Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Алматы облысындағы өзекті мәселелер талқыланды

Алматы облысындағы өзекті мәселелер талқыланды

72 қаралым

           Облыс әкімдігінің мәжіліс залында облыстық мәслихаттың кезекті LVІ сессиясының отырысы өтті. Онда өңірдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық өміріне қатысты бірқатар маңызды мәселе қаралды. Депутаттар мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылу барысынан бастап, қоғамдық қауіпсіздік, жол инфрақұрылымы, бюджет, жер қатынастары және жануарларды ұстау мәселелеріне дейінгі өзекті бағыттарды талқылады. Облыстық мәслихаттың төрағасы Қуат Байғожаев жүргізген сессия жұмысына облыс әкімі Шыңғыс Әрінов, құқық қорғау органдарының басшылары, облыстық басқармалар мен департаменттердің жетекшілері қатысты. Сонымен қатар қала және аудан әкімдері мен мәслихат төрағалары онлайн режимде қосылды.

        Сессияның күн тәртібінде өзекті сегіз мәселе қаралды. Алғашқы кезекте облыстағы мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылу барысы жөнінде облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Мәди Ахметов баяндама жасап, атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерге тоқталды. Ол өз сөзінде:

– Бүгінде өңірде 14-35 жас аралығындағы 432 мыңнан астам жас бар. Бұл облыс тұрғындарының шамамен 28 пайызы. Демек әрбір төртінші тұрғынның тағдыры мен талабы осы жастар саясатының тиімділігіне тікелей байланысты. Соңғы жылдары қолға алынған жүйелі жұмыстың нәтижесінде жастар арасындағы өзекті мәселелердің бірі – NEET санатындағы жастардың саны едәуір азайды. Егер 2023 жылы бұл көрсеткіш 45,9 мың адам болса, биыл тамыз айында 15 775-ке дейін төмендеген. Яғни үш жыл ішінде шамамен 63 пайыздық оң динамика қалыптасты. Жыл басынан бері 9 854 жас мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмыспен қамтылған, – деп жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, өз қабілетін дамытуына жағдай жасау ешқашан назардан тыс қалмағанын жеткізді.

Басқарма басшысы соңғы екі жылда бірқатар ауданда заманауи жастар орталықтары ашылып, Қонаев, Іле, Ұйғыр және Талғар аудандарында коворкинг кеңістіктер іске қосылғанын сөзіне қосты. Бұл орындарда жастар құқықтық және психологиялық кеңес алып, жұмыс пен кәсіптік бағдар бойынша білімін жетілдіретінін айтты. Жыл басынан орталықтарға 13 800 жас жүгініп, 9 200-ден астамының мәселесі оң шешімін тапқан. Баяндамадан соң депутаттар басқарма есебін назарға алды.

         Күн тәртібіндегі келесі мәселе – облыста діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жұмыстары туралы облыстық дін істері басқармасының басшысы Ерғали Көшеке баяндама жасады. Ол діни экстремизм мен терроризм идеологиясының алдын алу, әсіресе оның интернет арқылы таралуына тосқауыл қою мәселесіне басымдық берілгенін айтты. Есептік кезеңде облыста 37 мыңнан астам адамды қамтыған 687 ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы өткізіліп, оның ішінде жастарға бағытталған 227 шараға 18 мыңға жуық жас қатысқан. Интернет кеңістігіндегі профилактикалық жұмысты күшейту мақсатында әлеуметтік желілерде 2542 материал жарияланып, олар 32 миллионға жуық қаралым жинаған. Сонымен қатар «Цифрлы теолог» жобасы іске қосылып, WhatsApp пен Telegram арқылы жұмыс істейтін «Рухани ұстаз» чат-боты пайдалануға берілген. Интернет мониторингі барысында заңсыз ақпарат белгілері бар 456 сілтеме анықталып, оның 137-сі бұғатталған. Деструктивті діни ағымдарға қатысты парақшаларға тіркелген 3653 азаматқа ескерту сипатындағы SMS жолданып, 2305 адаммен кері байланыс орнатылған. Бұдан бөлек, имамдар, мұғалімдер, полиция қызметкерлері мен теологтардың біліктілігін арттыруға бағытталған оқыту жұмыстары жүргізілуде. Басты міндет – заңсыз діни ақпаратты анықтап, бұғаттаумен ғана шектелмей, азаматтардың діни сауатын арттыру арқылы деструктивті идеологияның алдын алу. Бұл бағыттағы жұмыстар жөнінде депутаттар өңірдегі ахуалға қатысты мәліметтерді тыңдап, атқарылып жатқан профилактикалық жұмыстарды назарға алды.

         Сессияның күн тәртібіндегі келесі мәселе облыстың жол инфрақұрылымына арналды. Облыстық және аудандық маңызы бар жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын, сондай-ақ елдімекендердегі көшелерді дамыту және күтіп-ұстау жұмыстарының барысы жөнінде облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Алмас Нақыпбаев есеп берді. 2022-2025 жылдары өңірде 2 986,6 шақырым автомобиль жолында құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 82 пайыздан 88 пайызға дейін өскен. Биыл бұл көрсеткішті 89 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. 2026 жылы облыста 978,2 шақырым жолды қамтитын жөндеу жобалары қарастырылып, оның ішінде облыстық және аудандық деңгейдегі жолдарға да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар жолдарды күтіп-ұстау және қауіпсіздікті арттыру бағытында 900 шақырым жол таңбасы жаңартылып, 500 жол белгісі мен 52 автобус аялдамасы орнатылған. Аудандық деңгейде көше-жол желісін жөндеуге арналған 164 жоба жүзеге асырылуда, оның 430,1 шақырымындағы жұмыс аяқталған. Жалпы баяндамада жол сапасын кезең-кезеңімен жақсарту, тозған учаскелерді жаңарту және тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қозғалысына жағдай жасау негізгі міндет ретінде айқындалды. Өз кезегінде депутаттар жолдарды жөндеу, күтіп-ұстау және дамыту жұмыстарының орындалуына қатысты есепті тыңдап, тиісті шешімді назарға алды.

        Күн тәртібіндегі келесі мәселелер – өңіріміздің 2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджеті мен 2026-2030 жылдарға арналған даму жоспарына өзгерістер енгізу бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Асылан Ораз баяндады. Ол өз сөзінде өңірдегі су шаруашылығы нысандарын жаңғыртуға бағытталған бірқатар жобаны іске асыру бойынша ақпарат тарқатты. Атап айтқанда, Талғар ауданындағы «Саз-Талғар-2а» бөгеті мен Қарасай ауданындағы «Октябрь №1» су қоймасын күрделі жөндеу, «Жармұхамбет» жағалауын бекіту және «Баянкөл бөгетін салу» жобалары бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу жоспарланған. Сонымен қатар Еңбекшіқазақ ауданындағы суару желілерін реконструкциялау көзделуде. Бұл жобалардың негізгі мақсаты – су инфрақұрылымының жағдайын жақсартып, ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз етудің тұрақтылығын арттыру. Әсіресе суару кезінде судың ысырап болуын азайтуға басымдық беріліп отыр. Нәтижесінде су тасымалдайтын арналардағы ауыл шаруашылығына арналған су шығынын 2026 жылғы 47 пайыздан 2030 жылға қарай 30 пайызға дейін төмендету жоспарлануда. Аталған екі мәселе бойынша да депутаттар тиісті шешім қабылдады.

       Сессия отырысында жер қатынастары мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті, яғни ең жоғары мөлшерін белгілеу жөнінде Үкіметке ұсыныс енгізу мәселесі қаралды. Бұл туралы облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Аманжол Әбдірахманов баяндама жасады. Депутаттар ұсынысты қолдап, тиісті шешім қабылдады.

     Суреттерді түсірген – Мұхтар ӘУКЕН

Күн тәртібіндегі соңғы екі мәселе үй жануарларын ұстау және қараусыз қалған жануарларға қатысты тәртіпті реттеуге арналды. Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Бауыржан Дәрібаев үй жануарларын ұстау және серуендету қағидаларына, сондай-ақ жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қағидаларына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жөнінде сөз қозғады. Басқарма басшысы ұсынылып отырған түзетулерде жануар иелерінің міндеттері мен жауапкершілігін нақтылап, қоғамдық орындарда үй жануарларын ұстау және серуендету талаптарын күшейту көзделгенін айтты. Сонымен қатар серуендету және үйрету алаңдарын белгілеу арқылы жануарларды қауіпсіз ұстауға жағдай жасау қарастырылуда. Қаңғыбас және иесіз жануарларға қатысты аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру жұмыстарының тәртібі де қайта нақтыланады. Бұл функцияларды аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына беру арқылы жұмысты жедел әрі жергілікті жағдайға бейімдеу көзделіп отыр. Әсіресе жануардың агрессивті болуы, адамдарға қауіп төндіруі немесе топтасып жүруі сияқты жағдайларда шұғыл ден қою тетіктерін нақтылау мәселесіне мән берілген. Жалпы өзгерістердің негізгі мақсаты – жануарларды есепке алу мен бақылауды күшейтіп, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бұл бағыттағы жұмысты заң талаптарына сай жүйелеу. Аталған мәселелердің әрқайсысы депутаттардың қарауына жеке ұсынылып, тиісті шешімдер қабылданды.

          Сессия соңында сөз алған облыс әкімі Шыңғыс Сайранұлы жиын барысында көтерілген мәселелер мен қабылданған шешімдер алдағы кезеңдегі жұмыстардың негізгі бағыттарын айқындауға мүмкіндік беретінін айтты.

– Бүгінгі отырыста облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатының артуына тікелей қатысы бар маңызды мәселелер қаралды. Қабылданған шешімдер, енгізілген өзгерістер мен толықтырулар қолданыстағы нормаларды жетілдіруге, өзекті мәселелерді тиімді шешуге және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Ендігі кезекте қабылданған міндеттердің сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз етуіміз қажет, – деп сөзін түйіндеді.

Құралбек СӘБИТОВ

↑