Перейти к содержимому

Ақсақал атында

31 қаралым

Қарасай ауданында биыл 90 жасқа толып отырған ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, академик Елтай Хасенов ақсақалдың атында шахмат турнирі ұйымдастырылды. Сайысты ұйымдастыруға мұрындық болған – шахматтан екі дүркін облыс чемпионы атанған Темірхан Базимов. Оның бұл турнирді ұйымдастырып отырғаны жайдан-жай емес.

Елтай Хамзаұлы шахмат ойнауды өмір бойы серік етіп келеді. Осы жасына дейін талай мәрте шахмат тақтасындағы шайқастарға қатысып, облыстық, аудандық жарыстарда жеңімпаз атанып, абырой арқалап, мерейі үстем болған еді. Сол үшін де әріптестері оның атынан турнир өткізіп, үлкен құрмет көрсетіп отыр. Олардың бұл игі бастамасын көрермен қауым да қуана қолдады.
Аталған турнирге отыздан астам шахматшы қатысты. Сонау Талғар ауданынан келген алты шахматшы да ақтық айқасқа түсті. Тайталасқа толы турнирде ешкім де аянып қалған жоқ. Бәрі де белгіленген ережені қатаң сақтап, бар өнерін салып бақты. Соның нәтижесінде сайыпқыран шахматшылар да әділдік тұрғысынан анықталды. Бірінші орынды алдына жан салмас Темірхан Базимов иеленсе, екінші орынды Рүстем Пермұхамедов еншіледі. Үшінші орынды талғарлық Ахат Сұлтанқұлов, төртінші орынды Серік Рақымжанов, бесінші орынды Амандолла Әбдімұратов қанжығасына байлап, жүлдегер атанды.
Өмірінде алақанының ашықтығымен, жанының жомарт­тығымен халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген Елтай Хасенов ақсақал өз атынан өткізілген турнирде де аянып қалмады. Топжарған жеңімпаздарға ақшалай тағайындалған сыйлықтарын берді. Сол сияқты барлық қатысушыға ұлттық шапан кигізді. Тоқ етерін айтқанда, турнирге атсалысқан адамдар да сый-сияпат иеленді. Сөйтіп, Елтай Хасенов атындағы турнир жоғары деңгейде өз мәресіне жетті.

Қанат ТӘКЕБАЕВ
Қарасай ауданы

↑