Перейти к содержимому

Жігері жеңіске жетелеген

39 қаралым

Тағдырдың талай сынағына мойымаған, жігері мұқалмаған Самал Бектұрсынқызы – қайсарлық пен табандылықтың жарқын үлгісі. Көру қабілетінен айырылса да, өмірге деген құлшынысын жоғалтпаған ол бүгінде спортта, соның ішінде самбодан биік белестерді бағындырып жүр.

Самал Бектұрсынқызы 1997 жылы қараша айының 19 жұлдызында Кеген ауданы Ақтасты ауылында дүниеге келген. 2009 жылы бесінші сыныпты аяқтағанда көзі ауырып, көру қабілетінен айырылады. Өзі сынды тағдырлас қыздан көзі нашар көретіндерге арналған кітапхана бар екенін естиді. Сонда барып, брайль жазуын үйренеді.
– Көшеде қалай жүру керек, тыңдау, аяқтың астын сезу, иіспен жүру сияқты сабақтардан өтіп, көзі көрмейтіндердің өміріне бейімделдім. Хатшылық жұмысқа тұрдым, емдік массаж жасауды меңгердім. 2023 жылы анам қайтыс болды. Қазір Қазақ спорт және туризм академиясының бейімделген дене тәрбиесі факультетінің төртінші курсында оқимын. Парадзюдомен шұғылданып жүрмін. Бапкерім Қуаныш Ахметжанов мені жарыстарға дайындайды. Ең алғашқы сайыс Қазақстан кубогы болды. Сол жарыста үшінші орын алдым. 2025 жылы Қазақстан спартакиадасына, 2026 жылы ел чемпионаты мен Қазақстан кубогына қатысып, екінші орыннан көріндім, – деген кейіпкеріміз сонда да келешегіне күлімдеп қарауды мақсат етіп, өн бойына дарыған спорттық қабілетін дамыта түсетінін тілге тиек етті.
Осындай жемісті жетістіктерін еске алған жігерлі Самал былай дейді:
– Адам қандай жағдайға түссе де, өзін ешқашан төмен санамауы керек. Қайғы-мұңға берілмей, онымен күресе білу – нағыз ерлік.
Биыл 17-19 қыркүйек аралығында Тәжікстан Республикасының Душанбе қаласында өткен парасамбодан әлем кубогының финалында Самал 50 келі салмақ дәрежесінде тәжік қызын жеңіп, алтынға қол жеткізді.
Еліміздің абыройын асқақтатып қайтқан, біз таныған спортшы Самал, міне, осындай. «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» дегендей, Самалдың межелі мақсаты орындалуына біз де тілекшіміз.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы

↑