Ұлттық тәрбие – ұрпақтың бойына ана сүтімен даритын, ата-баба өсиетімен қалыптасатын асыл мұра. Халқымыз ежелден-ақ ұрпағын жөнсіз қылықтан тыйып, жақсы мен жаманды ажырата білуге бір ауыз сөзбен тәрбиелеген. Осындай тағылымы терең ұлттық құндылықтарды жаңғырту мақсатында Кеген аудандық Мәдениет үйінде «Тыйым сөздер – тәрбие көзі» тақырыбында ауылдық округтердегі аналар арасында байқау ұйымдастырылды.
«Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен, аудандық аналар кеңесінің ұйымдастыруымен өткен тағылымды шараның мақсаты – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан тыйым сөздерін жаңғырту, ұлттық тәрбиенің мән-маңызын кеңінен насихаттау, жас ұрпақтың бойына әдептілік, ізеттілік, адамгершілік қасиеттерді сіңіру. Сондай-ақ аналар арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, отбасы тәрбиесіндегі ананың рөлін айқындау көзделді.
Шара шымылдығы әсем әуенмен ашылып, жүргізуші қатысушылар мен қонақтарға жылы лебізін білдірді. Кеген аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Еркінбек Қалқаев байқауға қатысушыларға сәттілік тілеп, ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрді ұлықтаудың маңыздылығына тоқталды.
Байқау барысында әр ауылдық округтен келген аналар өзара бақ сынап, халқымыздың таным-түсінігіне, тұрмыс-тіршілігіне негізделген тыйым сөздердің мән-мағынасын ашып көрсетті. Қатысушылардың әрқайсысы ұлттық тәрбие арқылы ұрпаққа өнеге боларлық ойларын ортаға салды. Әр тыйым сөздің астарында өмірлік тәжірибе, үлкеннің ақылы, халықтың даналығы жатқанын байқауға болады.
Сайыс барысында қатысушылардың тапқырлығы, шешендігі, салт-дәстүрді жетік білуі мен ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі ізденісі бағаланды. Аналардың өнері мен өнегесі, тәрбиелік мәні зор жауаптары көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Байқау қортындысы бойынша Бөлексаз ауылдық округінен келген Жадыра Жақыпова бірінші орынды иеленді. Жалағаш ауылдық округінен қатысқан Маржан Молдахмет екінші орынға тұрақтаса, Жылысай ауылдық округінің намысын қорғаған Гүлжанат Түбекбаева үшінші орыннан көрінді.
Шара соңында аудандық аналар кеңесінің төрағасы Бақытгүл Көнеева қатысушыларға алғысын білдіріп, байқаудың тәрбиелік маңызына тоқталды. Ол осындай игі бастамалардың жалғасын табуына, ауылдық округтердегі аналарға қолдау көрсетіліп, олардың қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуына жағдай жасалса деген ізгі тілегін жеткізді.
Расында, ұлт тәрбиесі ұрпақ тәрбиесінен басталады. Ал сол тәрбиенің алғашқы ұстазы – ана. Ананың айтқан әрбір ақылы, өнегелі сөзі мен күнделікті іс-әрекеті баланың өмірлік ұстанымына айналады. Сондықтан «Тыйым сөздер – тәрбие көзі» байқауы жай ғана сайыс емес, ұлттың ұмыт бола бастаған асыл мұрасын жаңғыртып, келер ұрпаққа аманаттаудың жарқын көрінісі болды.
Халқымыздың «Бір тал кессең, он тал ек», «Нанды баспа», «Үлкеннің алдын кеспе» деген ұлағатты сөздері ешқашан мәнін жоғалтпақ емес. Өйткені тыйым сөздер – өткеннің ескірген қағидасы емес, бүгінгі ұрпаққа да бағыт-бағдар беретін өмірлік тәрбие мектебі.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы

