Қонаев қаласында «Заң және тәртіп» идеологемасы аясында «ҮЕҰ-ның азаматтық жауапкершілікті дамытуға қосқан үлесі» тақырыбында ұйымдастырылған Алматы облысының арасындағы үздік әлеуметтік жобалар байқауы жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Айта кетейік байқаудың негізгі мақсаты – «Заң және тәртіп» идеологемасы аясында үкіметтік емес ұйымдардың тиімді әлеуметтік бастамаларын қолдау, азаматтық жауапкершілікті дамыту және халықтың құқықтық мәдениетін арттыру. Байқау аясында Алматы облысының 23 үкіметтік емес ұйымынан барлығы 30 өтінім келіп түсті. Ұсынылған жобалар әлеуметтік маңыздылығы, өзектілігі, қойылған міндеттердің орындалу мүмкіндігі және нәтижелерінің тұрақтылығы сияқты бес негізгі критерий бойынша сараптамалық бағалаудан өткен. Конкурстық комиссияның сараптамалық отырысы өтіп, оның қорытындысы бойынша ең жоғары балл жинаған жеңімпаз жобалар анықталған.

Аймақтық кезеңнің жеңімпаздары анықталған жиында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Төлеген Кенжебеков, алдымен жобалардың маңыздылығын атап өтіп, байқау жеңімпаздарын арнайы Алғыс хаттармен марапаттап және 1 млн теңгеге дейінгі қаржылай сыйлықтарды табыстады.
«Үкіметтік емес ұйымдар сан түрлі саланы өркендетуге атсалысып келеді. Сондықтан оларды мемлекеттің сенімді серіктесі деуге толық негіз бар. Бүгінде олар еліміздің береке-бірлігін нығайтуға, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал азамат», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» қағидаттарын іске асыруға белсенді үн қосуда. Қазіргі кезде үкіметтік емес ұйымдар, оның ішінде қоғамдық қорлар мен бірлестіктердің қатысуымен әртүрлі әлеуметтік маңызы зор жобалар іске асуда. Бұл бастамалар өз кезегінде мемлекет және азаматтық қоғам арасындағы сенімді арттырып, тұрақты дамуға ықпал етеді», – деді жеңімпаздарды марапаттаған Төлеген Жолмырзаұлы.

Байқауда үздік деп танылған «PARYZ ЕРІКТІЛЕРІ» жастар қоғамдық бірлестігінің «НАРКО STOP» жобасы 1 000 000 теңге, ал «VECTOR» жастар қоғамдық ұйымының «Қайда жүгінемін?», «Exclusive Fund» қорының «ҮНДЕМЕУДІҢ ҚҰНЫ» сынды құқықтық жобалары 700 000 теңгелік қаржылай сыйлыққа ие болды. Үздік жобалардың бәрі кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған. «Буллинг – әлем бойынша көптеген балалар мен жасөспірімдердің психологиялық және физикалық денсаулығына әсер ететін өзекті мәселе. Ол мектепте, көшеде, интернетте және кез келген ортада болуы мүмкін. Буллингтің құрбаны болған баланың өз-өзіне деген сенімділігі жоғалып, күйзеліске ұшырайды, кейде тіпті оның ауыр психологиялық зардабы да болуы мүмкін. Сондықтан балаларды буллингтен қорғау – әрбір ата-ана мен мұғалімнің басты міндеттерінің бірі. Балалар арасындағы буллингтің алдын алуға және құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған 100 бөлімнен тұратын анимациялық веб-деректі сериал түсіруді қолға алдық», – деді марапаттау салтанатында сөз алған «Exclusive Fund» жеке қорының директоры Айдос Аманкелдіұлы.
Марапаттау рәсімі жеңімпаздарды құрметтеумен қатар, тәжірибе алмасу, табысты тәжірибелерді талқылау және үкіметтік емес ұйымдар арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту алаңына айналады. Шара барысында байқаудың барлық қатысушылары азаматтық қоғамды дамытуға , әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асырудағы белсенді қызметі және азаматтық жауапкершілікті нығайтуға қосқан үлесі үшін Алматы облысының ішкі саясат басқармасы басшысының Алғыс хаттарымен марапаталды.
Суреттерді түсірген – Аслан ҚАЖЕКЕ
Ерзат АСЫЛ
Қонаев қаласы

