Перейти к содержимому
Басты бет / Әлеумет / Алматы облысында он айдың қортындысы бойынша 4311 тұтынушының өтініші қаралды

Алматы облысында он айдың қортындысы бойынша 4311 тұтынушының өтініші қаралды

35 қаралым


Қазан айының соңына дейін Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне өңір азаматтарынан 4311 өтініш келіп түскен. Осылай өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өтініштер саны 1536-ға артқан. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігі Алматы облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Ермек Әбікенов баспасөз мәслихатында кеңінен баяндады.
Өтініштердің басым бөлігі электрондық сауда, тұрмыстық, білім беру, коммуналдық және медициналық қызметтерге қатысты. Мамандардың айтуынша, мұндай өсім азаматтардың заңмен қорғалатын құқықтарын талап етуге деген сенімінің артқанын және кәсіпкерлік субъектілері тарапынан орын алатын заңбұзушылықтарға бейжай қарамайтынын көрсетеді.
Спикердің сөзіне сүйенсек, департаментке түскен әрбір өтініш жан-жақты қаралып, заңнама талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылданды.

«Бүгінге дейін департамент 178 жоспардан тыс тексеру жүргізді. Анықталған құқықбұзушылықтар бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, жалпы сомасы 4 384 799 теңгеге әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар, тұтынушыларға 90,4 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды. Бұл көрсеткіштер азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында қабылданған шаралардың тиімділігін және департамент жұмысының нақты нәтижесін айғақтайды», – деп атап өтті Ермек Әбікенов. Сонымен қатар, көптеген дау сотқа дейінгі тәртіппен шешіліп, азаматтарға өз құқықтарын сотқа жүгінбей-ақ қалпына келтіруге мүмкіндік берілген. Мұндай тәсіл уақытты үнемдеп, тұтынушылардың мәселелерін жедел шешуге ықпал еткен.
Департамент қызметі тек құқықбұзушылықтарды анықтап, жауапкершілікке тартумен ғана шектелмейді. Мұнда заңбұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен тауарлардың қауіпсіздігін бақылау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Тұтынушылардың құқықтарын тиімді қорғау мақсатында азаматтарға тауарлар мен қызметтерді таңдауда мұқият болу, сатып алуды немесе қызметті растайтын құжаттарды сақтау және құқықтары бұзылған жағдайда уәкілетті органдарға уақытылы жүгіну ұсынылады.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау – қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі. Осыған байланысты департамент алдағы уақытта да азаматтардың заңды мүдделерін қорғау және тауарлар мен қызметтер нарығындағы заңдылықты қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмысын жалғастырады.


Ерзат АСЫЛ
Қонаев қаласы

↑