Еңбекшіқазақ ауданында «Қашқарияға бастаған сапар» тарихи-танымдық көркем жобасы қорытындыланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін дамыту, кітапқұмар ұрпақ тәрбиелеу және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі бастамасы аясында Алматы облыстық әмбебап кітапханасының «Қашқарияға бастаған сапар» тарихи-танымдық көркем жобасы Еңбекшіқазақ ауданында жүзеге асырылды. Ауқымды рухани бастамаға ауданның 21 кітапханасы қатысып, бір тоқсан бойы Шоқан Уәлихановтың өмірі мен ғылыми мұрасын насихаттауға бағытталған әдеби-танымдық кездесулер, тарихи дәрістер, шығармашылық байқаулар мен пленэрлер ұйымдастырды.

Жоба жас ұрпақты кітап оқуға баулуды, ұлттық тарихқа қызығушылығын арттыруды, ұлы ғалымның ғылыми және суретшілік мұрасын табиғат аясындағы шығармашылық ізденіспен сабақтастыруды мақсат етті.
Күздің алтын шапағына бөленген Түрген шатқалы бұл жолы ерекше рухани кездесудің куәсі болды. Табиғаттың тамылжыған шағында тау мен тастың арасында Шоқанның есімі қайта жаңғырып, ұлы ғалымның өмірі мен ғылыми мұрасы жас ұрпақтың өнері арқылы жаңа қырынан танылды. Бір тоқсан бойы аудан көлемінде жүргізілген «Қашқарияға бастаған сапар» жобасы осынау көркем табиғат аясында салтанатты түрде қорытындыланды. Шоқанды кітаптан танып, табиғаттан сезінген ұрпақҚазақ ғылымының жарық жұлдызы Шоқан Уәлиханов – халқының ғана емес, әлемдік ғылым тарихында өзіндік орны бар бірегей тұлға. Ол небәрі отыз жылға жетпеген ғұмырында тарих, этнография, география, шығыстану салаларына өлшеусіз үлес қосты. Шоқан саяхатшы, ғалым ғана емес, көргенін қағазға түсірген суретші, табиғатты терең сезіне білген зерттеуші болатын. Осы тарихи тұлғаның көпқырлы болмысын бүгінгі жас ұрпаққа жаңаша танытуды мақсат еткен жобаның басты ерекшелігі – балалардың Шоқан туралы тек кітаптан оқып қана қоймай, оның зерттеушілік рухын табиғат аясында сезінуі, тарихи деректермен танысып, қиялын қылқалам арқылы бейнелеуі. «Шоқан оқыған даланы – бүгінгі бала суретпен оқиды» деген идеяны негізге алған бұл бастама аудан кітапханаларының жұмысын жаңа шығармашылық деңгейге көтерді.21 кітапхана – бір мақсат, бір рухани кеңістік. Алматы облыстық әмбебап кітапханасының жобасын жүзеге асыруға Еңбекшіқазақ ауданындағы 21 кітапхана, соның ішінде ауылдық кітапханалар белсене атсалысты. Бір тоқсан бойы әр ауылда Шоқан Уәлихановтың өмірі мен шығармашылығына арналған әдеби-танымдық кездесулер, кітап көрмелері, тарихи дәрістер, шығармашылық байқаулар мен табиғат аясындағы пленэрлер ұйымдастырылды.
Кітапханашылар оқырман қауымды Шоқанның ғылыми еңбектерімен, Қашқария сапарына қатысты зерттеулерімен, күнделік жазбаларымен, суретшілік мұрасымен және ұлы ғалым туралы жазылған көркем шығармалармен таныстырды. Әсіресе ауылдық кітапханалардың ізденісі көңіл қуантты. Олар бұл жобаны кезекті мәдени іс-шара ретінде қабылдамай, әр ауылдың өнерлі баласын, талантты жас суретшісін, әншісін, актерлік қабілеті бар оқушыларын ортақ шығармашылық іске жұмылдыра білді. Жергілікті өлкетану музейлерінің қызметкерлерімен бірлесе жұмыс жүргізіп, тарихи деректер жинақтады. Балалардың сахналық қойылымдарына арнайы киімдер әзірленіп, Шоқан дәуірінің келбетін көрсетуге ерекше назар аударылды. Мұның бәрі кітапханашылардың өз мамандығына деген жауапкершілігін, шығармашылық ізденісін және туған жер тарихын насихаттауға деген шынайы ықыласын көрсетті.
Түрген шатқалында жаңғырған тарихЖобаның қорытынды іс-шарасы табиғаты көркем Түрген шатқалындағы киелі бұлақ басында өтті. Шоқан Уәлихановтың Жетісу өлкесін зерттеуі, табиғатқа, тау мен тасқа, жан-жануарлар дүниесіне ерекше назар аударуы жобаның тарихи-танымдық мазмұнымен үндесіп жатты. Оның Қашқарияға сапары, жол үстінде жүргізген бақылаулары, адамдар мен табиғат көріністерін қағазға түсіруі жас ұрпаққа нағыз зерттеушінің қандай болатынын танытты. Ал сол тарихи рухты бүгінгі балалардың бойынан көру – іс-шараның ең әсерлі сәттерінің бірі болды. Ауылдардан іріктеліп келген талантты жас суретшілер табиғат көріністерін қылқаламмен бейнелесе, кішкентай актерлер Шоқан бейнесін сахнаға алып шықты. Ғалымның рөлін сомдаған балалардың байыпты қимылы, сөз саптауы, тарихи тұлғаның болмысын түсінуге деген талпынысы көпшілікті сүйсіндірді. Бір сәт XIX ғасырдағы жас Шоқан бүгінгі ұрпақпен қайта қауышқандай әсер қалдырды.
Қылқалам мен кітап тоғысқан сәт. Бұл жобаның құндылығы – кітап оқу мәдениетін бейнелеу өнерімен және өлкетанумен сабақтастыра білуінде.Кітапханада Шоқанның еңбектерімен танысқан бала табиғат аясына шыққанда айналасына басқаша қарай бастайды. Ол тауды жай тау, көлді жай көл деп емес, тарихтың үнсіз куәсі ретінде қабылдайды.
Аудан көлемінде өткізілген пленэрлер осы мақсатқа қызмет етті. Жас суретшілер Есік көлі, Түрген өңірі мен Асы жайлауының табиғатын шығармашылық тақырып ретінде танып, Шоқанның көзімен қарауға ұмтылды. Қорам әжелерінің әні – рухани сабақтастықтың белгісіТүрген шатқалындағы мәдени басқосудың ерекше әсерлі сәттерінің бірі – Қорам ауылынан келген әжелер ансамблінің өнер көрсетуі болды. Өнерлі әжелер Шоқан Уәлихановқа арналған жаңа әндерін алғаш рет көпшілік назарына ұсынып, тұсауын кесті. Бір жағында – халқымыздың өткенін әнмен өрнектеген ақ жаулықты әжелер, екінші жағында – сол тарихты суретпен, сахналық өнермен жаңғыртқан балалар.
Осылайша бір сахнада бірнеше ұрпақтың рухани үндестігі қалыптасты. Әжелердің әні мен балалардың өнері Шоқан есімін ұлықтаудың әдемі үлгісіне айналды.Еңбек еленген тағылымды кездесу Әдеби-мәдени іс-шараға аудандық газеттің бас редакторы Хайролла Ахметжанов, Шелек музейінің меңгерушісі Қуанәлі Алмасбек, Алматы облыстық әмбебап кітапханасының директоры Ғалия Сламбаева қатысып, игі бастамаға қолдау білдірді. Қонақтар Шоқан мұрасын жас ұрпаққа танытудың маңыздылығына тоқталып, кітапханашылардың, ұстаздардың және өнерлі балалардың еңбегіне жоғары баға беріп, жүрекжарды тілектерін жеткізді. Жоба барысында ерекше белсенділік танытып, шығармашылық жетістікке жеткен қатысушыларға марапаттар табысталды. Бұл ретте Еңбекшіқазақ аудандық кітапханасының меңгерушісі Дариға Әділжанқызының ұйымдастырушылық еңбегін ерекше атап өткен жөн.
Ауданға қарасты кітапханалардың басын біріктіріп, әр ауылдағы шығармашылық мүмкіндікті ортақ мақсатқа жұмылдыру – оңай жұмыс емес. Жобаға тыңғылықты дайындалған аудандық және ауылдық кітапхана қызметкерлеріне, музей мамандарына, ұстаздарға, жас өнерпаздарға және қолдау білдірген барша азаматтарға шынайы алғыс айтуға болады. Шоқанның жолы – ұрпаққа аманатБүгінде кітапхананың міндеті тек кітап берумен шектелмейді. Ол – ұлттық жадыны жаңғыртатын, тарихты танытатын, жас ұрпақтың дүниетанымын кеңейтетін рухани орталық. Алматы облыстық әмбебап кітапханасының бастамасымен Еңбекшіқазақ ауданында жүзеге асқан «Қашқарияға бастаған сапар» жобасы осы ойды тағы бір мәрте дәлелдеді.Бұл бастама балаларды кітап оқуға шақырып қана қойған жоқ. Оларды ізденуге, тарихи тұлғаны зерттеуге, туған жер табиғатын сүюге, көргенін шығармашылықпен бейнелеуге баулыды. Ең бастысы – Шоқан Уәлиханов есімі оқулық бетіндегі тарихи дерек күйінде қалмай, балалардың жүрегіне жақындады.
Біз күткен нәтиженің биігінен көріндік деуге толық негіз бар. Өйткені бір тоқсан бойы ауыл-ауылда жүргізілген рухани жұмыстың жемісі балалардың өнерінен, білімге деген құштарлығынан, тарихи мұраға деген құрметінен көрінді. Ендігі мақсат – осы жобаны бір реттік іс-шарамен шектемей, тұрақты тарихи-шығармашылық экспедицияға айналдыру. Жас суретшілердің үздік туындыларын жинақтап, «Шоқан жүрген жолмен» атты көркем альбом-каталог шығару да игі бастаманың лайықты жалғасы болар еді. Алтын күздің бояуына малынған Түрген шатқалындағы бұл күн көпшіліктің есінде ұзақ сақталары сөзсіз.
Өйткені бұл жерде жай ғана мәдени шара өткен жоқ. Мұнда тарих сөйлеп, кітап пен қылқалам үндесіп, ұрпақтар сабақтастығының әдемі көрінісі жасалды. Шоқан жүрген жол – ұрпаққа қалған із. Ал сол ізді жалғайтын – бүгінгі білімге құштар, өнерге жақын жас ұрпақ.
Аршагүл ТОЙБАЙ,
журналист
Еңбекшіқазақ ауданы

