Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / БОЛАШАҚ ОФИЦЕРЛЕРГЕ БАҒЫТ-БАҒДАР БЕРГЕН КЕЗДЕСУ

БОЛАШАҚ ОФИЦЕРЛЕРГЕ БАҒЫТ-БАҒДАР БЕРГЕН КЕЗДЕСУ

167 қаралым

6654 әскери бөлімінің әскери қызметшілері оқушылар арасында әскери мамандықты насихаттау жұмыстарын жүргізді

Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, олардың бойында патриоттық рухты қалыптастыру және әскери мамандыққа деген қызығушылығын арттыру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Осы бағытта Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 6654 әскери бөлімінде жастарға кәсіби бағдар беру жұмыстарына ерекше көңіл бөлінуде.

Жуырда Қонаев қаласындағы орта арнайы гимназияның 250 оқушысына Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының академиясына оқуға түсу мүмкіндіктері жөнінде үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді.

Іс-шараға 6654 әскери бөлімінің лейтенанты Бедельбай Диас Қайратұлы, рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары, сондай-ақ Ұлттық ұлан академиясының курсанты Кадыров Асылхан Серікұлы қатысты.

Кездесу барысында оқушыларға Ұлттық ұлан академиясына қабылдану талаптары, әскери білім алудың артықшылықтары, курсанттардың күнделікті тыныс-тіршілігі және болашақ офицерлердің алдында тұрған жауапкершіліктер туралы мәліметтер берілді. Әскери қызметшілер жастардың сұрақтарына жауап беріп, Отанға қызмет етудің маңыздылығын түсіндірді.

Әсіресе, академия курсанты Асылхан Кадыровтың өз тәжірибесімен бөлісуі оқушылар үшін ерекше қызығушылық тудырды. Мұндай кездесулер жас буынның әскери мамандық туралы түсінігін кеңейтіп қана қоймай, олардың болашақ мамандық таңдауда дұрыс шешім қабылдауына ықпал етеді.

Сонымен қатар аталған іс-шара аясында лейтенант Бедельбай Диас Қайратұлы мен курсант Кадыров Асылхан Серікұлы «Қонаев медиа» телеарнасына сұхбат берді. Сұхбат барысында әскери оқу орнына түсу мүмкіндіктері, әскери білімнің маңызы және жастарды әскери-патриоттық бағытта тәрбиелеу мәселелері сөз болды.

Ұлттық ұлан қатарында қызмет ету – үлкен жауапкершілік пен жоғары тәртіпті талап ететін абыройлы міндет. Ал болашақ офицерлерді даярлау – елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және әскери дәстүрлердің сабақтастығын сақтауға бағытталған маңызды қадам.

Осындай игі бастамалар жастардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті нығайтып, әскери қызметті саналы түрде таңдауға жол ашады.

Отанға қызмет ету – әр азаматтың абыройлы борышы!

↑