Есік археологиялық-өлкетану музейінің қорында сақталған 1302 экспонаттың арасында ерекше тарихи маңызға ие жәдігерлер бар. Солардың бірі – ХІІ-ХІІІ ғасырларға жататын, қыштан жасалған су құбырлары. Отырар қаласынан шыққан бұл жәдігерлер ортағасырлық кезеңдегі құрылыс мәдениеті мен су жүйесінің даму тарихын танып-білуге мүмкіндік береді.
Су – адамзат тіршілігінің негізгі көзі. Ежелгі заманнан бері адамдар суды күнделікті тұрмыста, егін шаруашылығында және басқа да қажеттіліктерін өтеу үшін пайдаланудың тиімді жолдарын іздестірген. Осы қажеттіліктің нәтижесінде су жеткізуге арналған түрлі құрылғылар мен жүйелер қалыптасты. Солардың бірі – қыштан жасалған су құбырлары.
Орта ғасырларда Отырар қаласы Қазақстан аумағындағы маңызды саяси, экономикалық және мәдени орталықтардың бірі болды. Қалада қолөнер, сауда және егіншілік дамыды. Мұндай қалалардың тіршілігінде суды жеткізу мен тиімді пайдалану жүйелері айрықша рөл атқарған. Қыш су құбырлары сол дәуірдегі құрылыс тәжірибесі мен тұрмыстық қажеттіліктерді қамтамасыз ету жолдары туралы түсінік береді.
Музей қорындағы бұл жәдігерлердің құндылығы – олардың өткен дәуірдің материалдық мәдениетінен сыр шертетіндігінде. Қыш құбырларды зерттеу арқылы ортағасырлық қалалардағы инженерлік шешімдер, құрылыс әдістері және су пайдалану мәдениеті туралы білімімізді тереңдете аламыз.
Тарихи жәдігерлер – өткен мен бүгінді жалғап тұрған құнды мұра. Оларды сақтау, ғылыми тұрғыдан зерттеу және көпшілікке таныстыру арқылы біз ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігін, мәдени жетістіктерін және тарихи тәжірибесін келешек ұрпаққа жеткіземіз.
Есік археологиялық-өлкетану музейі қорындағы Отырардан шыққан қыш су құбырлары – халқымыздың бай тарихи мұрасын танытатын, ғылыми және танымдық маңызы зор жәдігерлердің бірі.
Индира Қожағұлова,
Есік археологиялық-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері

