Облыс әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатовтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның биылғы жылға арналған қорытынды отырысы өтті. Жиынға аудан-қала әкімдері бейнережим арқылы қатысты.
Отырыс барысында ауыл шаруашылығы, энергетика және денсаулық сақтау салаларындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау нәтижелері, сондай-ақ табиғи ресурстар және орман шаруашылығы салаларындағы ішкі талдау қорытындылары қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Мадияр Исебаев пен облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қанат Нүсіпбаев баяндама жасады.
Ең алдымен сөз алған ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Мадияр Исебаев ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге субсидия және ауылдық елдімекендер мен шағын қалалардағы кәсіпкерлерге микрокредит беру мәселелерін талдау барысында бірнеше сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен проблемалық сұрақтар анықталғанын жеткізді. «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау қорытындылары бойынша «Алматы ОблГаз Engineering» кәсіпорнында кейбір ұйымдастыру жұмыстары мен жанар-жағар май есебінде кемшіліктер анықталды. Сонымен қоса денсаулық сақтау басқармасына қарасты бірқатар мекемеде кадрлық құжаттамаларда, мемлекеттік сатып алу мен мүлік пайдалануда қателіктерге жол берілгеніне көз жеткіздік», – деді Мадияр Болатұлы.
Келесі кезекте қоршаған ортаны қорғау саласындағы есептілікті цифрландыру, орман шаруашылығында мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібін жетілдіру және қабылданатын шешімдердің ашықтығын арттыру мәселелері талқыланды. Сонымен қоса облыс әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырыстарын өткізудің 2027 жылға арналған жоспары бекітілді.
Жиында сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмысындағы оң өзгерістерді тілге тиек етті. «Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша Алматы облысында сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстар саны 28,6%-ға төмендеді. Бұл бағытта сіздермен бірлесіп атқарылған жұмыстың оң нәтижелерін атап өткен жөн. Дегенмен қол жеткізілген нәтижемен шектелмей, босаңсуға жол бермей, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарының алдын алу бағытындағы жұмысты одан әрі күшейту қажет. Сыбайлас жемқорлықпен күрес – әрбір мемлекеттік қызметкер мен мекеменің негізгі міндеті. Осы орайда, барлық салада, басшылық құрамнан бастап, «Заң мен тәртіп» қиғадатының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуіміз қажет», – деді Қанат Болатұлы.
Отырыс қорытындысы бойынша ведомстволық бақылауды күшейту, бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз ету және ұйым басшыларының дербес жауапкершілігін арттыру жөнінде қосымша шаралар айқындалды. Өз кезегінде Қанат Есболатов мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу, ішкі бақылау тетіктерін күшейту және заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берді.
Ерзат АСЫЛ

