Іле ауданының Өтеген батыр ауылында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіруге арналған жиын өтті. Ауданға атбасын тіреген республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері алдымен Өтеген батыр ауылындағы Мұқағали Мақатаев атындағы №13 орта мектепте ұстаздар қауымымен және әлеуметтік сала мамандарымен жүздесті.
Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты халыққа Жолдауын түсіндіруге арналған жиынды аудан әкімі Қайыржан Жақсымбетов ашып, жүргізіп отырды.
Мектептегі келелі басқосуға Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Тұяқбаев, ҚР Құрылтайы I шақырылымының депутаттары Жанарбек Әшімжан мен Мейраш Шынасылова, Іле аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Мәден Мұсаев қатысты. Жиында Мемлекет басшысы Жолдауда көтерген басты басымдықтар сөз болды. Әсіресе халықтың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру, еңбек қатынастарын реттеу, жұмыспен қамту және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелеріне мән берілді.
Алғашқы болып сөз алған Жанарбек Садықанұлы Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген негізгі басымдықтарға кеңінен тоқталып өтті.
– Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы – елдің ертеңін бағамдап, бүгінгі міндеттерді нақтылауға бағытталған маңызды құжат. Онда қоғамның сұранысы мен уақыт талабынан туындаған өзекті мәселелер қамтылған. Әсіресе экономиканы дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету, білім мен ғылымды жетілдіру, цифрландыру және мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту бағыттарына ерекше мән берілген. Бұл міндеттердің барлығы, түптеп келгенде, қарапайым халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталып отыр. Жолдаудың маңыздылығы – онда белгіленген міндеттерді қағаз жүзінде қалдырмай, нақты іске айналдыруда. Сондықтан әрбір азамат оның мазмұнын түсініп қана қоймай, ел дамуына өз үлесін қосуға ұмтылуы қажет, – деді ол.
Бұдан кейін сөз алған Құрылтай депутаты Мейраш Шынасылова кәсіпкерлікті қолдау, шағын және орта бизнестің әлеуетін арттыру, азаматтардың өз ісін ашуына жағдай жасау мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, кәсіпкерлік – экономиканың қозғаушы күші ғана емес, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын қалыптастырып, халықтың табысын арттыруға ықпал ететін маңызды сала.
– Ел экономикасының тұрақты дамуы үшін кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау айрықша маңызды. Шағын және орта бизнес өкілдеріне қолдау көрсету, олардың бастамаларын жүзеге асыруына мүмкіндік беру – экономикалық өсімнің негізгі тетіктерінің бірі. Әрбір өңірдің өзіндік мүмкіндігі мен әлеуеті бар. Сол мүмкіндікті тиімді пайдаланып, жергілікті кәсіпкерлердің жұмысын жандандыру қажет. Кәсіпкерлік дамыған жерде жаңа жұмыс орындары ашылып, тұрғындардың табыс көзі көбейеді. Бұл өз кезегінде әлеуметтік мәселелердің шешілуіне де оң ықпал етеді. Сондықтан мемлекет тарапынан ұсынылып отырған қолдау тетіктерін тиімді пайдаланып, азаматтарды өз ісін бастауға, кәсібін кеңейтуге ынталандыру маңызды. Әсіресе ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға басымдық берген жөн. Өйткені ауыл экономикасының нығаюы – тұтас өңірдің дамуына жол ашады, – деді Мейраш Шынасылова.
Кездесуде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Тұяқбаев әлеуметтік төлемдер жүйесі, халықты әлеуметтік қорғау шаралары, еңбек нарығындағы өзгерістер және ең төменгі жалақы мөлшеріне қатысты мәселелерді кеңінен тарқатты. Ол әлеуметтік саясаттың басты мақсаты – азаматтардың өмір сүру деңгейін жақсарту, көмекке мұқтаж азаматтарды қолдау және еңбек адамының табысын арттыру екенін атап өтті. Вице-министр өз сөзінде әлеуметтік төлемдердің тағайындалу тәртібі, мемлекеттік қолдау шараларының бағыттары мен еңбек қатынастарындағы өзгерістерге тоқталып, ең төменгі жалақы мөлшерінің азаматтардың тұрмыс деңгейіне тікелей ықпал ететінін жеткізді.
Осы реттегі Президент Жолдауында айқындалған міндеттерді халыққа түсіндіру және тұрғындардың ұсыныс-пікірін тыңдау мақсатындағы жиын Іле аудандық ауруханасында, Өтеген батыр ауылындағы №7 орта мектепте, Байсерке ауылындағы №28 мектеп-гимназиясы мен №12 орта мектепте өтті. Жиынға белсене қатысқан өңір тұрғындары, білім, денсаулық сақтау саласының мамандары ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелеріне сұрақтарын қойып, өздерін толғандырған мәселелерді алға тартты.
Құралбек СӘБИТОВ
Іле ауданы

