Перейти к содержимому

Кітап – таусылмайтын қазына

64 қаралым

Кітап – адам баласының ең сенімді досы, ақылшысы және рухани азығы. Кітап оқыған сайын бұрын білмеген дүниелеріңді танисың. Өмірге деген көзқарасың өзгеріп, болашаққа деген мақсатыңды айқындайсың. Менің кітап оқуға деген қызығушылығымның артуына «Хантәңірі қырандары» ұйымының «Балалықтан даналыққа» жобасы үлкен себеп болды.

Осы жоба аясында мен көптеген қызықты әрі тағылымды кітап оқыдым. Солардың ішінде маған ерекше әсер қалдырғаны – Санжар Керімбайдың еңбектері. Атап айтқанда, «Отбасы хрестоматиясы», «Мамандықтың мәні», «Бейсен және болмыс» кітаптары. «Отбасы хрестоматиясы» кітабын оқи отырып, отбасының адам өміріндегі орны туралы көп ойландым. Отбасы – әр адамның өмірге алғаш қадам басқан ортасы. Адам ең алғашқы тәрбиені де, мейірімді де, қамқорлықты да отбасынан алады. Кейде күнделікті өмірде ата-анамыздың біз үшін жасап жүрген еңбегін байқамай жатамыз. Ал бұл кітап маған ата-ананың қадірін, отбасы мүшелерінің бір-біріне деген сыйластығын тереңірек түсінуге көмектесті.

Ерекше ой салған тағы бір кітап – «Мамандықтың мәні». Әр адамның өмірінде маңызды шешімдер болады. Соның бірі – болашақ мамандықты таңдау. Бұл кітап маған болашаққа жауапкершілікпен қарауды және өз мақсатымды дұрыс қоюды үйретті.

Санжар Керімбайдың мен оқыған тағы бір кітабы – «Бейсен және болмыс». Шығарманы оқи отырып, адам болмысы, мінезі, тәрбиесі және өмірлік ұстанымы туралы көп нәрсені көкейге түйдім. Адамның сыртқы келбетінен бұрын оның ішкі дүниесі, адамгершілігі мен мінезі маңызды екенін түсіндім.

Мен тек танымдық кітаптарды ғана емес, әдеби кітаптарды да сүйіп оқимын. Әдеби шығармалар адам жанының айнасы деп ойлаймын. Көркем кітаптарды оқу арқылы біз түрлі тағдырлармен танысамыз. Кейіпкерлермен бірге қуанып, бірге мұңаямыз. Олардың жіберген қателіктерінен сабақ алып, жақсы қасиеттерінен үлгі аламыз. Әдеби кітаптар менің қиялымды дамытады, сөздік қорымды молайтады және ойымды еркін жеткізуге көмектеседі. Әрбір шығарма – өзінше бір әлем. Сол әлемге ену арқылы біз өзімізді де, айналамыздағы адамдарды да жақсырақ түсіне бастаймыз. Менің ойымша, кітап оқитын адам ешқашан тоқтап қалмайды. Себебі әрбір кітап жаңа білім мен жаңа ой сыйлайды. Кітап арқылы біз өткенді танимыз, бүгінді түсінеміз және болашаққа бағыт аламыз.

Қазіргі заманда телефон мен әлеуметтік желіге көп уақыт бөлетініміз рас. Бірақ кітаптың беретін әсері мүлде бөлек. Телефоннан біз көптеген ақпарат аламыз, ал кітап бізді терең ойлануға үйретеді. Рухани дүниесін де байытады.

Мен алдағы уақытта да кітап оқуды жалғастыра беремін. Себебі кітап – таусылмайтын қазына. Әрбір оқыған кітабым мені жаңа бір белеске көтеріп, өмірге деген көзқарасымды кеңейтеді.

Нұрай ӘБІЛАХАТҚЫЗЫ,

Жәменке орта мектебінің 10-сынып оқушысы

Қақпақ ауылы,

Райымбек ауданы

↑