Облыс орталығында Қазақстан халқының бірлігі күніне орай облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен «Бірлік жарысы» атты жеңіл атлетикадан сайыс өтті. Шараның мақсаты – ұлттар арасындағы достық пен бірлікті нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау және спортқа деген қызығушылықты арттыру. Жас ерекшелігіне қарай қатысушылар төрт санатқа бөлінді. 14-17, 18-35 , 36-55 жас аралығында және 56 жастан жоғары азаматтар да өз бақтарын сынап көрді. Жүгіру басталмай тұрып қатысушылар бұлшық еттерін қыздыру үшін жеңіл дене шынықтыру жаттығуларын жасады.
– Жарысқа 14 пен 70 жас аралығындағы облыс тұрғындары, Ассамблея мүшелері және мемлекеттік қызметкерлер қатысты. Бұндай шараларды өткізу – дені сау, салауатты ұлт қалыптастырудың кепілі. Болашақта да бұл тоқтап қалмай, жалғасын табады деген сенімдемін, – деді дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Рахман Қуанышұлы.
Жарыс қорытындысында Еңбекшіқазақ ауданынындағы Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері жеңімпаз атанды. Ал олардың бапкері – алпыс жыл өмірін спортқа арнаған, КСРО спорт шебері Алпыс Ермағамбетов.
– Сайыс жоғары деңгейде өтті. Ұйымдастырушыларға көп рақмет. Шәкірттерімнің топтың алды болып, оза шапқанына қуаныштымын. Қазіргі таңда өзім спорт мектебінде балаларды жаттықтырып жатырмын. Негізгі мақсатым – еліміздің намысын қорғайтын чемпиондарды дайындау, Көк байрағымызды әлемдік додаларда көкке көтеру. Бұл сайысқа шәкірттемді алып келуімнің басты себебі де сол, – деді Алпыс Ермағамбетов.
Шарада жеңіске жеткен Арлан Айдын да жылы лебізін білдірді.
– Қазақстан – көптеген ұлт өкіліне құшағын кең ашқан бауырмал ел. Бұндай жарыстарды ұйымдастыру бір шаңырақ астындағы көпұлтты еліміздің ауызбіршілігін нығайтады әрі денсаулығымызға да пайдалы. Мен Қазақстанның барша әлемге үлгі болғанын қалаймын. Еліміздің берекесі мен бірілігі арта берсін, – деді жеңімпаз.
Шара кезінде барлық қауіпсіздік шаралары сақталды және кәсіби төрешілік әділ бағаларын берді. Барлық жеңімпаздар медальдармен, мақтау қағаздарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Гүлзат Байқонысова