Мемлекет басшысының 2026 жылғы Жолдауында білім мен ғылымды дамытуға, жасанды интеллект пен заманауи технологияларды кеңінен енгізуге басымдық берілуі – уақыт талабына сай қабылданған маңызды шешім. Бүгінгі бала – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын азамат. Сондықтан оның сапалы білім алып, заман талабына бейімделуі мемлекет дамуының басты шарттарының бірі деп есептеймін.
Ұстаз ретінде мені Президенттің білім беру инфрақұрылымын жаңғырту, мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсарту және мұғалімдердің әкімшілік жүктемесін азайту жөніндегі тапсырмалары ерекше қуантады. Мұғалімнің негізгі міндеті – қағаз толтыру емес, балаға білім беру, оның қабілетін дамыту және тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ету. Сондықтан педагогтерге шығармашылықпен жұмыс істеуге көбірек мүмкіндік берілуі қажет.
Жолдауда жасанды интеллектіні мемлекеттік басқару мен экономиканың түрлі саласына енгізу мәселесі де кеңінен қозғалды. Бұл бағыт білім беру саласы үшін де үлкен мүмкіндік ашады. Қазірдің өзінде цифрлық технологиялар сабақ өткізу әдістерін жетілдіруге, оқушылардың жеке қабілеттеріне қарай білім беру тәсілдерін қолдануға көмектесіп келеді. Дегенмен технология мұғалімді алмастырмайды. Керісінше, ұстаздың жұмысын жеңілдетіп, білім сапасын арттыруға қызмет етуі керек.
Еңбекшіқазақ ауданы – халқы көп, 79 ауыл орналасқан үлкен аудан. Сондықтан барлық мектепте сапалы интернеттің, заманауи компьютерлік құралдардың және цифрлық білім беру ресурстарының қолжетімді болуы аса маңызды. Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайтуға да басымдық берілуі қажет.
Меніңше, бүгінгі білім беру жүйесінің басты мақсаты – тек білімді оқушы тәрбиелеу емес, өз ойын еркін жеткізе алатын, сыни тұрғыдан ойлайтын, технологияны меңгерген және елінің болашағына жауапкершілікпен қарайтын азамат қалыптастыру.
Президент Жолдауында белгіленген міндеттер білім саласында нақты нәтижелерге жол ашады деп сенемін. Ұстаздар қауымы да осы өзгерістерге белсенді үлес қосып, білімді ұрпақ тәрбиелеу жолындағы еңбегін жалғастыра береді.
Шара ОМАРХАНҚЫЗЫ,
А.Жексембеков атындағы орта мектептің директоры
Еңбекшіқазақ ауданы

