Тұтынылатын трафик көлемінің ұлғайып, интернет жылдамдығының азаюына байланысты тұрғындардан шағым түсетіні белгілі. Бұл мәселені шешу үшін байланыс операторлары базалық станцияларын үнемі ұлғайтып, жаңа желілер салу қажет. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңынданда Алматы облысы цифрлық технологиялар басқармасының байланыс және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру бөлімінің басшысы Айгүл Бекетова айтты.
Спикердің сөзінше, уақытынан кешіктірмей төлеген ақшасына сапалы қызмет ала алмау түрғындарлың наразылығын тудырады. Байланыс сапасы көңілден шықпаған жағдайда тұрғындар ең алдымен байланыс қызметін ұсынатын операторға хабарласуы керек. Елімізде қазіргі уақытта «Мобайл Телеком-Сервис», «КаР-Тел» және «Кселл» сынды 3 мобильді байланыс операторы қызмет көрсетеді, олардың әр қайсысында абоненттерден өтініш қабылдайтын қысқа байланыс нөмірлері бар.
«Байланыс орталықтарына қоңырау шалу мәселені шешпеген жағдайда азаматтар ресми өтініш жазуға құқылы. Абоненттер Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің Алматы облысы бойынша өңіраралық байланыс инспекциясына шағымдарын жеткізе алады,-дейді Айгүл Бекетова.
«Қаржыны қалтадан қағып алатын байланыс операторларына жүген жоқ па?», деген сауалға спикер жоспардан тыс тексеріс, абоненттерден шағым түскен кезде ғана жүргізілетінін айтты. Аталмыш тексеру жұмыстары кезінде арыз иелерінің жеке деректері көрсетіледі екен. Ол сондай-ақ, елді мекендегі байланыс сапасына тергеу амалдарын жүргізу белгіленген ереже аясында ғана жүзеге асатынын алға тартты. Айгүл Бекетаеваның айтуынша, елді мекенді ұялы байланыспен және интернетпен қамтамасыз етуші оператордың лицензиялық міндеттемелері шеңберінде ғана тексеру жұмыстарын жүргізе алады.
Бүгінгі күні Алматы облысында өкілетті орган мен байланыс операторлары арасында «250+» жобасын іске асыру жөнінде меморандум жасалды. Нәтижесінде, мобильдік операторлар радиожиілік спектрін пайдаланғаны үшін салық мөлшерлемесін төмендету есебінен 250 және одан көп адам тұратын елді мекендерді интернетпен қамтамасыз етуге міндетті болмақ.
Сонымен қатар, байланыс операторларының лицензиялық міндеттемелерінде 1000-нан асатын тұрғыны бар ауылдарды 2G стандартындағы байланыспен, 10 мыңнан аса тұрғыны бар елді мекендерді 3G стандартының мобильді кең жолақты интернетімен, ал 50 мыңнан аса тұрғыны бар елді мекендер мен аудан орталықтарын 4G стандартты интернетпен қамтамасыз ету қарастырылған.