Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Шеңгелдіде заңсыз қоқыс үйінділері жойылып, 1200 тонна қалдық шығарылды

Шеңгелдіде заңсыз қоқыс үйінділері жойылып, 1200 тонна қалдық шығарылды

71 қаралым
Сурет: https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl-qonaev/press/news/details/1301860?lang=kk

«Таза Қазақстан» акциясы Шеңгелді ауылдық округінде жалғасуда. Елдімекендер аумағында жылдар бойы жиналған заңсыз қоқыс үйінділері кезең-кезеңімен тазартылып, бүгінгі таңда жалпы 1200 тонна қалдық шығарылды.

Бұған дейін Кербұлақ пен Сарыбұлақ ауылдарындағы стихиялық қоқыс орындары тазартылса, қазір жұмыстар Ақөзек елдімекенінде жүргізіліп жатыр. Заңсыз қоқыс орындары геопортал арқылы анықталып, белгіленген аумақтар толықтай тазартылған.

«Жалпы, соңғы он жылда жиналған 1200 тонна қоқыс шығарылды. Геопортал арқылы анықталған заңсыз қоқыс үйінділерінің барлығы жойылды», – деді Шеңгелді ауылдық округі әкімінің орынбасары Жомарт Аимбетов.

Оның айтуынша, тазалық тек елдімекендермен шектелмейді. Туристік маусым кезінде сорғы станцияларының аумақтары мен жағалау белдеуі тұрақты түрде тазартылып отырған.

«Күнделікті ауылдарды тазартуға 3 техника және 20-ға жуық қызметкер тартылған. Бұл жұмыстар аумақтың санитарлық жағдайын тұрақты бақылауда ұстауға мүмкіндік береді», – деді ол.

Сонымен қатар тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару жүйесі де жолға қойылған. Шеңгелді ауылдық округінің тұрғындары «Қонаев Көркейту» мекемесімен келісімшарт жасасып, қоқысты үйлерінен арнайы техника арқылы шығара алады. Қызмет ақысы – бір тұрғынға айына 539 теңге. Зейнеткерлер мен мүгедектігі бар азаматтарға жеңілдіктер қарастырылған.

Округ әкімдігі заңсыз қоқыс орындарының қайта пайда болуына жол бермеу үшін тұрғындарды қоқысты белгіленген тәртіппен шығаруға шақырады.

↑