Алматы облысы аудандары мен қалаларында дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Ауылым – алтын бесігім!» атты Мәдениет күндері байқауы Райымбек ауданында жалғасын тапты.
Өңірдегі өнерпаздардың деңгейін арттырып, талантты жастарды қолдауды мақсат ететін шарада Райымбек ауданының мәдениет саласы өкілдері салт пен дәстүрді, шеберлік пен шығармашылықты бір арнаға тоғыстырды. Мәдени шара ауылдың рухани әлеуетін айшықтап қана қоймай, ұлттық мұраның бүгінгі ұрпақ үшін де бағасы биік екенін тағы бір мәрте аңғартты.
Мерекелік шара Баққожа Мұқай атындағы аудандық Мәдениет үйінде қонақтардың ұлттық қолөнер бұйымдары мен шығармашылық жұмыстар қойылған көрмені тамашалауынан басталды. Көздің жауын алатын бұйымдардың әрқайсысынан бабадан қалған бедер, шебердің қолтаңбасы, халықтың тұрмыс-тіршілігі мен дүниетанымының ізі сезілгендей. Ағашқа жан бітіріп, оюға өрнек дарытқан, қарапайым дүниенің өзінен көркемдік тапқан қолөнер иелерінің еңбегі – ұлттың эстетикалық талғамы мен танымдық зердесінің көрінісі.


Райымбек аудандық «Хантәңірі» халық театрының қойылымы көрерменді өнер әлеміне жетелеп, мерекелік шараның шымылдығын ашты. Өңірдің мәдениет деңгейін сараптап, өз бағасын беретін қазылар алқасы да ерекше құрметпен таныстырылды. Атап айтсақ, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Ғұмаров, «Құрмет» орденінің иегері, Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейінің директоры Дәулет Дәркембайұлы, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Алтынай» мемлекеттік халық биі ансамблінің бас балетмейстері Ғазиза Әбдиева, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының директоры Ержан Тоқтар, әнші, Мәдениет саласының үздігі, Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның әншісі Мәншүк Тұрсынғазина мен Мәдениет саласының үздігі, филармонияға қарасты «Қобыз сарыны» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің көркемдік жетекшісі Бекназар Құрмашұлы ауыл мәдениетінің озық үлгісіне куә болып, лайықты бағасын беру үшін шекаралы ауданға арнайы ат басын бұрып, кереметтей кештің куәсі болды.
Мәдени шара барысында алғашқы құттықтау сөз кезегі облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әнуар Үмбетәлиевке және облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Олжас Атаевқа берілді. Іс-шараның салтанатты ашылу рәсімі өз мәресіне жетіп, келесі кезекте көрермен назарына аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасы ұсынылды. Мың бұрала билеген қыздар, әуелете ән салған жезтаңдай әншілер, көріністегі сахна мәдениетіне еркін төселіп, өз рөлін қалтқысыз сомдаған өнерпаздар аудан мәдениетінің жаңа деңгейге көтерілгенін жан-жақты көрсете білді.
Ауқымды іс-шараға атсалысқан әрбір өнерпаздың, сала қызметкерлерінің мақсаты бір: туған өлкенің мәдени байлығын көпшілікке таныту, өнерге ынтық жас буынға үлгі көрсету, дәстүрлі мұраның өміршеңдігін паш ету. Өнер бәйгесі шығармашылық қабілетті шыңдаумен қатар, ауыл адамдарының еңбегіне құрметпен қарауға, ұлттық құндылықтарды бағалауға үндейді.
Хантәңірінің асқақ шыңдарына қарап бой түзеген Райымбек ауданында өткен бұл мәдени шара ауылдың рухани әлеуетін танытып, ұлттық өнердің мерейін үстем етті. Өйткені ауыл – қазақтың алтын бесігі ғана емес, елдіктің тамыры, өнердің тұғыры, болашақтың бастауы. Сол бесіктің тербелісі тоқтамай, әні мен жыры ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бергей!
Ақерке БИЖАН
Райымбек ауданы

