевтің «Белла» тұлпары топ жарып иесіне автокөлік сыйлады. Аудандық ішкі аламан бәйгеде Қараой ауылынан Бақытжан Қамзиннің «Тарланкөгі» жүйрік келіп, иесіне темір тұлпар тарту етті. Ал ашық аламан бәйгеде ІІІ орыннан талдықорғандық Ердәулет Бағдаттың «Жетісу» тұлпары көрінді, екінші болып Тұрар ауылының тұрғыны Иман Рақышевтың «Фердаус» тұлпары келді. Ал Сапарғали Сәтбаевтың «Шалқұйрық» тұлпары жүлделі І орыннан көрініп, иесіне автокөлік сыйға тартылды. Айта кетейік, «Шалқұйрықты» жеңіске жетелеген шабандоздар Жамбыл Бөбекбай мен Мерей Гарифуллин болды.
Бәйге соңында кіл мықты атан­ған шабандоздардың бірі Мерей Гарифуллинмен тілдескенімізде, ол бәйгеден оқ бойы оза шауып, бірінші келетінін сезгенін айтты. Желдей ескен «Шалқұйрығынан» бір сәтке де күмәнданбағанын айтты. Сірә, нағыз шабандоз осылай жауап берсе керек-ті.
Осылайша бақ дарыған Балқаштағы Бақбақтының 60 жылдық мерейтойы ел тарихын ұлықтаған, еңбек адамын ардақтаған, ұлттық дәстүрді дәріптеген айтулы шара болды. Алпыс жыл тарих үшін бір сәт болғанымен, адам ғұмыры үшін үлкен кезең. Осы уақыт ішінде Бақбақты ауылы талай өзгерісті бастан кешіп, талай ұрпақтың тағдырын тоғыстырды.

Алтынай СЕЙІТКЕН

Бақбақты ауылы,
Балқаш ауданы

↑