«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, баспасөз – ел өмірінің айнасы, қоғамның шежіресі, халықтың үні. Ғасырға жуық уақыт бойы ауданымыздың тыныс-тіршілігінен сыр шертіп, өңір жаңалықтарын оқырманға жеткізіп, ел мен жердің тарихын қаттап келе жатқан аудандық «Балқаш өңірі» газетінің 90 жылдық мерейтойына орай Балқаш аудандық кітапханасының ұйымдастыруымен «Аманат арқалаған «Балқаш өңірі» атты тағылымды кездесу кеші өтті.
Шараға аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Бақыт Сқабаев, газет ардагерлері Серік Бекжігітов, Зәуреш Демеуқұлова, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Гүлзат Сәлімжанова, «Балқаш өңірі» газетінің жауапты хатшысы Бақтығали Дәуітбай, басылым қызметкерлері Айна Ашнамова, Жұбаныш Көпбосынова қатысты.
Шара шымылдығы аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Гүлзат Мәметнұрқызының құттықтау лебізімен және «Балқаш өңірі» газетінің ұжымын марапаттауымен ашылды. Газет – уақыт айнасы, ел тарихының шежіресі. Оның әрбір санында ауданымыздың тыныс-тіршілігі, рухани-мәдени дамуы, жағымды жаңалықтар, еңбек адамдарының жетістігі мен халықтың тағдыры көрініс табады.
Тоқсан жылдық белеске жеткен басылымның артында қаншама еңбек, қаншама тағдыр мен естелік жатыр. Еркін форматта өткен шарада газеттің тарихынан сыр шертіліп, басылым ардагерлері Б.Сқабаев, С.Бекжігітов пен З.Демеуқұлова бастарынан кешкен қызықты оқиғаларымен, естеліктерімен бөлісті.
Газет жұмысы сырт көзге мақала жазу мен жаңалық жариялаудан ғана тұратындай көрінуі мүмкін. Ал оның артында ізденіс, сапар, кездесу және үлкен жауапкершілік бар. Шығармашылық жолында аянбай тер төгіп, аудан халқына дайын өнімін ұсынып жүрген «Балқаш өңірі» газетінің ұжымын тағы бір мәрте торқалы мерейтойымен құттықтаймыз!
Шырын Бөлтірікова,
Балқаш аудандық кітапханасының қызметкері

