Перейти к содержимому

Заңға құрмет түсініктен басталады

34 қаралым

Құқықтық мәдениетті қалыптастыруда отбасының орны ерекше. Бала заңға деген алғашқы түсінікті отбасынан алады. Үлкендердің қоғамдық тәртіпке көзқарасы, өзгенің құқығына құрметі, дау-дамайды өркениетті жолмен шешуі балаға тікелей әсер етеді. Сондықтан ата-ана баласына тек «тәртіпті бол» деп айтуымен шектелмей, оның не үшін тәртіп сақтау керектігін түсіндіруі қажет.

Бұл бағытта білім беру ұйымдарының да атқарар рөлі зор. Мектеп қабырғасында оқушы өзінің құқықтары мен міндеттерін біліп қана қоймай, жауапкершіліктің мәнін түсінуі керек. Өз пікірін заң шеңберінде білдіру, басқа адамның көзқарасын сыйлау, буллингке жол бермеу, қоғамдық мүлікке ұқыпты қарау сияқты құндылықтар жасөспірімнің құқықтық мәдениетін қалыптастырады.

Құқықтық сауаттылықтың төмендігі кей жағдайда адамның өзі білмей заң бұзуына немесе алаяқтардың құрбаны болуына әкелуі мүмкін. Сондықтан кез келген азамат күмәнді ұсынысқа бірден сенбей, ақпаратты тексеріп, құжаттың мазмұнына мұқият қарап, қажет жағдайда заңгерлік кеңес алғаны жөн. «Білмедім» деген себеп заң алдындағы жауапкершіліктен әрдайым босата бермейді. Сол себепті заң талаптарын алдын ала білу – кейінгі мәселеден әлдеқайда тиімді қорғаныс.

Сонымен бірге өз құқығын талап ету мен өзгенің құқығын бұзудың ара-жігін ажырата білу қажет. Азаматтың өз пікірін білдіруге, әділетті талап етуге құқығы бар. Бірақ бұл әрекет басқа адамдардың қауіпсіздігіне, ар-намысына немесе заңды мүддесіне зиян келтірмеуі тиіс. Құқық пен жауапкершілік әрдайым қатар жүреді.

Қоғамдағы заң мен тәртіптің орнығуы тек жазалау шараларына байланысты емес. Ең бастысы – азаматтардың заңды ішкі қажеттілік ретінде қабылдауы. Егер адам бақылау болмаған кезде де тәртіп сақтаса, қоғамдық мүлікке жанашырлықпен қараса, жол ережесін полициядан қорыққандықтан емес, өзінің және өзгенің қауіпсіздігі үшін орындаса, бұл – құқықтық мәдениеттің қалыптасқанының белгісі.

Заңға құрмет – қорқыныштан емес, саналы түсініктен басталуы керек. Әр азамат «маған не береді?» деген сұрақпен қатар «мен қоғам алдындағы міндетімді қалай орындап жүрмін?» деген сауалды да өзіне қоюы қажет. Өйткені қоғам – жеке адамдардан құралады. Бір адамның жауапсыздығы кейде бірнеше адамның қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін.

Бүгінде «Заң мен тәртіп» қағидатының мәні де осында. Заң талаптарын сақтау – мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Құқығын білетін, міндетін түсінетін, өз әрекетіне жауап бере алатын азамат көбейген сайын қоғамдағы сенім де нығая түседі.

Заң – баршаға ортақ. Оның талаптары адамның қызметіне, әлеуметтік жағдайына немесе қоғамдағы орнына қарамастан бірдей сақталуы тиіс. Әділетті қоғам құрудың берік негізі де – осы ортақ жауапкершілік.

Сондықтан заңды білу – қажеттілік, оны сақтау – азаматтық міндет, ал өзгенің құқығын құрметтеу – адамгершіліктің көрінісі. Қоғамдағы тәртіп әр адамның өзінен басталғанда ғана заң үстемдігі берік орнығады.

Ерзат АСЫЛ

↑