Қонаев қаласында «World Cleanup Day – 2026» халықаралық экологиялық акциясы мен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында тазалық шарасы ұйымдастырылды. Қала аумағының үш бөлігін қамтыған сенбілікке 500-ге жуық адам қатысып, 650 қап қоқыс жиналды.

Қонаев қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен экологиялық акция №7 саяжайда, 10-шағынауданда және Абай көшесінде ұйымдастырылды. Оған волонтерлер, қала тұрғындары мен басқарма қызметкерлері белсене атсалысты.

Шараның негізгі мақсаты – қоршаған ортаны таза ұстау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және табиғатқа деген жауапкершілікті арттыру.
Тазалық жұмыстары жүргізілген аумақтардың бірі – Қонаев қаласына қарасты №7 саяжай. Мұнда сенбілік басталмас бұрын қатысушыларға қолғаптар мен арнайы қоқыс қаптары таратылып берілді. Бұдан кейін олар саяжай аумағын тұрмыстық қалдықтардан тазартып, қоршаған ортаның көркеюіне үлес қосты.

Сенбілік барысында Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Дулатбек Серікұлымен тілдесіп, экологиялық акцияның маңызы туралы сұрадық. Оның айтуынша, мұндай шаралар қоршаған ортаны қорғаумен қатар, тұрғындардың табиғатқа деген жанашырлығын арттыруға ықпал етеді.
– «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынды. Сенбіліктер қоршаған ортаны қорғауға, тазалықты сақтауға және экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған. Бұл – халқымыздың рухани тазалығымен де сабақтас маңызды іс. Сондықтан басқарма қызметкерлерімен бірге апта сайын осындай сенбіліктерге белсене атсалысамыз. Тазалық әр адамның өзінен басталады. Сол себепті тазалық жұмыстарына қатысып, табиғатты аялауға үлес қосу – біздің парызымыз, – деді Дулатбек Серікұлы.

«Green School» жобасы аясында өткен экологиялық акцияның нәтижесінде 650 қап қоқыс жиналды. 500-ге жуық адамның ортақ іске жұмылуы тұрғындардың қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілігін танытты.
Тазалық – баршаға ортақ міндет. Осындай игі бастамалар қаланың көркеюіне ықпал етіп қана қоймай, табиғатты аялау мен қоршаған ортаны таза ұстаудың маңызын ұғындырады.

Алтынай СЕЙІТКЕН
Қонаев қаласы
