Перейти к содержимому
Басты бет / Әлеумет / АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА 3,2 МЛРД ТЕҢГЕДЕН АСТАМ ИНВЕСТИЦИЯ САЛЫНҒАН ТҰРҒЫН ҮЙ КЕШЕНІНІҢ АЛҒАШҚЫ КЕЗЕҢІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА 3,2 МЛРД ТЕҢГЕДЕН АСТАМ ИНВЕСТИЦИЯ САЛЫНҒАН ТҰРҒЫН ҮЙ КЕШЕНІНІҢ АЛҒАШҚЫ КЕЗЕҢІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

109 қаралым

Іле ауданында жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылып жатқан ірі тұрғын үй жобасының алғашқы кезеңі аяқталды. Өтеген батыр ауылында үш бес қабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, жаңа қоныс иелеріне пәтер кілттері табысталды.

Жобаны «SULTANoff park» ЖШС жүзеге асыруда. Бүгінгі таңда тұрғын үй кешеніне салынған инвестиция көлемі 3,2 млрд теңгеден асты.

Құрылыстың бірінші кезеңінде жалпы ауданы 6,5 мың шаршы метр болатын 103 пәтер мен 2 коммерциялық үй-жай салынды. Тұрғын үйлерге газ, су және электр желілері тартылып, аумақ абаттандырылды. Жаяу жүргіншілер жолдары салынып, көгалдандыру және сыртқы жарықтандыру жұмыстары жүргізілді.

Салтанатты рәсімге қатысқан Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов жаңа қоныс иелерін құттықтап, тұрғын үй құрылысына жеке инвестиция тартудың маңыздылығын атап өтті.

«Бүгін бірнеше отбасының көптен күткен арманы орындалып, өз баспанасына ие болып отыр. Бұл – үлкен қуаныш. Осы игі іске үлес қосқан жеке инвесторға алғысымды білдіремін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау туралы бастама көтерді. Біз де ауданымызда тұрғын үй құрылысын дамытуға, жаңа жобаларды іске асыруға баса назар аударамыз. Ең бастысы – тұрғындарға қолайлы жағдай жасап, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту», – деді аудан әкімі.

Қазіргі уақытта тұрғын үй кешенінің екінші кезеңі аясында тағы үш бес қабатты үйдің құрылысы жүргізілуде. Жоба толық аяқталғаннан кейін кешендегі ғимараттар саны алтыға жетіп, жалпы ауданы 12,5 мың шаршы метрден асатын 210 тұрғын және коммерциялық үй-жай болады.

Іле ауданында жеке инвестиция тарту арқылы тұрғын үй қорын ұлғайту, құрылыс саласын дамыту және елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Іле ауданы

↑