Перейти к содержимому

Тәңіртауға тағзым

23 қаралым

Қасиетті Қарасаз ауылындағы Мұқағали Мақатаевтың әдеби-мемориалды музейінде «Поэзия патшалығының» кезекті қонағы – ақын, драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бақыт Беделханмен «Тәңіртауға тағзым» атты кездесу өтті. Отты жырларымен, өткір ойларымен халық жүрегінен берік орын алған ақынмен жүздесудің жиналған қауымға берері мол, әсері ерекше болды.

Поэзияның парқын білетін жандарға Бақыт Беделханның шығармашылығы жақсы таныс. Ақын өлеңдерін түсіну үшін оның әлеміне, жаратылысына бойлай білу қажет. Біз білетін Бақыт Беделхан – Алаштың бағына біткен арда ақын, Қарадаланың талантты, елжанды перзенті. Әдетте, түрлі жиын-тойларда ақынды сахнадан тамашалаған бір бөлек те, «Поэзия патшалығы» кешінде оның бар болмысын көзбен көріп, терең философияға негізделген жырларын өз аузынан тыңдаудың жөні тіпті бөлек. Ақын өлеңдері поэзияға деген махабатты оятып, естіген құлақты еріксіз ұйытады.
Облыстық музейлер бірлестігі ұйымдастырған әдеби кешті әдеттегідей ақын Айбек Ережеп тізгіндеді. Ол Бақыт Беделханның болмысы мен шығармашылығын жан-жақты ашуға тырысты. Сұрақтары оқырманның да ойын қозғап, поэзия әлемінің біз біле бермейтін қыры мен сырына қанықтырды.
Осынау жалғаны мен жағымпазы көп заманда адам жаны шынайылыққа шөлдейді. Кейде күйбең тірліктен көңілі қалып, поэзия әлемінен жанына дауа іздеп шарқ ұрған сәтте ақынның:
… Кісі таңдап араласу сән болды,
Жоқтың жолы кеседі деп бар қолды.
Ол қырттарға өкпе де артпай, наз да артпай,
Тамашалап жүріп келем тар жолды.

Сол тар жолда жүре берем, көңіл кең,
Жүрегім де кем емес еш төріңнен.
Өкінбеймін, дәл осылай жүріп-ақ,
Өз еншімді адал алсам өмірден,
– деген жыр жолдары ойға оралады. Ақын бұл өлеңінде өмірдің сынағына қарамастан, адам өз болмысы мен асыл қасиеттерін жоғалтпай, өз жолын таба білуі керектігін жеткізген.
Ақынмен кездесуге облыстық музейлер бірлестігінің директоры Талғат Келімбетов, Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының жетекшісі Ержан Тоқтар, Қарасаз ауылының әкімі Ұлан Сәрсенбаев, ақындар Шеризат Мекебаев, Жарас Сәрсек, композитор Қанат Ибрагимов, мектеп мұғалімдері мен оқушылар қатысып, «Поэзия патшалығында» тағы бір көркем кештің куәсі болды.
Кеште Ержан Тоқтар ақынға арнау өлеңін оқып, Алғыс хат табыстап, иығына шапан жапты. «Сыйға – сый» демекші, Бақыт ағамыз да ақындық жолындағы ізбасар інісіне өзі жақсы көріп киетін бір шапанын тарту етті. Облыстық музейлер бірлестігінің директоры Талғат Келімбетов те ақынға ерекше құрмет көрсетті.
Бақыт Беделхан өзінің осынау киелі шаңырақта қонақ болуын үлкен мәртебе санайтынын айтып, Мұқағали рухына тағзым етті. Ақынды қолдап келген қаламгерлер жылы лебіздерін арнады. Композитор Қанат Ибрагим ақын сөзіне жазылған әнін орындап, кездесудің шырайын аша түсті.
Кеш иесі жиналған көпшілікке алғысын білдіріп, өз сөзін өлеңімен қорытындылады:
«Мен туғанда-ақ өлім жазасына кесілгем,
Есейе келе шығып кетіпті есімнен.
Жаным шырылдап, тəнім тұншығып жатқанда,
Есіме қайта сен салып едің, есіл-дем!»

Поэзия – уақыттың үнін, ұлттың мұңын, адамзаттың жан әлемін жеткізетін мәңгілік өнер. Ал сол өнерге адалдық танытып, жырдың жүгін арқалап жүрген ақындар барда, қара өлеңнің қадірі де, қасиеті де жоғалмақ емес. Қарасаз төрінде өткен «Тәңіртауға тағзым» атты тағылымды кездесу жиналған жұрттың жүрегіне жырдың шуағын ұялатып, рухани әлеміне сәуле қосты. Бұл кеш бір ақынның шығармашылығын дәріптеумен ғана шектелмей, өлеңге деген құрметті, сөз өнеріне деген сүйіспеншілікті тағы бір мәрте жаңғыртты. Бақыт ақынның әр жырынан туған елге деген махаббат, адамдық болмысқа деген адалдық пен өмірдің өткіншілігін сезінген терең ой аңғарылды. Кеш соңында көрермен көңілінде әдемі әсер, жүрегінде жырдан қалған жылылық, санасында ойға жетелеген тағылымды сөздер қалды.

Ақерке БИЖАН

Қарасаз ауылы,
Райымбек ауданы

↑