Перейти к содержимому

Жамбыл ауылындағы мереке

43 қаралым

Жамбыл ауылында Республика күні мерекесінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеру рәсімі өтті. Салтанатты шараға жергілікті әкімдік және аудандық мәслихат аппаратының қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, ауыл тұрғындары мен осы елдімекендегі Жамбыл атындағы орта мектептің оқушылары қатысты.

Ту көтеру рәсімі салтанатты жағдайда сапқа тұрудан басталды. Мемлекеттік Гимн ойналып, жиналғандардың барлығы біркісідей қолдарын оң жақ кеуде тұсына қойып, Гимнді бірге шырқады. Осы сәтте биік Тутұғыр бойымен аспан түстес Мемлекеттік Ту баяу көтерілді. Ақын ауылының төрінде желбіреген көк Ту көпшіліктің мақтаныш сезімін тудырғандай болды.

Мерекеге жиналғандар алдында осы ауылдың қадірменді ақсақалы, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Бақыт Балайұлы құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде осыдан тура 36 жыл бұрын, 1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі еліміздің «Мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылдағанын, бұл құжат еліміздің Тәуелсіздігіне жол салғанын еске салды. «Биыл еліміз үшін мерейлі жыл. Тәуелсіздікке 35 жыл толады. Сонымен бірге ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығы жыл бойы аталып өтуде. Жыр алыбы Жамбыл өткен ғасырда қазақтың, Қазақстанның атын әлемге танытқанын біз ешқашан ұмытпай, мақтаныш етуіміз керек. Ақын ауылы әрдайым осы атқа лайықты болуы тиіс. Баршаңызды бүгінгі Республика Күнімен шын жүректен құттықтаймын! Жамбыл бабамыздың мерейтойы құтты болсын!» – деді Бақыт Балайұлы.

Ту көтеру рәсімінен кейін шараға жиналғандар назарына шағын мерекелік концерт ұсынылды. Онда Жамбыл ауылдық Мәдениет үйінің өнерпаздары мен осындағы өнер мектебінің шәкірттері патриоттық әндер мен халық әндерін орындап, ақын ауылын мерекелік көңіл-кұйге бөледі.

Серік Сатыбалдиев

Жамбыл ауданы

↑