Таяуда Алатау қаласының білім беру ұйымдарында мектептің өзін-өзі басқару ұйымдары президенттері мен бала өкілдерін салтанатты ұлықтау рәсімі өтті.
Аталған іс-шараның басты мақсаты – оқушылардың көшбасшылық қабілеттерін дамыту, азаматтық белсенділігін арттыру, жауапкершілігін қалыптастыру және мектеп өміріндегі өзіндік үнін танытуға мүмкіндік беру.
Салтанатты шара аясында қала мектептерінің оқушылары арасында іріктеу жүргізіліп, Алатау қаласының мектеп президенті мен қалалық бала өкілі сайланды. Қуанышты жаңалық – мектебіміздің бала өкілі Аружан Нұрмұханбет іріктеуден сүрінбей өтіп, Алатау қаласының бала өкілі болып сайланды.
«Бұл – мектебіміз үшін үлкен мақтаныш әрі жас көшбасшының біліміне, белсенділігіне, бастамашылдығы мен ұйымдастырушылық қабілетіне көрсетілген зор сенім. Аружанның бұл жетістігі – өз қатарластарына үлгі болып, алға қойған мақсатына ұмтылуға шабыт беретін жарқын белес», – дейді мектеп директоры Макка Цулаева.
Жас көшбасшы болу – тек мәртебе ғана емес, үлкен жауапкершілік. Ол – өз ортасына үлгі болу, тың идеялар ұсыну, өзгелердің пікіріне құлақ асу және қоғам игілігі үшін аянбай еңбек ету.
Әрбір жас көшбасшы – жаңа идеяның бастаушысы, игі бастамалардың жаршысы. Аружан бағындырған жаңа белес қаншама жасөспірімдерге шабыт сыйлайтыны анық.
Толқын ОДАШҚЫЗЫ
Алатау қаласы

