Перейти к содержимому

Кітап – білімге бастар жол

62 қаралым

«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында Тасашы орта мектебінің кітапханасында «Кітап – білімге бастар жол» атты әдеби-танымдық дөңгелек үстел өтті.

Тасашы орта мектебі жанындағы интернат меңгерушісі Құралай Оқасова ұйымдастырған шараға мектеп кітапханашысы Бақытгүл Қабылова, «Алатау арайы» газетінің меншікті тілшісі Дәурен Ермекбайұлы, ұстаздар, интернат тәрбиеленушілері қатысты.

Шараның мақсаты – оқушылардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру, оқыған шығармасы туралы өз ойын еркін айтуға үйрету, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру.

– Кітап адамға жаңа ой, пайдалы білім, жақсы әсер сыйлайды. Ал, «12 ай – 12 кітап» жобасы жыл бойы кітап оқып, әр шығармадан ой түюге көмектеседі. Бүгін біз оқудың пайдасы туралы пікір алмасып, өзіміз оқыған немесе оқығымыз келетін кітаптармен танысамыз, – деген интернат меңгерушісі Құралай Төкенқызы дөңгелек үстелді ашып, жүргізіп отырды.

Мектеп кітапханасында өткен іс-шарада қонақтар кітап оқудың адам өміріне тигізетін пайдалары, кітапты көп оқыған адамның рухани деңгейі туралы келелі әңгімелерді өрбітті. Сонымен қатар оқушыларды кітаппен дос болуға, кітапты көп оқуды әдетке айналдыруға шақырды. Интернат тәрбиеленушілері де көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, өз ойларын ашық білдіріп жатты.  Өздерінің сүйікті кітаптарын таныстырып, шығармадан алған әсерлері мен түйген ойларын бөлісіп, кітаптардың мазмұны талданып, қызықты пікірлер мен сұрақтар ортаға салынды.

– Кітап – адамның ең жақын досы әрі ақылшысы. Кітап оқу арқылы біз жаңа мәліметтерге қанығып, білімімізді толықтырамыз. Әр кітаптың өзіне тән қызықты оқиғасы мен берер тәрбиесі бар. «12 ай – 12 кітап» жобасының шарты қарапайым. Әр айда бір кітап оқып, оны түрлі жолмен таныстырамыз. Кітапты оқып болған соң, оқу күнделігіне атауын, авторын, ұнаған кейіпкерін және алған әсерімізді жазамыз, – деген кітапханашы Бақытгүл Бекбосынқызы кітаптың білімге, ой-өріске және жақсы қасиеттерді тануға бастайтынын айтып, «12 ай – 12 кітап» жобасында әр айды бір кітапқа арнап, оқыған шығармаларды бөлісіп отыруға шақырды.

Іс-шара оқушылардың кітап оқуға деген ынтасын арттырып, кітаптың адам өміріндегі маңызын түсінуге ықпал етті.

«Кітап – оқығандікі, білім – тоқығандікі». Кітап оқыған сайын ойың өседі, білімің толығады! Кітап оқитын ұлт – білімді ұрпақ!

Кітап – алтын сандық. Іші қазынаға тола алтын сандыққа қол салар, баға жетпес байлықпен дос болған жастарымыз көп болуын қалайтынымыз рас. 

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы

↑