Қазақтың тұңғыш академигі Қаныш Сәтбаевтың туғанына биыл – 125 жыл. Мерейтой қарсаңында айтулы ғалымның еңбектері дәріптеліп, ұлықталуда. Сондай игілікті шараның бірі ұлт перзентінің есімімен аталатын Қаскелеңдегі білім шаңырағында өтті.
Кешке Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті тарихи мұражайының бас маманы Аспандияр Өмірбеков, жетекші маманы Шынар Окашева, биология ғылымдарының докторы Надежда Ниретина, сондай-ақ Қарасай аудандық білім бөлімінің өкілі Жанат Тельманұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағат Мәсімақынов, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызы және ардагер ұстаздар қатысты.
Білім ошағының фойесіне Қаныш Имантайұлының жеке портреттері, қолжазбалары, хаттары және тағы басқа қолданған заттары қойылып, еңбек жолына қатысты арнайы бейнефильм көрсетілді. Келген қонақтар жәдігерлерге зер салып, тың ақпараттармен танысты.
Іс-шараның есте қаларлық сәті – мектеп қабырғасында «Сәтбаевтану» кабинетінің ашылуы болды. Салтанатты рәсімде мектеп директоры Рысбүбі Дүйсебаева сөз алып, білім шаңырағының алғаш іргетасы қаланған сәттен Сәтбаевтың есімі берілгенге дейінгі тарихын баяндады. «Сәтбаевтану» кабинеті Қаныш Имантайұлының асыл мұрасын одан әрі дәріптеуге жол ашатынын жеткізді. Ал мектептегі химия пәні мұғалімі Әмина Құлжабаева жаңадан ашылған кабинеттегі жәдігерлерге жеке-жеке тоқталды.
Ғалымға арналған шараның жалғасы мектептің акт залында «Рухы биік ұлы перзент» атты кешке ұласты. Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің тарихи мұражайының бас маманы Аспандияр Өмірбеков академик жайлы құнды деректерді сөз етті. «Сан қырлы Сәтбаев» атты мектептер арасында өткен республикалық эссе байқауына белсене қатысқан оқушы Ақзере Алтайды және оның жетекшісі Бағила Бесбайқызын Алғыс хаттармен марапаттады.
Кеш барысында мектеп оқушылары «Жезқазған жері» атты көрініс қойып, академиктің еңбек жолына саяхат жасады. Сондай-ақ басқа да белсенді білімпаздар Қаныш Сәтпбаевтың еңбегін жоғары бағалаған ғалымдардың айтқан сөздерін қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жеткізді. Ақынжанды жастар өлеңдерін арнады. Шара соңы концерттік бағдарламамен қорытындыланды.
Дидар Мәлікұлы,
Қарасай ауданы