Перейти к содержимому

Өркен жайған өлке

39 қаралым

Облыс әкімі Шыңғыс Әрінов Талғар ауданының тұрғындары­мен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын баяндады. Жиын барысында кәсіп­керлік пен инвестиция тарту, туризм мен ауыл шаруашылығы саласын дамыту, жер ресурстарын тиімді пайдалану, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, сондай-ақ баспанамен қамту, білім беру, спорт және қоғамдық қауіпсіздік мәселелері жан-жақ­ты сараланды. Кездесуде аймақ басшысы Шыңғыс Сайранұлы мен Талғар ауданының әкімі Әнуар Әскербеков атқарылған жұмыстардың есебін берді. Жергілікті халық өзекті сұрақ­тарын қойып, тұщымды жауап алды. Азаматтардың жеке мәселелері бойынша да қабылдау өткізілді.

Өнеркәсіп – экономика тірегі

Аудан экономикасының негізгі тірегі – кәсіпкерлік пен өнеркәсіп саласы. Қазіргі таңда ауданда 22,4 мың кәсіпкер тіркелген. Бұл бағытта 43 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Биыл өндірілген өнім көлемі 560 млрд теңгені құрап, 127,4 пайызға өсті. Нәтижесінде бюджетке 34,7 млрд теңге салық түсті. «Бүгінде облысқа тартылған инвестицияның 12,7%-ы Талғар ауданына тиесілі. Биыл іске асырылған алты инвестициялық жобаның ішінде «SAN tyres» сауда-логистикалық хабы, «MK.PIMC.KZ» модульдік бетон үйлер өндіретін зауыты, «AMANAT» көлік-логистикалық орталығы бар. Бұған қоса, жыл соңына дейін 10 жоба аяқталады. Олардың қатарында «СтройИнвест» көпфункционалды өндірістік-логистикалық кешені, «Uneed Us» асфальтбетон қоспаларын өндіретін зауыты және «Alatau Green Production» жылыжай өндірісі бар», – деді Шыңғыс Сайранұлы.

Туризм түлеп келеді

Жыл басынан Талғар ауданына 60 мыңға жуық турист келді. Көрсетілген туристік қызметтердің көлемі 136,6 пайызға артып, 2,5 млрд теңгеге жетті. Бүгінде аудан Алматы тау кластерінің негізгі орталықтарының бірі ретінде дамып келеді. Мәселен, «Oi-Qaragai» курортын Ақтас бағытына дейін кеңейту жобасына 50 млрд теңгеден астам инвестиция салынып, 2 шақырым су құбыры тартылды. Енді электрмен жабдықтау және жолдарды жаңғырту мәселесі пысықталуда. Сонымен қатар «Bizdin аuyl» демалыс аймағына 1,5 млрд теңге инвестиция тартылып, елу адам жұмыспен қамтылды. Бүгінде 25 гектар аумақты алып жатқан демалыс орны жылына 40 мыңға жуық турист қабылдайды.

Ауыл шаруашылығындағы серпіліс

Ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 19,9 млрд теңге болатын 3 жаңа инвестициялық жоба іске асырылуда. Олардың қатарында жылына 2 000 тонна тосап пен джем өндіретін цехтың құрылысы, 8 гектар аумақтағы жылыжай кешені мен 40 түрлі көшетті өсіретін тәлімбақтың жобасы бар. 
Бүгінде жиын-терін толық аяқталып, 111,6 мың тонна өнім жиналды. Биыл 3897 гектарға су үнемдеу технологиясы енгізілді. Нәтижесінде суармалы жерлердің 12188 гектарына, яғни 63%-ына аталған технология орнатылды.
Пайдаланылмай жатқан жерлердің жартысынан көбі, нақтырақ айтсақ, 3,8 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның 2,3 мың гектары аудан аумағындағы инвестициялық жобаларды іске асыруға ұсынылды. Сонымен қатар 705 гектар жер Нұра ауылдық округінің тұрғындарына ортақ жайылым ретінде берілді.

Жол инфрақұрылымы жаңаруда

Осы жылы аудан бойынша 3,6 млрд теңгеге 77,5 шақырым жол жөнделді.
«Алматы қаласының шекарасынан басталатын Құлжа тасжолының 12 шақырымында абаттандыру жұмысы жалғасуда. Алатау тасжолының 2,7 шақырымын кеңейту жұмысы жүргізіліп жатыр. Ал «Алматы – Талғар – Бәйдібек би» автомагистралінің 8 шақырымын күрделі жөндеу алдағы жылға жоспарланған. Жоба аясында күрежолдың ені 4 жолаққа дейін кеңейтіліп, жарықтандырылады және жаяу жүргіншілер жолы салынады», – деді облыс әкімі.

Баспана бақыты

Бүгінде ауданда 9677 азамат үй кезегінде тұр. Соңғы екі жылда әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға 385 пәтер табысталды. Өткен айда Тұздыбастау және Түзусай ауылдарында 55 отбасы жаңа баспанаға қоныстанды.
Тұрғындарды көгілдір отынмен және тіршілік нәрімен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс атқарылуда. «Талғар ауданындағы 46 елдімекеннің 42-сі табиғи газбен қамтылған, бұл жалпы елдімекендердің 91,3%-ын құрайды. Биыл Қаратоған, Нұра, Өстемір және Туғанбай ауылдарын газдандыру жұмысы жүргізілуде және келесі жылы аяқтау жоспарлануда. Ауызсу сапасын жақсарту мақсатында Бесағаш ауылының оңтүстігіндегі жұмыстар тәмамдалып, пайдалануға берілді. Ал Кіші Байсерке және Ақдала ауылдарында 1 850 абонентті қамтитын, ұзындығы 52 шақырым су құбырын тарту жұмысы жүргізілуде», – деді облыс әкімі.
«Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында Тұздыбастау ауылында демеушілердің қолдауымен жаңа өрт сөндіру бекеті бой көтерді. Селден қорғау жұмысын күшейту мақсатында «Қазселденқорғау» мекемесінің облыстық филиалына қарасты «Талғар» диспетчерлік пункті қайта жаңғыртылып, іске қосылды.

Құрылыс қарқын алды

Ауданда «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 5 700 орынды 7 мектеп салынды. Нәтижесінде 5 мектептегі үшауысымды оқыту мәселесі және 2 мектептегі оқушы орнының тапшылығы шешілді. Қазіргі таңда үшауысымда оқитын бір білім ошағы ғана қалды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Жібек Жолы ауылы мен Талғар қаласындағы мектептер күрделі жөндеуден өтті. 
Бүгінде «Атлетико де Мадрид Қазақстан» футбол академиясында 10 000 көрерменге арналған үлкен стадион салу көзделіп отыр. Сонымен қатар Талғар қаласында халықаралық деңгейдегі балалар футбол академиясының құрылысы жүргізілуде. Нысан 2027 жылдың бірінші жартыжылдығында пайдалануға беріледі.

Қылмысқа жол жоқ

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселе­сі басты назарға алынған. Атап айтқанда, аудандық поли­ция басқармасының жеке құрамы 62 қызметкер­ге толықты және 1113 бейнекамераны біріктіретін жедел басқару орталығы іске қосылды. Осының нәтиже­сінде биыл қылмыс саны 27,8%-ға азайды.

Тұрғындар сауалы

Жиын барысында жергілікті халық толған­дырған сауалдарын қойып, жауапты мамандардың түсіндірмесін тыңдады. Сұрақтардың көбі жарық, газ, ауызсу, жол инфрақұрылымына қатысты болды. Мәселен, Тұздыбастау мен Бесағаш, Қайнар ауылының және Талғар қаласындағы бірқатар ықшамауданның тұрғындары сапалы ауызсуға қол жеткізе алмай әбігерге түскендерін айтады. Мамандардың сөзінше, бұл мәселе халық санының артуына байланысты туындап отыр. Келесі жылы инженерлік инфрақұрылым бойынша жаппай жобалық-сметалық құжаттар дайындалады. Олардың қатарында Кеңдала, Бесағаш, Тұздыбастау және Қызылту ауылдары бар. Қаржысы бөлінгеннен кейін құрылыс басталады.
Тағы бір тұрғын Алатау тасжолының бойындағы жол жөндеу жұмысы қашан аяқталатынын сұрады. Себебі құрылыс мектеп оқушыларының қатынауына біршама қиындық келтіріп отыр. «Аталған мәселелерді ескере отырып, жұмыс күшін көбейттік. Қысқа дейін білім ошағынан айналма жолға дейінгі аймақтағы жұмыс аяқталады. Сондай-ақ жол бойына саябақ салып, арықтарды ретке келтіреміз. Жұмыс сапасы бақылауда», – деді аймақ басшысы.
Талғар қаласының тұрғыны экологиялық қауіпсіздік мәселесін көтерді. Оның сөзінше, қала маңындағы қос бірдей өндіріс ошағы тұрғын үйлерге тым жақын орналасқан. Шыңғыс Сайранұлы бұл мәселені жеке қадағалауына алатынын және кәсіпорындарға өзі барып тексеретінін жеткізді.
Қызылқайрат ауылының халқы елдімекендегі мектепке балалар сыймай жатқанын хабарлады. Биылдың өзінде 250-ге жуық бала бірінші сыныпқа қабылданған. Кейбірі балаларын өзге ауылдарға тасымалдап оқытатын көрінеді. Бірақ оған барлық ата-ананың мүмкіндігі бола бермейді. Байбұлақтағы 300 орынды мектепке де дәл осындай жағдай туындап отыр. Аудан әкімінің сөзінше, 2023 жылы ауданда үшауысымды 6 мектеп болған. Ал қазір біреуге қысқарды. Алдағы уақытта мектептегі орын тапшылығы мәселесін инвесторлар тарапынан шешу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Кездесу қорытындысында облыс әкімі тұрғындар тілегі ескерусіз қалмайтынын және мәселелер жан-жақты зерделеніп, кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.

Гүлзат БАЙҚОНЫС

Талғар ауданы

↑