Телефонға келген бір хабарлама, әлеуметтік желідегі жарнама немесе мессенджердегі бейтаныс қоңырау адамның қаржылық қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін. Интернет-алаяқтар адамдардың сенімін, асығыстығын және тез пайда табуға деген қызығушылығын пайдаланады.
«Ақшаңызды көбейтеміз», «тәуекелсіз жоғары табыс», «қазір ғана тиімді ұсыныс» деген уәделердің артында қаржылық алаяқтық схемалары тұруы ықтимал. Әсіресе жаңа қатысушылардың қаражаты бұрын кірген адамдарға төленетін қаржы пирамидаларынан сақ болған жөн.
Бейтаныс сілтемеге өтпеу, банк картасының деректерін, SMS-кодтарды ешкімге айтпау, күмәнді инвестициялық ұсыныстарды тексеру – қарапайым, бірақ маңызды әдеттер.
Цифрлық әлемде ақша аудару үшін бірнеше секунд жеткілікті. Ал жоғалған қаражатты қайтару әлдеқайда қиын болуы мүмкін. Сондықтан интернеттегі кез келген ұсынысқа бірінші эмоциямен емес, тексерумен жауап берген дұрыс.
Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ
