Жамбыл аудандық кітапханасында «Қаламгер әлемі – рухани қазына» атты әдеби-сазды кеш өтті. Сөз өнерін серік етіп, шығармаларымен оқырман жүрегіне жол тапқан журналист-жазушылар Гүлзейнеп Сәдірқызы мен Есболат Айдабосынға арналған рухани шараға өңір басшылығы, зиялы қауым өкілдері, оқырман мен әдебиетсүйер қауым қатысты.
Тарихы терең, тағылымы мол, топырағынан талай тарлан түлеген Жамбыл ауданының ақындар мен батырлар елі атануы бекер емес. Бұл – елдік пен ерлікті ту еткен баһадүрлердің ізі қалған, жыр мен сөздің қадірін білген ұрпақтың рухани мұрасы сақталған қасиетті мекен. Осындай құтты топырақтан түлеп ұшқан таланттардың ел әдебиеті мен журналистикасына үлес қосуы – туған жер үшін зор мақтаныш.
Қоңыртөбе тауының баурайындағы Ақтерек ауылында қос қаламгердің кіндік қаны тамған. «Егіске толған етегі, Ақтерек – ырыс мекені» деген тіркестің астарында ауылдың берекесі мен туған жерге деген ыстық ықылас жатыр. Туған топырақтың табиғаты, ауыл тіршілігі, ел ішіндегі адам тағдыры – қаламгер үшін таусылмас тақырып. Сол мекеннің көркем келбеті шығармаға арқау болып, қарапайым адамның өмір жолынан тұтас қоғамның тынысы танылады.

Кездесудің алғашқы сөзін Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ықылас Амалбек алып, өңір әкімі Нұрлан Ертастың қос қаламгерге деген ықыласты тілегін жеткізді. Ол шығармашылық иелерінің қоғам өміріндегі орнына тоқталып, рухани құндылықтарды дәріптейтін осындай кездесулердің маңызын атап өтті. Қаламгер мен оқырманды табыстыратын басқосулардың жалғасын табуы – әдеби ортаның жандануына, жас ұрпақтың кітапқа жақындай түсуіне жол ашатын игілікті іс.
Шарада қазақ журналистикасы мен прозасында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған Гүлзейнеп Сәдірқызының өмір жолы мен шығармашылық мұрасы кеңінен таныстырылды. 1955 жылы Ақтерек ауылында дүниеге келген қаламгер Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Ұзақ жыл бойы «Егемен Қазақстан» газетінде еңбек етіп, басылымның беделін арттыруға, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеруге, оқырманға ой салатын материалдар жазуға атсалысты. Ол – Ақпарат саласының үздігі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық Жамбыл атындағы және Қазақстан Журналистер одағы сыйлықтарының екі мәрте иегері, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы. 2022 жылы Шерхан Мұртаза атындағы «Ақиқаттың ақ туы» республикалық әдеби байқауында бас жүлдені иеленсе, 2024 жылы қазақ әйелі бейнесін арқау еткен повестер байқауында жеңімпаз атанды. Қаламгердің «Махаббатым жүрегімде», «Тау тұлға», «Әкесі өлген қандайды», «Аққу ғұмырлы тағдыр», «Айбибі», «Әйел бақыты», «Қанекей, қалам сөйлеші» атты кітаптары оқырманға жол тартқан.
Гүлзейнеп Сәдірқызы оқырманның сұрақтарына жауап беріп, жазушылықтың табиғаты, шабыттың сыры мен шығармашылық еңбектің қиындығы жөніндегі ойларын ортаға салды.
– Шабытты шақырып келтіре алмайсың, қашан келер екен деп күтіп те отырмайсың. Ойлы адам үнемі жинақы жүреді. Меніңше, жазу үшін ең алдымен өзің сүйетін ісің болуы қажет. Оған әрекет ету керек. Сосын тыныштық керек. Әйел адамның үй тіршілігі бар, соның бәрін реттеп барып жазуға отырады. Жазушылық деген өмір бойы өзіңмен бірге жүретін іс қой. Аптасына бес рет шығатын газетте қызмет істей жүріп, көркем шығарма жазу оңай емес, – деді қаламгер.
Әдеби кештің екінші кейіпкері – қазіргі қазақ прозасында өзіндік үнімен танылып жүрген жазушы-журналист Есболат Айдабосын. 1981 жылы Ақтерек ауылында дүниеге келген ол Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде қазақ филологиясы мамандығы бойынша білім алған. Бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек етіп, журналистика саласында тәжірибе жинақтаған қаламгер бүгінде көркем прозадағы ізденістерімен оқырман назарын аударып келеді.
Есболат Серікбайұлы – бірнеше республикалық әдеби байқаудың жеңімпазы, «Алтын қалам», «Алтын тобылғы», «Алтын тұғыр» әдеби сыйлықтарының және Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты. Қазақ PEN клубы мен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Жанр» Жетісу әдеби клубының президенті. Қаламгердің «Сүлікқара», «Қызыл сақа», «Ит тірлік», «Тибет аруы» атты кітаптары жарық көрген. Ал «Бүкір» романы Mecenat.kz әдеби байқауында үздік шығарма ретінде танылған.
Оның туындыларында адам мен қоғам, ұлттық болмыс пен жеке тағдыр, заман тынысы мен адам мінезі өзара сабақтасып жатады. Кейде бір ауылдың тіршілігі арқылы тұтас дәуірдің бейнесі ашылса, кейде бір жүйрік аттың тағдыры арқылы адамның арманы, мұңы, намысы мен еркіндікке ұмтылысы танылады.
Кеш барысында қаламгердің жаңа туындысы – «Бүкір» прозалық мини-романының мазмұны кеңірек талқыланды. Шығарманың атауының өзі оқырманды ойға жетелейді. Алғаш естігенде арқасы бүкір жылқы елестеуі мүмкін. Алайда шығарма тереңіне бойлаған сайын, мәселенің бір аттың сыртқы бітімінде ғана емес, тағдырдың талай тауқыметін көрген жандардың ішкі әлемінде жатқанын аңғарасыз.
Белгілі жазушы, журналист, ҚР Мәдениет қайраткері Күмісжан Байжан мен Жамбыл және Райымбек аудандарының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Тәңірберген Қасымақынұлы сөз алып, қос қаламгердің шығармашылық еңбегін лайықты атап өтті. Құрметті қонақтардың қатысуымен «Бүкірдің» тұсаукесер рәсімі жасалып, жаңа кітап Ұзынағаш оқырмандарына жол тартты.
– Ат тақырыбы маған өте жақын. Өзім де шабандоз болғанмын. Мен әдебиетке балалық шағым туралы жазумен келдім. Біз смартфон емес, қамшы ұстадық. Асық ойнап, тай мінген кездеріміз, аттың терінің иісі есімізден кетпейді, – деді жазушы Есболат Айдабосын.
Әдеби-сазды кеш ән мен жырға, әсем әуен мен жарасымды биге ұласты. Аудандық кітапхананың «Зерде» үйірмесіне қатысатын оқушылар қос қаламгерге арнау өлеңдерін оқыды. Балабақша бүлдіршіндері де ән айтып, би билеп, басқосуға ерекше жылылық сыйлады. Кеш барысында «Кітап сыйла» акциясының да атқарылуы шараның мән-маңызын арттыра түсті. Бұл көріністер әдебиетке құрметтің, өнерге ықыластың жас ұрпақтың бойында қалыптасып келе жатқанын аңғартқандай болды.
Аудандық кітапхана директоры Аяужан Сәдуақасова қорытынды сөзінде оқырман мәдениетін қалыптастырудың, кітап оқуды насихаттаудың маңызына тоқталып, қос қаламгерге сый-сияпат табыстап, олардың шығармашылық еңбегіне құрмет көрсетті.
Туған жердің топырағынан тамыр тартқан таланттың шығармасы елдің рухани қазынасына айналғанда ғана оның еңбегі өз биігіне көтеріледі. Ал сол қазынаны бағалап, кейінгі ұрпаққа жеткізу – баршаға ортақ міндет. Кітаптың қадірі артып, оқырман қатары көбейген жерде руханияттың шамшырағы да жарқырай түспек.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы

