Қонаев қаласында Республика күніне орай «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында кезекті жалпықалалық сенбілік өтті. Шараға мемлекеттік қызметкерлер, өңір жастары және еріктілер қатысты.
Табиғатты аялау мен қоршаған ортаның тазалығына үлес қосу мақсатындағы бұл шарада қатысушылар таңмен таласа қала маңындағы жол бойын қоқыстан тазартты.

Сенбілік барысында облыстық экология Департаментінің басшысы Бақытжан Молдахметов тазалық пен қоршаған ортаны қорғау – баршаға ортақ міндет екенін атап өтіп, өңір тұрғындарын «Таза Қазақстан» бастамасына белсенді қатысып, елдімекендердің тазалығы мен көркеюіне үлес қосуға шақырды. «Таза әрі қолайлы қоршаған ортаны қалыптастыру — баршамызға ортақ міндет. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар өңірдің санитарлық жағдайын жақсартуға және халықтың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосады.«Таза Қазақстан» — таза болашақтың сенімді кепілі», – деді ол.
Бүгінде Алматы облысында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы қарқынмен қолдау табуда. Облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру басқармасының ақпаратына сүйенер болсақ, тұтас облыс аумағында өткен тазалық шарасына 28 494 адам қатысып, 423 тонна қалдық шығарылған. Сонымен қоса 463 гектар аумақ тазартылып, 15 000 түп ағаш егілген. « Бізде тазалық жұмыстары 36 апта бойы жалғасып келеді. Күні бүгінге дейін тазалық жұмыстарына 883 мыңға жуық адам қатысып, 20 433 тонна қоқыс шығарылып, 12 455 гектар аумақ тазаланды. Сонымен қоса 119 мың түп ағаш отырғызылды . Іс-шараларға 5 мыңға жуық астам пайдаланылды» – дейді облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және абаттандыру басқармасының бөлім басшысы Әлина Түсіпбаева.
Айта кетсек 2026–2030 жылдарға арналған жоспарға сәйкес, Алматы облысында жыл сайын шамамен 220 мың түп ағаш отырғызу көзделген. Бүгінгі экологиялық акция мемлекеттік бастамалардың нақты нәтижесін көрсетіп қана қоймай, қоғамның ортақ іске жұмыла алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Ерзат АСЫЛ



