Еңбекшіқазақ ауданында барлығы 122 сайлау учаскесі бар. Соның барлығы таңғы 07:00-де есігін айқара ашып, жұмысын бастап кетті.
Есік қаласындағы Тұманбай Молдағалиев атындағы аудандық мәдениет үйінде орналасқан №123 сайлау учаскесіне алғашқы сайлаушылар да келіп, өз таңдауын жасап жатыр. Бір қызығы, алғашқы келген сайлаушылар көбі егде жастан асқан азаматтар.
Олардың бірі Рысалды Қасымбаева бүгінде 78 жасқа келген. Өте ширақ кейуана елімізде өтіп жатқан бұл саяси науқанға қатысып, дұрыс таңдау жасауды елдің болашағы алдындағы өз борышы деп санайды.
«Елімізде өткізіліп келе жатқан саяси науқанның барлығына дерлік қатысып келемін. Қоғамның дамуы, еліміздің гүлденуі үшін ұйымдастырылатын іс-шаралардан сырт қалмауымыз керек. Сайлау әр азамат өз таңдауын жасау үшін, қоғамды дамытуға өз үлесін қосу үшін өткізіледі. Сондықтан мұндай науқандарға жастар жауапкершілікпен қарауы керек», – деген кейуана халыққа ақ батасын беріп, бүгінгі науқанның ойдағыдай өтуіне тілектес екенін жеткізді.
Сайлау науқанында азаматтық борышына бейжай қарамай, белсенділік танытқан Рысалды әжейге учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Анар Саменова естелік сыйлық табыстады.
«Алатау – Ақпарат»

