Перейти к содержимому
Басты бет / Заң және тәртіп / Алатау қаласында «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда

Алатау қаласында «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда

140 қаралым

«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында Алматы облысы Алатау қаласының аумағында 5 қазан мен 5 қараша аралығында «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың мүлкін қорғау және тұрғын үйлердің қауіпсіздік деңгейін арттыру.
Іс-шара аясында учаскелік полиция инспекторлары тұрғын үй секторында профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Атап айтқанда, тұрғын үйлер мен оларға іргелес аумақтар тексеріліп, кіреберіс есіктердің, құлыптардың, терезелердің және өзге де қауіпсіздік құралдарының жай-күйі зерделенуде.
Сонымен қатар тұрғындарға пәтер ұрлығы мен басқа да мүліктік қылмыстардың алдын алу жолдары түсіндіріліп, күзет дабылдарын, бейнебақылау камераларын және өзге де техникалық қауіпсіздік құралдарын орнатудың маңыздылығы жеткізілуде.
Полиция қызметкерлері профилактикалық есепте тұрған, бұрын сотталған және құқықбұзушылық жасауға бейім тұлғаларды тексеріп, құқықбұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және оларды жою бағытында тиісті шаралар қабылдауда.
Бұдан бөлек, тұрғындармен, ОСИ, КСК және үй комитеттерінің өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылып, тұрғын үйлердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқылануда.
Іс-шара барысында пәтер ұрлығының, тұрғын үйге заңсыз кірудің, мүлікті ұрлаудың және тұрғын үй секторында жасалуы мүмкін өзге де құқықбұзушылықтардың алдын алуға ерекше назар аударылуда. Анықталған кемшіліктер бойынша тиісті шаралар қабылданып, азаматтармен жеке профилактикалық және түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Полиция тұрғындарды өз үйлерінің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға, есік-терезелердің сенімді жабылуын қадағалауға, мүмкіндігінше бейнебақылау жүйелерін орнатуға және күмәнді жағдайлар байқалған кезде полицияға хабарлауға шақырады.


Асқар ЖҮСІПОВ

Алатау қаласы

↑