Қызылшаға қарсы жүргізілген қосымша иммундау жұмыстары өңірдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік берді. 2023–2024 жылдары 5 271 жағдай тіркелсе, 2025–2026 жылдары бұл көрсеткіш 7,2 есеге төмендеп, 727 жағдайды анықталған. Аурушаңдықтың азаюына 2024–2025 жылдары 118 мың адамды қамтыған қосымша вакцинация жұмыстары ықпал етті. Бұл туралы баспасөз мәслихатында сөз алған Алматы облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департамент басшысының орынбасары Саулет Капсаламова баяндады.
Сала маманының сөзінше, Қызылша жұқтырғандардың 74 пайызы 5 жасқа дейінгі балалар. Ал ауырғандардың 73 пайызы вакицина салмағандар. Оның ішінде 30 пайызы екпе жасына жетпегендер, 32 пайызы медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты вакцина алмағандар, 38 пайызы екпеден бас тартқандар. Қызылша – ауа арқылы таралатын аса жұқпалы вирустық инфекция. Иммунитеті жоқ ортада бір науқас 18 адамға дейін ауру жұқтыруы мүмкін. Оның қауіптілігі – адам бөртпе пайда болғанға дейін төрт күн бұрын да инфекция көзіне айналады. Сондықтан аурудың таралуын тежеу үшін халық арасында ұжымдық иммунитет деңгейін кемінде 95 пайызға жеткізу қажет.
«Инфекцияны жеңіл ауру деп қабылдауға болмайды. Ол пневмония, отит, энцефалит сияқты ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Әсіресе кішкентай балалар үшін қауіпті. Қызылшаның тағы бір қатерлі салдары – жеделдеу склероздаушы панэнцефалит (ЖСПЭ). Бұл ауру инфекциядан кейін бірнеше жыл өткен соң дамып, миды үдемелі зақымдауы мүмкін. Өкінішке қарай, оны толық емдейтін тиімді әдіс әзірге жоқ», — дейді Саулет Капсаламова.
Мамандардың айтуынша, қызылшадан қорғанудың негізгі жолы – вакцинация. Қазақстанның ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес ҚҚП вакцинасы балаларға 12 айлығында және 6 жасында салынады. Екі дозадан кейін шамамен 97–99 пайыз адамда қорғаныш иммунитеті қалыптасады. Ал науқаспен байланыста болған екпе алмаған адамдарға алғашқы 72 сағат ішінде шұғыл вакцинация жүргізу маңызды.
Биыл Алматы облысында жоспарланған 16 947 баланың 70 пайызы вакцина алды. Сонымен қатар 650 медицина қызметкері егілді. Толықтыра иммундау аясында 18 жасқа дейінгі 3 212 бала вакцинамен қамтылды.
Эпидемиологиялық ахуалды бақылау мақсатында ұйымдасқан ұжымдарда 101 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 37 әкімшілік шара қолданылды. Халықты профилактикалық екпелермен қамтуды арттыруға бағытталған 2026–2027 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілді. Вакцинация көрсеткіштеріне тұрақты мониторинг жүргізіліп, медициналық қарсы көрсетілімдердің негізділігі тексерілуде. Сонымен қатар вакцинациядан бас тартқан азаматтар арасында медицина мамандарының қатысуымен түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылуда.
«Алатау – Ақпарат»

