Перейти к содержимому

Арда туған азамат

35 қаралым

Өткен ғасырдың 90-жылдары еліміз өз егемендігін алды. Бұрынғы одақтас республикалар да тәуелсіздікке қол жеткізіп, өз алдына шаңырақ құрып жатты. Дербес ел болған мемлекетімізге көптеген қиындықты еңсеріп, саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді дер кезінде шешуіне тура келді. Ол кездерде мен Жезқазған облысы Ақадыр ауданында қызметте едім. ҚР ҰҚК басшылығының шешімімен 1994 жылы орталық аппаратқа әскери қарсы барлау басқармасына жұмысқа ауыстым. Сол кездерде ұзақ жыл қызмет атқарған соң, Алматы қаласына қызметке ауысу жас мамандардың арманы болатын.

Кеңес одағы кезінде арнайы бөлімдер (КСРО МҚК) тікелей орталыққа бағынатын. Сондықтан арнайы бөлімдердегі басшылық құрамдағы және қатардағы қызметкерлер негізінен Ресей, Украина, Беларусь және басқа одақтас республикалардан келіп, қызметтерін атқаратын. Қауіпсіздік қызметінің бұл бағытындағы тәжірибелі қызметкерлер өз мемлекеттеріне, туған, өскен жерлеріне қайтып жатты. Осындай күйзеліс жалпы Қорғаныс министрлігінде де тереңнен орын алды.


Қазақстан Республикасында шекара тек Қытай Халық Республикасы бағытында қалған болатын. Сол 1994 жылы мен ҚР ҰҚК әскери қарсы барлау басқармасының Шонжы әскери гарнизонындағы бөлім басшысы қызметіне тағайындалдым. Көп ұзамай, Алматы қаласы әкімінің көмекшісі Мұрат Қожаханұлымен таныстым. Алматы қаласы әкімдігі Шонжы шекара отрядына қамқорлықтарын көрсетіп, материалдық, техникалық тұрғыдан жәрдемдерін жасап тұрды. Осындай өнегелі іс-шараның басы-қасында әкімнің көмекшісі Мұрат Мұсабаев жүрген еді.
Мұрат құрдасым ақжарқын жүзді, жүрген жерінде елді аузына қарататын көпшіл, терең білімді, озық ойлы азамат екен. Байқағаным, ол жанындағы жандарға, ағайын-туыстарға, бауырларына, тіпті жаңа танысқан азаматтарға өзінің шапағатын шашып, қолынан келген көмегін аямайтын болып шықты. Іскер азамат жоғарғы лауазымдағы мемлекеттік қызметтерде болды. ҚР Президентінің іс басқармасында консультант, бөлім меңгерушісі, Алматы облысы әкімінің көмекшісі, аппарат басшысы, ҚР Төтенше жағдайлар агенттігінің төрағасы Заманбек Нұрқаділовтің орынбасары қызметтерін үлкен абыроймен, тиянақты түрде атқарды.
Кейінгі жылдары Мұрат Қожахан­ұлы Өскемен арматура, Алматыда С.Киров атындағы машина жасау зауыттарының бас директоры қызмет­терінде болып, еліміздің экономика саласының дамуына өз үлесін қосты.
Ұзақ жылғы мінсіз қызметі, елге сіңірген еңбегі үшін полковник Мұрат Мұсабаев ел құрметіне ие болды. Көптеген мемлекеттік медаль­дың иегері, республика, облыс басшылығының Құрмет грамоталары, Алғыс хаттарымен марапатталған. ҚР Құтқару қызметінің құрметті қызметкері.
Ол елге үлгі болатындай отбасын құрды. Ұл-қыздарына дұрыс тәлім-тәрбие беріп, олардың жоғары білім алуына жағдай жасады. Ұлы Бақтияр – полиция полковнигі, ҚР ІІМ-де жоғары лауазымды қызмет атқарады. Қыздары – Назым, Диана, Динара тұрмыста, отбасыларында ұл-қыз тәрбиелеп отырған жайы бар. Зайыбы Ұлжан – үлкен шаңырақтың ұйытқысы. Мұрат – қайын жұртпен сыйласып, олардың көңілінен шыққан күйеу бала. Ол Алпыс құдасы бастаған құда-құдағилармен жақсы қарым-қатынас орнатты. Қызмет бабында да көп адамға жақсылық жасады.
Соңғы жылдары Мұрат Қожаханұлы ауыр дертке шалдықты. Бірақ сонда да мойымай, біраз уақыт күресті. Ақыры ауруы үдеп, өткен жылы Мұрат бауырым өмірден озды. Бұл қайғы оның отбасына, туыстарына өте ауыр тиді. Көңіл айтып келген жандар шексіз болды. Алланың әміріне кім қарсы келген?! Өкініштісі, Мұрат досым бұл өмірден ерте кетті. Амал не?
Мұрат бауырымның сүйікті қызы Назым әкесін есінен еш шығармайды. Ол әкесі туралы былайша тебіренеді:
«Әкем Мұрат Қожаханұлы Мұсабаев­тың өмірден өткеніне жақында бір жыл толады. Мен үшін ол айналасына шапағат-нұрын шашатын мейірбан, ерік-жігері мықты, күшті, сенімді, әділ әрі дана адам болып қала береді. Оның еліне сіңірген еңбегі зор. Әрдайым жауапкершілігі зор қызметтер атқарды. Барлық іс пен шешімнің артында оның жайдары мінезі мен адамдарға деген қамқорлығы тұрды. Бүгін әкемді еске ала отырып, мен оның өмір жолы туралы ғана емес, біз оны шексіз жақсы көргенімізді және мақтан тұтқанымызды айтқым келеді.
Атамыз Қожахан мен әжеміз Зиніл бала кезінен әкеміздің бойына жақсы қасиеттер сіңірді. Адамдарды сыйлап, құрмет көрсетуді, жауапкершілікті үйретті. Адалдыққа, адамдыққа баулыды. Бұл қасиеттер жай ғана ата-ананың насихаты болып қалмады, әкеміздің өмірлік қағидасына айналды.
Ол өмір бойы құлшына жұмыс істеді, нағыз еңбекқұмар жан болды. Бірақ жұмысы қанша көп болса да, отбасы ең маңызды орында тұрды. Ол ісіне адал, әділдікті қолдайтын, жалғандықты жақтырмайтын прин­ципшіл адам еді.
Әкеміз бізге ұзақ насихат айтпайтын. Айтар ойын қарапайым мысалмен жеткізетін. Ол бізге шығар жолды көруге, дұрыс шешім қабылдауға, тура жолдан таймауға көмектесетін. Қазір оның кеңестерін жиі еске алып, өзімізге «Әкем мұндай кезде қалай істер еді?» деген сұрақ қоямыз.
Әкем немерелеріне ерекше мейі­­рім­мен қарайтын. Оларға өмірлік мәнге толы әңгіме мен насихат айтатын. Немерелерін табиғаттың сұлулығын байқауға, оны құрметтеуге үйретті. Бәрін сөзбен емес, іспен көрсетті. Үнемі аңшылық пен балық аулау туралы қызықты естеліктер айтатын. Әке ретінде менің бойыма да маңызды адами қасиеттерді қалыптастырды. Әр күн сайын ол жүріс-тұрысымен үлгі болып, сөзде тұру, жақындар алдында жауапты болудың не екенін көрсетті. Мен бұл үшін оған әрқашан өзімнің шексіз алғысымды айтамын.
Менің ойымша, әкем жақсы, лайықты өмір сүрді, көп еңбек етті, қоғамға, адамдарға пайда әкелді, өз отбасын керемет жақсы көрді. Оны сағынамыз, бізге сыйлаған керемет жылылықты, өмір сабақтарын, отбасылық тәрбиелік мәні зор әңгімелерін есімізде сақтаймыз.
Әке, саған өмір үшін, махаббат үшін және бізге үйреткеніңнің бәрі үшін шексіз рахмет! Қазір жанымызда болмасаңыз да, жарқын естеліктер жүрегімізде мәңгі қалады».
Мұрат Қожаханұлының қарындасы Алмагүл де бауырын былайша еске алады:
«Қожахан әкеміз – Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, бірнеше орденмен марапатталған. Соғыстан кейінгі жылдары елді қалпына келтіру мен ұжымшар мен кеңшарларды дамытуға көп күш-жігерін жұмсап, ұжымшар төрағасы қызметін атқарған. Өкінішке қарай, әкеміз өмірден ерте озды. Осыдан кейін төрт баланы жалғыз өзі тәрбиелеп, өсіру ауыртпалығы анамыз Зинілдің мойнына түсті.
Анашым балаларына ең басты құндылықтарды – мейірім мен сүйіспеншілікті, бір-бірін құрметтеуді үйретті. Төрт бала бір-бірімізге өте жақын, қамқор әрі тату болып өстік. Арамыздағы бауырмалдық өмір бойы сақталып қалды.
Мұрат ағам отбасындағы екінші бала болды. Ол жастайынан анасының төрт баланы жалғыз өзі өсіріп, жеткізуінің қаншалықты қиын болғанын түсінді. Сондықтан ерте еңбекке араласып, отбасына, ең алдымен анасына көмектесуге тырысты. Ол ағасына ерекше жақын болды. Жұмакүл екеумізге әрдайым қолдау көрсетіп, қамқорлық жасап жүрді.
Асыл бауырым бала кезінен зеректі­гімен және есте сақтау қабілетінің мықтылығымен ерекшеленді. Мектепті бітіргеннен кейін Отан алдындағы боры­шын өтеп, Кеңес армиясы қатарында әскери қызмет атқарды. Әскерде оның ерекше қабілеттері бірден байқалды. Керемет есте сақтау қабілеті мен жоғары зияткерлік мүмкіндіктерінің арқасында оған барлау мектебінде білім алу ұсынылды. Ол кейін барлау басқармасында қызмет ету үшін қытай тілін үйрене бастады.
Алайда Мұрат ағам отбасына, бауыр­­ларына көмек қажет екенін жақсы түсінді. Осыған байланысты ол елге оралып, еңбек жолын отбасына жақын жерде жалғастыруды шешті.
Ол Мәскеу орман-техникалық инсти­тутын ойдағыдай бітірді. Оның кәсіби қызметі мемлекеттік басқару, өнеркәсіп және ірі кәсіпорындарды дамыту салаларымен тығыз байланысты болды.
Мұрат ағам ешқашан жауапкер­шіліктен қорықпайтын, қандай істі де бар жан-тәнімен атқаратын азамат еді. Зейнетке шыққаннан кейін де белсенді еңбек етуін жалғастырды.
Ағам – берік мінезді, қайсар, өмірдің кез келген сынағына төтеп бере алатын нағыз күрескер болды. Мықты, сабырлы, жауапты әрі төзімді азамат еді. Адал жар, қамқоршы, мейірімді және жанашыр әке бола білді. Немерелерінің сүйікті атасы атанса, жақындары үшін ол әрдайым арқасүйер, қолдау көрсететін бауыр, туыстарына қамқоршы, достарына сенімді серік болды.
Оның анасына деген сүйіспеншілігі ерекше еді. Ол жастайынан анасына тірек болуға тырысты. Әрдайым анасын аялап, бар жақсылықты жасады.
Бүгінде Мұрат ағамыз арамызда жоқ. Бірақ оның жарқын бейнесі Болат ағамның, Жұмакүл әпкемнің, туған-туыстарының жүрегінде мәңгі сақталады. Оның жасаған игі істері, жүріп өткен өмір жолы, артында қалдырған жақсы, игі істері ешқашан өшпейді.
Біз оны әке-шешесінің ардақты ұлы, мейірімді, жанашыр бауыр, үлгілі отбасы иесі, ұл-қызының сүйікті әкесі, немерелерінің қайталанбас атасы, адал дос, білікті маман, елінің нағыз патриоты, біртуар мемлекет қайраткері ретінде мәңгі есте сақтаймыз».
Біздің Мұратпен таныстығымыз достыққа айналды. Бір жағынан, екеуміз жақын туыс болып, ағайындық қарым-қатынас орнаттық. Оның отбасындағы қуаныштарға, ұл-қызының үйлену, тұрмысқа шығу тойларына, басқа да мерекелік іс-шараларына қатыстым.
Ерекше жаратылған азамат Мұрат құрдасым – текті әулеттен шыққан жан. Әкесі Қожахан аға соғыс ардагері, ұжымшар төрағасы болған, анасы Зиніл ұл-қызына аналық ақ мейірімін шашып, дұрыс тәрбие беруде, олардың жоғары білім алуына, отбасын құруда теңдесі жоқ еңбек сіңірген. Бауыры Болат, әпкесі Жұмакүл, жездесі Наурызбай, қарындасы Алмагүл – еліміздегі белгілі азаматтар. Наурызбай жездесі мемлекет қайраткері, кезінде бұрынғы Қапшағай қаласының әкімі қызметін атқарған.
1955 жылы 1 мамырда Еңбекші­қазақ ауданы Бірлік ауылында зиялы отбасында туып-өсіп, саналы ғұмырын елдік іске арнаған мемлекет қайраткері Мұрат Мұсабаевтың өмір жолы кім-кімге болса да өнеге. Оның игі ісі, жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмақ емес.

Әділ Шаяхметов,
генерал-лейтенант,
мемлекет және қоғам қайраткері

↑