Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Қонаев қаласында «Қыс-2026» оқу-жаттығуы өтті

Қонаев қаласында «Қыс-2026» оқу-жаттығуы өтті

35 қаралым

Қонаев қаласында «Қыс-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті. Шара барысында алдағы уақытта күннің суытатындығына байланысты қалалық қызметтердің ықтимал төтенше жағдайларға дайындығы тексерілді. Практикалық іс-шаралар жылумен қамту нысанындағы апат кезінде әрекет ету, зардап шеккендерді құтқару және қыс мезгілінде тұрғындарға көмек көрсету тәртібін пысықтауға бағытталды.
Оқу-жаттығу сценарийі бойынша сыртқы ауа температурасы -25 градусқа дейін төмендеген. Қалалық «Қонаев жылу орталығы» аумағындағы қазандық жабдықтарынан шартты түрде өрт шығып, салдарынан бірнеше жұмысшы жарақат алған. Жылу орталығының жұмысы ішінара тоқтап, қаладағы тұрғын үй кешендерінің бірі жылусыз қалған. Осыған байланысты, әсіресе балаларға, қарт адамдарға және қозғалу мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қауіп төнген.
Шартты апатты жою үшін қалалық азаматтық қорғау жүйесінің күші жұмылдырылды. Өрт сөндіру-құтқару бөлімшелері барлау жұмыстарын жүргізіп, зардап шеккендерді эвакуациялады және өртті сөндірді. Медициналық қызмет шұғыл көмек көрсету мен зардап шеккендерді қалалық ауруханаға жеткізу тәртібін көрсетті. Ал апаттық және коммуналдық қызметтер зақымданған жабдықтарды қалпына келтіру және жылу беруді қайта іске қосу жұмыстарын пысықтады.
«Жылу орталығы» ШЖҚ МКК директоры Ержан Шоқан оқу-жаттығудың практикалық кезеңіне оң бағасын берді. Оның айтуынша, сценарийде көзделген барлық міндет орындалып, қызметтер арасындағы өзара іс-қимыл үйлесімді жүргізілген. Қатысушылар жылумен жабдықтау жүйесінде болуы мүмкін апаттарға жедел әрекет етуге дайын екендіктерін көрсетті. Сонымен қатар тұрғындарды уақытша орналастыру қажет болған жағдайда атқарылатын іс-қимыл алгоритмі де тексерілді. Сценарий бойынша мобильді жылыту пунктін ашу, тұрғындарды ыстық тамақпен, ауызсумен және жылы киіммен қамтамасыз ету, сондай-ақ балаларды, қарт адамдарды және жүріп-тұруы қиын азаматтарды эвакуациялау қарастырылды. Іс-шараға әкімдік, полиция, энергетика, көлік және әлеуметтік қызметтердің өкілдері де қатысты.
– Бүгінгі оқу-жаттығу республикалық деңгейде өткізіліп жатыр. Оның басты мақсаты – қаланың азаматтық қорғау күштері мен құралдарын қысқы кезеңде болуы мүмкін төтенше жағдайларға дайындау. Оқу-жаттығу барысында түрлі сценарийлер мен міндеттер пысықталады. Мұндай іс-шаралар жыл сайын ұйымдастырылады. Сонымен қатар әр маусымға тән табиғи құбылыстарды ескере отырып, көктемгі, жазғы және күзгі оқу-жаттығулар да өткізіледі, – деді Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаменті Қонаев қаласының төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары Дидар Асқарбекұлы.
Оқу-жаттығу барысында тұрғындарға жедел хабарлау жүйесінің жұмысы, апаттық бригадалардың жету уақыты, арнайы техниканың дайындығы және қажетті жабдықтардың бар-жоғы да тексерілді.
Іс-қимылдарды қорытындылау кезінде қызметтердің өзара әрекеттесуі, қойылған міндеттердің орындалуы және қалалық бөлімшелердің қысқы кезеңдегі төтенше жағдайлар кезінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайындығы бағаланды. Анықталған кемшіліктерді белгіленген мерзімде жою тапсырылды.


Алма ЕСЕНБАЙ

↑