Перейти к содержимому

Жанға шуақ сыйлаған

32 қаралым

Телефоным шыр ете қалды. Көтере қалсам, арғы жақтан: «Ата, мен сіздің учаскелік дәрігеріңіз Арайлыммын ғой», – деген биязы үн естілді. Мен учаскелік дәрігерді даусынан бірден танып: «Иә, Арайлым қызым, мен сені тыңдап тұрмын», – дедім. Ар жақтағы дауыс: «Ата, біз ертең учаскелік медбике Әсеммен таңғы сағат 8:00-де сіздің үйіңізге келеміз. Апам екеуіңізден анализдар аламыз», – деді. Мен таңқалғанымнан: «Тек қана бізден аласыңдар ма, әлде басқа жерлерге де барасыздар ма?» – деп сұрадым. Менің таңқалғанымды сезе қойған Арайлым: «Жоқ, ата, тек қана сізге емес, ертең біз медбике екеуміз №1 учаскенің зейнеткерлері мен төсек тартып жатқан жандардың үйлеріне барып, ем-дом жүргіземіз», – деді. Мен таңқалғанымды жасырмай, «Иә, бұл жақсы бастама екен. Бұдан 30-40 жыл бұрын да осылай болған. Сеңдердің қайта осы бастаманы көтеріп, үй аралағандарың дұрыс екен», – дедім де, алғысымды айтып, тұтқаны қойдым.

Ертеңіне таңғы сағат 8-ге 15 минут қалғанда, учаскелік дәрігер Арайлым мен медбике Әсем үйге келді. Менен және апаларынан қан алып, қан қысымымызды және қантымызды өлшеп, кеудемізді тыңдап, екеумізді тексерістен өткізіп, «Бәрі жақсы, енді екі күнде анализдің қорытындысы шығады», – деп бізбен қоштаса бастады. Біз алғысымызбен қатар, таңғы шайдың дайын тұрғанын айтып, бірге ас ішуді ұсындық. Олар: «Жоқ, ата-апа, рахмет, біз таңғы 7-8-ден учаскені аралап жүрміз, көлігімізде ауруханаға апаратын науқас бар және тағы бірнеше аралайтын үй бар», – деп бізбен жылы қоштасты.
Екі күннен кейін дәрігеріміз Арайлым қоңырау шалып, анализдеріміздің дұрыс екенін, тек қана қант мөлшерінің көтеріліп тұрғанын айтты. «Мен сіздерді эндокринологқа жазып, уақытын айтамын, сол дәрігерге барып, көрінесіздер», – деді.
Әрине, бұл бүгін ғана басталып жатқан жаңалық емес. Кеңес үкіметі кезінде мүгедектердің, төсек тартып жатқан аурулардың, зейнеткерлердің үйлеріне барып, оларды үйден қарап, керек болған жағдайда ауруханаға жеткізіп, емдейтін. Бұл – бұрыннан бар тәжірибе. Кейіннен, еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін жанармайдың, кадрлардың жоқтығын сылтау етіп, бұл тәжірибе тоқтатылды. Бүгінгі күні бұл іс қайта жаңғырып жатқанына шексіз қуаныштымыз.
Менің ойыма осыдан бірнеше ай бұрын жаңадан келген Талғар аудандық ауруханасының директоры Майра Әбдіқалыққызымен кездескенім есіме түсті. Кездесуде біз Талғар ауданының ауруханасының кемшіліктері жөнінде көп әңгімелестік. Сонда Майра Әбдіқалыққызы өзінің Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс істегенін, қазіргі кезде Талғар аудандық ауруханасының алдыңғы қатарға шығуы үшін бар күш-жігер, тәжірибесін салып жатқанын айтқан еді. Ауданның медицина саласында кейбір кемшіліктердің орын алғанын, соны қалпына келтіру үшін осында келіп, жұмыс істеп жатқанын да жасырмаған болатын. Біз де өз тарапымыздан басшыға қолдау мен көмек көрсететінімізді айтқан едік. Міне, учаскелік дәрігер мен медбикенің үйлерді аралап, зейнеткерлер мен өздігінен қозғала алмайтын науқастарға келіп, көмек көрсетіп жүргені сол кездесудің нәтижесі деп білемін.
Бүгінгі таңда аудандық ауруханада көптеген жақсы өзгеріс бар. Дәрігерлер мен медбикелердің науқастарға деген жылы қарым-қатынасы бірден байқалады. Әрине, бір жылдың ішінде қордаланып қалған кемшіліктерді шешу мүмкін емес, бірақ шетінен жөнге түсіп келе жатқаны қуантады.
«Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» деген мақал бар. Сондықтан біз де аурухана дәрігерлерімен, медбикелерімен дұрыс сөйлесіп, қандай жағдай болса да, өз-өзімізді ұстап, әрқашанда мәдениетті болуымыз қажет. Осындай жағдайда ғана дәрігер мен науқастардың арасында түсіністік орнайды.
«Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші, әлде де медицина қызметкерлері тарапынан да дөрекілік танытып, қатты сөз айтып жататындар жоқ емес. Бірақ олармен жұмыс жүргізіліп жатыр. Кешегі Президент Жолдауынан да медицина саласына көп көңіл бөлініп жатқанын естіп-біліп отырмыз. 2027 жылы елімізде көптеген медициналық нысан жаңадан бой көтереді. Емхана, аурухана, медициналық орталықтар салынады. Бұл – Президентіміздің халыққа деген үлкен құрметі, тұрғындар алыс жаққа бармай, өздеріне жақын орналасқан ауруханаларға барып, медициналық көмек алсын дегені.
Әсіресе Президент өз Жолдауында учаскелік дәрігерлердің рөлін күшейтіп, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың жалақыларының 40 пайызға өсетінін айтты. Бұл учаскелік дәрігерлердің әл-ауқатын көтеруге үлкен септігін тигізеді деп есептеймін.
Талғар аудандық ауруханасының осындай жетістіктерге жетіп жатқаны кейінгі кезде білімді дәрігерлер мен жас мамандардың келуімен тікелей байланысты. Оның ішінде, атап айтсақ, аудандық аурухана директорының орынбасары Ғалымжан Есенәлиев, директордың сапа жөніндегі орынбасары Айдос Еркенов, директордың саясат жөніндегі орынбасары Тимур Қуатов, Венера Дүйсебаева және Эсмира Абилованың еңбегі зор. Осы аты аталған дәрігерлерімізге көпшіліктің ризашылығы шексіз. Учаскелік дәрігеріміз Арайлым мен медбике Әсемге де айтар алғысымыз мол.
Талғар аудандық ауруханасының ақ халатты абзал жандарына ризашылығымды төмендегі өлең жолдарымен жеткіземін:

Абзал жан, ақ халатты, қабағы ашық күннен,
Тәніңнің дертін емін, жаңылмай басып білген.
Жаныңның арашасы, сөзі де шипа ерен,
Науқасқа жан салады, ұмытып өзін мүлдем.

Ұмытып жанұясын, баласын, басқасын да,
Дәрігерге мұқтаж егде, ересек, жап-жасы да.
Көрініп жаны көзге, қиналған ауру жанның,
Қарайды қабағына, бәйек боп бас-қасында.

Күн демей, түн де демей, дімкәспен әбігер-ді,
Құяды санасына, өмірдің мәнін енді.
Елінің саулығы үшін, шаршамай күресетін,
Қадірлеп құрметтейік, абзал жан – дәрігерді!

Бақтығали Айжігітов,
жазушы

↑