Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Сенімге негізделген серіктестік

Сенімге негізделген серіктестік

33 қаралым

Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасып, нығаюында сыртқы саясат маңызды рөл атқарады. Еліміз Егемендік алғаннан кейін сыртқы саясатты жүзеге асыратын толыққанды дипломатиялық қызмет құрудың күрделі міндеті тұрды. Тәуелсіздіктің алғашқы айларында Қазақстанды санаулы мемлекеттер ғана таныды. Солардың қатарында Америка Құрама Штаттары да бар еді.

Қазақстанның сыртқы саясатындағы көпвекторлы бағыт аясында АҚШ-пен әріптестік ерекше маңызға ие. Бұл байланыстар саяси-дипломатиялық диалогтан бастап, сауда, инвестиция, энергетика, ядролық қауіпсіздік, мәдени-гуманитарлық салаларға дейінгі ауқымды қамтиды. Екі ел арасындағы қарым-қатынастар тек екіжақты шеңберде ғана емес, жаһандық және өңірлік деңгейдегі қауіпсіздік, тұрақтылық пен даму мәселелері тұрғысынан да маңызды. Қазақстан мен АҚШ арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1991 жылғы 26 желтоқсанда орнады. 1992 жылы екі ел астаналарында Елшіліктер ашылып, тұрақты дипломатиялық байланыс жүзеге аса бастады. Сол уақыттан бері екі мемлекет арасында жоғары деңгейдегі ресми сапарлар мен келіссөздер жүйелі түрде өткізіліп келеді. Екіжақты қарым-қатынастың басты бағыттары – ядролық қарудан бас тарту, өңірлік тұрақтылық, энергетикалық қауіпсіздік, сауда-инвестициялық әріптестік және демократиялық реформаларды қолдауға бағытталды.
Тәуелсіздік жылдарында сол кездегі ел Президенті Н.Назарбаев АҚШ-қа алты рет ресми сапармен барды. Бұл екі ел арасындағы одан әрі жемісті ынтымақтастықты дамытуға негіз болды. Мысалы, 1992 жылы мамырда АҚШ-қа алғашқы сапары кезінде сауда қатынастары туралы, инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы келісімге, сондай-ақ қосарланған салық салуды болдырмау туралы конвенцияның жасалуы туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойылды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ядролық қарудан бас тарту саласындағы ынтымақтастық басты басымдық болды. Қазақстан ядролық арсеналдан ерікті түрде бас тартып, Семей полигонын жапты. Бұл әрекет халықаралық қауымдастықтың, әсіресе АҚШ-тың зор қолдауына ие болды.
Екі ел арасындағы байланыс тек саяси деңгейде ғана емес, сонымен қатар жаһандық қауіпсіздік, ядролық қаруды таратпау және демократиялық реформалар аясында да маңызды орын алады. Қазіргі кезеңде бұл қатынастар стратегиялық әріптестік деңгейіне көтеріліп, болашақта да өзектілігін сақтай бермек. Қазақстан мен АҚШ «С5+1» диалог форматында да өзара әрекеттеседі (Орталық Азияның бес мемлекеті және АҚШ). Мұнда да сауда және инвестиция мәселелері қаралады. Алғашқы «C5+1» кездесуі 2021 жылдың 16 қыркүйегінде өтті. Ол виртуалды болды және жылдың басты тақырыбы – климатқа арналды. АҚШ президентінің климат мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Джон Керри өкілдік еткен америкалықтар Орталық Азия елдерінің парниктік газдар шығарындыларын азайту үшін нақты қадамдар жасауға дайын екеніне сенімді болды. Қазақстан, атап айтқанда, 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына және 2030 жылға қарай жаңартылатын энергияның 15 пайыздық үлесіне қол жеткізуге міндеттенді. Біздің елдер үшін, ең бастысы, БҰҰ-да ілгерілетіп отырған Арал проблемасы бойынша ұстанымымызға АҚШ-тың қолдауы болды.
Қазақстан Тәуелсіздік алғалы 35 жыл ішінде АҚШ Қазақстан экономикасына 100 миллиард АҚШ долларынан астам сомада тікелей инвестиция салды. Соңғы бір жылдың өзінде екі ел компаниялары жалпы құны 17 мил­лиард доллар болатын маңызды келісім­дерге қол қойған. Мысалы, Chevron компаниясы Теңізшевройл жобасының 50%-на иелік етеді, ExxonMobil – Қашаған және Қарашығанақ жобаларына қатысушы. General Electric, Boeing, Microsoft, Oracle сынды ірі америкалық компаниялар Қазақстанда өкілдіктерін ашқан.
АҚШ инвестиция салған бірқатар іргелі кәсіпорын Алматы облысына ірге тепкен. Олар аймақ экономикасына айтарлықтай үлес қосып келеді. Айталық, бюджетке ең көп салық аударған кәсіпорын – Philip Morris Kazakhstan. Іле ауданында орналасқан компания биылғы тоғыз айда 163,04 млрд теңге салық төлеген. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 183,62 млрд теңге болған. Сонымен қоса Coca-Cola Almaty Bottlers компаниясы бар. Қарасай ауданындағы кәсіпорын биылғы тоғыз айда бюджетке 62,31 млрд теңге салық аударған. 2025 жылы бұл сома 60,05 млрд теңге болған.
Соңғы жылдары екі ел цифрлық трансформация, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және инновациялық технологиялар бағытында бірлескен жобалар жүргізуде. Оның қатарында Astana Hub пен Кремний алқабы арасында серіктестік орнағанын және Microsoft, Cisco, Google секілді АҚШ IT-алыптары Қазақстанда білім, стартап және инновацияны дамыту жобаларын іске асырып жатқанын атап өтуге болады.
Өткен жылы қараша айында АҚШ-қа ресми сапармен барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақ үйде Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамппен келіссөз жүргізді. Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті тереңдету, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту және жаһандық қауіпсіздік мәселелерін талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа жасаған сапары екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтып, жаңа мүмкіндіктер ашты. Бұл сапар Қазақстанның сыртқы саясатындағы маңызды қадам болып саналады және еліміздің халықаралық аренада өз позициясын одан әрі бекітуіне ықпал етті. Келіссөздер нәтижесінде құны 17 млрд АҚШ долларынан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамптың әлемдік саясаттағы рөлін жоғары бағалап, оның басшылығымен АҚШ-тың халықаралық аренадағы ықпалы күшейіп келе жатқанын атап өтті.
Қазақстан мен АҚШ арасындағы мәдени байланыстар Тәуелсіздік жылдарынан бастап дами түсті. Бұл қатынастар халықтар арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты арттырып, рухани көпір қызметін атқаруда. Екі ел әртүрлі өркениеттік кеңістіктерге жатса да, мәдени алмасуға, білім мен өнер саласындағы серіктестікке үлкен мән беріп келеді. Сонымен қатар АҚШ – Қазақстанның білім беру саласындағы басты серіктестерінің бірі. Екі ел арасында академиялық ұтқырлық, ғылыми-зерттеу жобалары, шәкіртақы бағдарламалары және университетаралық ынтымақтастық дамып отыр. Айталық, АҚШ Bolashaq бағдарламасы аясында ең көп қазақстандық стипендиат жіберілетін елдердің бірі. 1994 жылдан бастап 4 000-нан астам студент АҚШ-та білім алған. Бүгінде АҚШ Қазақстанда ағылшын тілін оқыту мен таратуды тұрақты түрде қолдап келеді.
Күні кеше облыс әкімі Шыңғыс Әрінов АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулы Питер Кауфманмен кездесіп, сауда-экономикалық, гуманитарлық, инновация, инвестиция және басқа да салалардағы ынтымақтастықты арттыру барысын талқылады. Өз кезегінде аймақ басшысы бүгінде Алматы облысында америкалық компаниялардың қатысуымен жалпы құны 248,5 млрд теңгені құрайтын үш инвестициялық жоба қолға алынғанын жеткізді. Ал Бас консул облысымызда іске асып жатқан АЭС, Alatau City сияқты жобаларға АҚШ инвесторларының қызығушылығы жоғары екенін тілге тиек етті.
Қысқасы, болашақта да Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы стратегиялық әріптестік одан әрі тереңдей түсіп, жаңа сапалық деңгейге шығуы әбден мүмкін. Бұл үшін екі ел де ортақ мүдде мен сенімге негізделген сындарлы саясат жүргізіп келеді.

Ерзат АСЫЛ

↑