Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Алматы облысында «Өрлеу» бағдарламасы аясында 9,5 млрд теңгені құрайтын 12 жобаға қолдау көрсетілді

Алматы облысында «Өрлеу» бағдарламасы аясында 9,5 млрд теңгені құрайтын 12 жобаға қолдау көрсетілді

165 қаралым

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту – еліміздегі ең маңызды мәселенің бірі. Бүгінде шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында түрлі жоба қолға алынып келеді. «Даму» қоры – еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың негізгі институты. Биыл қазан айына дейін Алматы облысындағы 130-дан аса кәсіпкер «Даму» қорынан қолдау тауып, кәсібін дөңгелеткен. Аймақтық БАҚ өкілдеріне ұйымдастырылған баспасөз туры аясында мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланған бірқатар кәсіпорының қызметімен таныстық.


Кәсіп ашып, өнім шығарып, іске бет бұрғысы келген жандарға әркез қолдау табылады. Кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беретін бағдарламалар да жеткілікті. «Даму» қорының Алматы облысы бойынша аймақтық филиалының директоры Бақытжан Исақовтың айтуынша, аталған қор екінші деңгейдегі банктер арқылы жеке кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыруға, пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауға, банктер алдында кепілдіктер беруге, лизингтік мәмілелерді және микрокредиттік ұйымдарды жеңілдікпен қаржыландыруға, сондай-ақ, қаржылық емес қолдау көрсетуге қолұшын береді. Өткен жылы жеңілдетілген несие беру аясында «Өрлеу» бағдарламасы жүзеге аса бастаса, биыл жаңадан «Іскер аймақ» бағдарламасы іске қосылған.

«Ең алдымен «Өрлеу» бағдарламасы туралы айтып өтсем, онда 10 жылға дейінгі мерзімге 7 миллиард теңгеге дейінгі инвестициялық несиелерді және үш жылға дейінгі мерзімге 3,5 миллиард теңгеге дейінгі айналым қаражатын толықтыруға арналған қарыздарды ұсынады. Өтінімдер бес банк арқылы қабылданады. Бұл қатарда «Halyk Вank», «ЦентрКредит», «Фридом банк», «ForteBank» бар. Алматы облысында осы бағдарлама бойынша жалпы несие сомасы 9,5 млрд теңгені құрайтын 12 жобаға қолдау көрсетілді. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібі, көлік және қойма салу, туризм, білім беру, денсаулық сақтау салаларына басымдық берілді. Ал «Іскер аймақ» бағдарламасы микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне арналған. Қатысушылар қатарына ауыл шаруашылығы кооперативі нысанындағы заңды тұлғалар және әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері де енгізілген. Жобалардың көпшілігіне басым қызмет түрлерінің тізбесі қолданылады. Оған азық-түлік, тоқыма, киім, ағаш және қағаз бұйымдары, химия өнімдері, дәрілік заттар, резеңке және пластмасса бұйымдары, жиһаз және құрылыс материалдарының жекелеген түрлерін өндіру кіреді. Бағдарлама бойынша номинал сыйақы мөлшерлемесі Қазақстан Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесіне 4 пайыздық тармақ қосу арқылы белгіленеді. Қатысушылардың көпшілігі үшін номинал мөлшерлеменің 40%-ы, әлеуметтік кәсіпкерлер үшін 50%-ы субсидияланады. Бұл мөлшерлемені 40 немесе 50 пайыздық тармаққа азайту деген сөз емес. Қор номинал мөлшерлеменің белгілі үлесін төлейді, қалған бөлігін қарыз алушы өтейді. Ресми шарт бойынша кәсіпкерге түсетін түпкілікті мөлшерлеме 12,6%-дан төмен болмауы керек. Инвестициялық жобаны іске асыру мерзімі субсидиялау басталған күннен бастап 24 айдан 18 айға қысқарды. Заңнамадағы елеулі өзгерістер немесе күтпеген техникалық, экономикалық және өндірістік жағдайлар болса, мерзімді ең көбі алты айға ұзартуға болады. Инвестициялық жоба бойынша әр 100 млн теңге несиеге жаңа жұмыс орны ашылуы керек, бірақ әр жоба бойынша кемінде бір жұмыс орны құрылуға тиіс. Нәтиже қолдау алынған жылдан кейінгі екі қаржы жылының қорытындысымен бағаланады. Сонымен бірге субсидиялау аяқталғанға дейін кіріс жыл сайын жинақталған инфляция деңгейінен кем емес мөлшерде өсуі қажет. Қазірге дейін Алматы облысында «Іскер аймақ» бағдарламасы бойынша 1,5 млрд теңгеге жуық 17 жоба қолдау тапты. Қазан айына дейін несие портфельдері бойынша жалпы сомасы 22,632 миллиард теңгені құрайтын 112 кепілдік келісімшартына қол қойылды, оның ішінде Қордың кепілдігі 13,038 миллиард теңгені құрады. Жобалардың ең үлкен үлесі ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы және балық шаруашылығы салаларына тиесілі»,– деді «Даму» қорының аймақтық филиалының директоры Бақытжан Исақов.

Суреттерді түсірген – Аслан ҚАЖЕКЕ

Ерзат АСЫЛ

↑