Перейти к содержимому

Ұстаз ұлағаты

26 қаралым

Ұлағатты ұстаздан шәкірттің қашанда үйренері көп, түйері мол. Кеген ауданы Ақтасты орта мектебінің математика пәні мұғалімі Бекмұрат Әріпжанұлы да жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беріп келеді.

Әріптестерінің арасында сыйлы, оқушыларының сүйікті ұстазына айналған кейіпкеріміз 1981 жылы 12 сәуірде Ақтасты ауылында дүниеге келіп, осы елдімекендегі орта мектепте білім алған. 1999 жылы Абай атындағы мемлекет­тік университетіне оқуға түсіп, математика және информатика пәні мұғалімі мамандығы бойынша диплом алды.
Еңбек жолын Әлмерек ауылындағы №25 орта мектепте математика пәні мұғалімі болып бастады. Одан кейін Талды орта мектебінде жұмыс істеді. 2004 жылдан бері Ақтасты орта мектебінде қызмет етіп келеді. Қазір директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары. Үздіксіз ізденісте жүретін Бекмұрат Әріпжанұлы бүгінде педагог-зерттеу­ші санатына көтерілген. 
– Менің мұғалім мамандығын таңдаудағы басты мақсатым – ұлтқа қызмет ететін білімді, жаңашыл көзқарастағы ұрпақ тәрбиелеу, – деген ұстаз оқушыларды ұл­жандылыққа, шыдамдылыққа, намыс­шыл болуға үйретуде ер-азамат­­тардың рөлі зор екенін айтады. Оның зайыбы Сәуле Нұрлиханқызы да бастауыш сыныптың мұғалімі.
«Ұстазды алтын діңгекке балар едім» деп ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин айтқандай, мұғалім – мәртебелі мамандық. Бекмұрат Әріпжанұлы өскелең ұрпақа сапалы білім мен тәрбие беруде қосқан үлесі үшін аудан әкімінің Алғыс хатымен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Туған жеріне ту тігіп, ел бола­шағын тәрбиелеуге бар күш-жігерін арнаған осындай азаматтар барда, қоғамды дамуға бастайтын білімді ұрпақ та көбейе түсетіні анық.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы

↑