Облыстағы аудандар мен қалалардың төл мәдениетін дамыту, насихаттау, рухани-ағартушылық байланыстарды нығайту, ұлттық өнерді сақтау және дәріптеу, талантты жандардың жетістіктерін көрсету мақсатында қолға алынған «Ауылым – алтын бесігім» атты Мәдениет күндері байқауы Қарасай ауданында жалғасты.
Ауқымды шараның салтанатты ашылуында Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов сөз алып, ұлт құндылықтарын ұрпаққа жалғастыратын «Ауылым – алтын бесігім» атты байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім меңгерушісі Төлеужан Ғұмаров та жиылған жұртшылықты өнер мерекесімен құттықтады.
Байқаудың алғашқы бөлімінде аудандық Мәдениет үйінің алдында «Ғасырлар қойнауынан жеткен асыл мұра» және «Тарих тудырған тұлғалар» көрмесі, «Ұлттық дәстүр – ұрпаққа аманат», «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» тақырыбында сахналық көрініс жұртшылық назарына ұсынылды. Бұл жерде Қарасай ауданында өнердің сан саласында еңбек етіп жүрген азаматтар баршылық екенін айта кеткен орынды. Ең бастысы, шараны ұйымдастырушылар қолда барды ашып көрсетуге барынша мән бергені байқалады. Әрбір көрмеден ұлтымыздың асыл қазынасы мен мол мұрасын көріп, қызықтауға жағдай жасалған. Мұнда зергердің қолынан шыққан көздің жауын алатын әшекейлер мен тұрмыста пайдаланатын бұйымдар, осы өңірде дүниеге келіп, халқына қызмет жасаған танымал тұлғалар, ұлтымыздың салт-дәстүрі айшықтала келіп, бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы және «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында атқарылып жатқан жұмыстарды да тамашалауға мүмкіндік болды. Сонымен қатар «Мәдениет – Жасанды интеллект – Болашақ», «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында поэтикалық шеру, «7 әдеби кітап» көрмесі көрермен назарына ұсынылды. Шалқар өнер мектебінің шәкірттері дайындаған «Саксофон», «Фортепиано», «Скрипка», «Баян», «Қобыз» қойылымдары да ешкімді бейжай қалдырмағаны анық.

Осыдан кейін облыс орталығынан арнайы жеткен әділқазылар алқасы мен шараны тамашалауға келген жұртшылық Мәдениет үйінің алдындағы тақырыпқа сай безендірілген сахнаға жақындады. «Дияр» және «Гүлназ» би тобы «Гүлдер» биін орындағаннан кейін бала Жамбыл сахнаға шығып, жырдан шашу шашты.
Мәдениет үйінің кең де жарық залында «Қарасайдан тараған әуен» атты гала-концертте «Үшқоңыр» фольклорлы-этнографиялық ансамблі, «Темірен» театры, «Айгүл» вокалды-аспаптық ансамблі, жыр-терме, айтыс мектебінің өнерпаздары, «Парасат» әжелер мен аталар ансамблі, Қаскелең қаласының өнер мектебі, «ARTSPORT» өнерпаздары сахна сәнін келтіріп, «Балақай» қуыршақ театры, сондай-ақ қолөнер шеберлері, суретшілер мен зергерлер жиналған көпшілікке әсем де әсерлі әндер мен көріністер ұсынды. Байқау шартына сәйкес «Темірен» театры «117 пәтер» әлеуметтік драмасын сахналады. Иә, Қарасай жастар театрының әртістері орындаған бұл қойылым оны тамашалаған әрбір адамның жүрегін толқытып ой салғаны сөзсіз.
Бұл жерде «Авторлық ән» номинациясы бойынша Шамалған ауылдық Мәдениет үйінің директоры Жарқын Рақымқаштың «Тойға шашу» әні, «Классикалық ән» номинациясы бойынша аудандық Мәдениет үйінің әншісі Ерлан Леспаевтың орындауындағы «Conte partiro» әні, топтық би номинациясында Эльмира Сұлтанбекова жетекшілік жасайтын Жібек Жолы ауылдық Мәдениет үйінің «Шаттық» би тобының өнері, «Дәстүрлі ән» номинациясы бойынша Н.Жуасбектің орындауындағы Ж.Жабаевтың «Балаларға арнау», Ә.Әпенов әуелете шырқаған Д.Рақышовтың әні «Саясында алманың», Ә.Тілеш орындаған К.Әзірбаевтың «Бастау», Е.Ағайдар шырқаған Қ.Байғабылұлының «Үш меркі» әні, «Ұрмалы аспап» номинациясы бойынша «Үшқоңыр» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің өнері, «Би» номинациясы бойынша «Үшқоңыр» ансамблінің бишілері, «Сүйемелдеуші би» номинациясы бойынша «Дуэт» би тобы тамаша өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Осынау тамаша өнер кешін дайындаған қоюшы режиссер Анар Бөлекбаеваның, дыбыс режиссері Серік Шәлімбетов пен Едіге Байгелдиннің, жарық режиссері Қазыбек Сатылхановтың, жүргізушілер Медет Рысбек пен Айдана Кенбаеваның шеберлігіне де тәнті болдық. Өнер ұжымдарының шығармашылық жетістігін бір арнаға тоғыстырып, жүректерге жететін қойылым қалыптастыру, ауданның мәдениет саласындағы жетістіктерін барынша ашып көрсету өз ісіне деген сүйіспеншілік пен шеберлікті көрсетсе керек.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы

