Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / «ШАБЫТ ПАЛИТРАСЫ: ҰЛТТЫҚ ӨНЕР ЖӘНЕ ЖАҢА КӨЗҚАРАС» – ӨНЕР АРҚЫЛЫ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ҰЛЫҚТАУ

«ШАБЫТ ПАЛИТРАСЫ: ҰЛТТЫҚ ӨНЕР ЖӘНЕ ЖАҢА КӨЗҚАРАС» – ӨНЕР АРҚЫЛЫ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ҰЛЫҚТАУ

43 қаралым

«Ұлттық өнерден – заманауи шығармашылыққа» атты эстетикалық пәндер онкүндігі аясында Алатау қаласындағы Gate City тұрғын үй кешені маңында орналасқан «Келешек» №20 жалпы орта мектебінде оқушылардың шығармашылық қабілеттерін шыңдау, бейнелеу өнеріне деген қызығушылығын арттыру және ұлттық өнерді заманауи көзқараспен ұштастыру мақсатында «Шабыт палитрасы: ұлттық өнер және жаңа көзқарас» атты сурет байқауы ұйымдастырылды.
Өнер – ұлттың рухани болмысын, мәдениеті мен дүниетанымын танытатын асыл қазына. Ал жас ұрпақтың бойына осы құндылықтарды сіңіру, олардың шығармашылық әлеуетін дамыту – білім беру жүйесіндегі маңызды міндеттердің бірі. Осы орайда ұйымдастырылған байқау оқушылардың өз қабілеттерін танытып, қиялына қанат бітіріп, өнер әлеміне еркін қадам басуына мүмкіндік берді.
Байқау барысында жас суретшілер қазақ халқының бай мұрасын, ұлттық салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын, туған жердің көркем табиғатын, ұлттық ою-өрнектер мен тұрмыс-тіршілігін өз туындыларына арқау етті. Әрбір суреттен оқушылардың туған елге деген сүйіспеншілігі, ұлттық мәдениетке деген құрметі және өзіндік шығармашылық ізденісі айқын көрініс тапты.
Бірі қазақ даласының әсем табиғатын бояулар арқылы сөйлетсе, енді бірі ұлттық нақыштағы ою-өрнектерді заманауи композициялармен үйлестіріп, тың идеяларын ұсынды. Шығармашылық жұмыстардан дәстүр мен жаңашылдықтың жарасымды үндестігі, ұлттық өнерге деген ерекше ықылас пен эстетикалық талғам байқалды.
Байқаудың басты ерекшелігі – оқушылардың ұлттық құндылықтарды тек дәстүрлі үлгіде ғана емес, бүгінгі заманның көркемдік тілімен жеткізуге ұмтылуы. Бұл – жас буынның төл мәдениетін терең түсініп қана қоймай, оны жаңа қырынан танытуға деген талпынысының айқын көрінісі.
Мұндай шығармашылық шаралар оқушылардың көркемдік ойлау қабілетін дамытып, эстетикалық талғамын қалыптастырумен қатар, олардың бойында табандылық, ізденімпаздық, еңбекқорлық және өз жұмысына жауапкершілікпен қарау қасиеттерін тәрбиелейді. Сонымен қатар әр баланың бойындағы жеке қабілетін ашуға, өзіне деген сенімін арттыруға ықпал етеді.
Ұлттық өнерді ұлықтау – өткенге тағзым ғана емес, болашаққа бағытталған рухани инвестиция. Себебі өз тарихын, мәдениетін және өнерін құрметтеген ұрпақ қана ұлттық болмысын сақтап, оны келешекке жеткізе алады.
Іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан көркем еңбек пәні мұғалімдері О.Бекібай, У.Баяндиева , А.Құрманбай, С.Тоғызбаев оқушылардың шығармашылық ізденісіне бағыт-бағдар беріп, олардың өнерге деген қызығушылығын арттыруға өз үлестерін қосты.
«Келешек» №20 мектебінде өткізілген бұл байқау – білім ордасында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, шығармашылыққа қолдау көрсету және жас таланттардың қанатын қатайту бағытындағы игі бастамалардың бірі.
Толқын ОДАШҚЫЗЫ
Алатау қаласы

↑