Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Жолдауға – қолдау: Президент тапсырған міндеттер сараланды

Жолдауға – қолдау: Президент тапсырған міндеттер сараланды

75 қаралым

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында айқындалған міндеттерді халыққа түсіндіру және тұрғындардың ұсыныс-пікірін тыңдау мақсатындағы жиын Іле ауданы Өтеген батыр ауылындағы №7 орта мектепте жалғасын тапты. Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерінің қатысуымен өткен жиында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, ең төменгі жалақы мөлшерін арттыру, әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібі мен өңірлік инфрақұрылымды жетілдіру мәселелері талқыланды.
Кездесуді Іле аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Мәден Мұсаев ашып, басқосудың мақсаты мен маңыздылығына тоқталды.


Алғашқы болып сөз алған Ұлттық Құрылтайдың I шақырылымының депутаты Жанарбек Әшімжан Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген басым бағыттарды тарқатып, ел дамуының алдағы кезеңіне арналған міндеттерге кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, Жолдауда көтерілген бастамалардың әрқайсысы елдің экономикалық әлеуетін арттыруға, халықтың әл-ауқатын жақсартуға және мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін күшейтуге бағытталған. Сондықтан белгіленген міндеттердің орындалуы тек мемлекеттік органдардың ғана емес, тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі болуы тиіс. Бұдан кейін сөз алған Құрылтай депутаты Мейраш Шынасылова өңірлердің даму қарқыны, ауыл тұрғындарын толғандырған мәселелер және жергілікті жерлердегі инфрақұрылымды жаңғырту қажеттігі туралы ой қозғады. Ол өз сөзінде:
— Біз, ең алдымен, осы өңірдің тумасы ретінде Алматы облысының тыныс-тіршілігін, тұрғындардың күнделікті мәселелерін жақсы білеміз. Сондықтан ел алдында тұрған міндеттердің бірі – ауыл тұрғындарының, аудан халқының талап-тілегін тыңдап, елдімекендердің өзекті мәселелерін билік өкілдерінің назарына жеткізу. Әрқайсымыз «Елімізге не қажет? Ауданымыздың дамуы үшін қандай жұмыстар атқарылуы керек? Облыстың әлеуетін қалай арттырамыз?» деген сауалдарға жауап іздеуіміз қажет, – деді. Спикердің айтуынша, мемлекет тарапынан бөлінетін қаражат пен Ұлттық қордың мүмкіндіктерін өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына тиімді бағыттау айрықша маңызды. Әсіресе халық саны қарқынды өсіп, өндірістік әлеуеті артып келе жатқан Қарасай, Іле, Талғар және Жамбыл аудандарында инфрақұрылымдық мәселелерді кезең-кезеңімен шешу қажеттігі туындап отыр. Осы ретте ауызсу, су құбырлары желісі, жол сапасы мен әлеуметтік нысандардың жағдайы күн тәртібінен түспеуі керек. Кейбір елдімекендерде ауызсу көзі болғанымен, оны тұрғындарға жеткізетін құбыр желілерінің әбден тозуы қосымша қиындық туғызып отырғаны айтылды. Сондықтан қолда бар қаржылық мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын уақытылы қолға алу қажет. Депутат Мейраш Шынасылова Мемлекет басшысының Жолдауында жол сапасы, көлік-логистика саласы, кәсіпкерлікті қолдау және экономиканы дамыту бағыттарына да ерекше назар аударылғанын атап өтті. Бұл міндеттерді жүзеге асыруда жергілікті атқарушы органдармен бірге депутаттардың да жауапкершілігі жоғары екенін жеткізді. Сондай-ақ бүгінгі кездесудің негізгі мақсаты тұрғындардың пікірін тыңдап, өзекті мәселелерді бірлесе талқылау екенін айтып, көпшілікті ұсыныс-пікірлерін ашық айтуға шақырды.
Жиында әлеуметтік салаға қатысты мәселелер де кеңінен қозғалды. Атап айтқанда, ең төменгі жалақы мөлшерін арттыру, азаматтардың табысын көтеру және әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібін жетілдіру жайы талқыланды. Бұл бағытта мінберге көтерілген Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Тұяқбаев ең төменгі жалақы мөлшерін арттыру мәселесі қазіргі уақытта жан-жақты зерделеніп жатқанын жеткізді. Оның түсіндіруінше, мұндай өзгеріс тек мемлекеттік қызметшілерге ғана емес, еңбекақысы ең төменгі жалақы көрсеткішіне тәуелді азаматтық сала қызметкерлеріне де тікелей әсер етеді. Олардың қатарында білім беру, денсаулық сақтау, коммуналдық шаруашылық және басқа да әлеуметтік бағыттарда еңбек етіп жүрген мамандар бар.
Осыған байланысты тиісті есеп-қисап жүргізіліп, Мемлекет басшысының тапсырмасын 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асыру көзделіп отырғаны айтылды. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – еңбек адамдарының табысын арттырып, әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік жасау. Сонымен қатар әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібіне қатысты қоғамда туындаған сауалдарға да түсініктеме берілді. Спикердің сөзінше, жүргізіліп жатқан реформаның түпкі мақсаты – бюджет қаражатын баршаға бірдей үлестіру емес, шын мәнінде көмекке мұқтаж азаматтарды анықтап, мемлекеттік қолдауды соларға бағыттау. Осы орайда әлеуметтік көмекті есептеу әдістемесіне бірқатар өзгеріс енгізу қарастырылып жатқаны айтылды. Атап айтқанда, азаматтың атында жалғыз баспанасының немесе ипотека арқылы сатып алған үйінің болуы оны автоматты түрде әлеуметтік қолдаудан айыруға негіз болмауы тиіс. Сондай-ақ ауылдық жерлерде тұратын азаматтардың тұрмыс жағдайын бағалау кезінде күнделікті шаруашылыққа қажетті мүлік пен техниканы есепке алу тәртібін қайта қарау мәселесі де назарға алынған. Ербол Тұяқбаев бұл өзгерістердің барлығы азаматтардың нақты тұрмыс жағдайын ескере отырып жүзеге асуы керектігін атап өтті. Әсіресе әлеуметтік реформаларды асығыстыққа салмай, халықтың ұсыныс-пікірін назарға ала отырып жүргізудің маңыздылығына тоқталды.
Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, әлеуметтік төлемдер, жалақы мөлшері, инфрақұрылым және өңірдің даму перспективалары бойынша сауалдарын қойды. Ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері әр сұраққа жан-жақты жауап беріп, көтерілген мәселелерге қатысты тұжырымдарын жеткізді.

Суреттерді түсірген – Мұхтар Әукен


Құралбек СӘБИТОВ
Іле ауданы

↑