Қарасай ауданы Шамалған ауылындағы Мәдениет үйінде халықтар достығына арналған әсерлі кеш өтті. Аталған шараны ардагерлер және әжелер ұйымдары қолға алып, жас ұрпаққа сыйластық пен құрметтің, татулық пен ынтымақтың үлгісін көрсетті.
Бұл ауылда 30-дан астам этнос өкілдері бір үйдің баласындай тату-тәтті ғұмыр кешіп, қоян-қолтық араласып келеді. Олардың берекелі, мерекелі тірлігіне қарап сүйсінесің.
Жиында аудандық әжелер ұйымының төрайымы Ақылия Бекбайқызы, медицина саласының ардагері Гүлахмет Шәріпов, ардагер ұстаз Светлана Фрейзе, әжелер ансамблінің жетекшісі Батиха Нұртаева, «Ахыска» түрік қауымдастығының мәдениет жөніндегі кеңесшісі Сабыр Яшаұлы, тағы басқа этнос өкілдері сөз сөйлеп, достық, ынтымақ, бірлік туралы ойларын бір арнада тоғыстырып, жан жадыратарлық жақсы лебіздерін паш етті.
Ауыл өнерпаздарының көпшілікке арнаған концерті де өте әсерлі шықты. Әжелер ансамбліне, «Грация» би тобына қошеметпен қол соқты. Республикалық байқаулардың жүлдегері, жыршы әрі термеші Балнұр Ерубайдың «Қыз дәурен, ән дәурен» термесі, түрік ағайын Сабыр Яшаұлының орындауындағы «Домбыра», Айсұлу Жұмашева шырқаған «Анаңды сүйсең, менше сүй» әндері және тағы басқалардың өрге жүзген өнерлері жиналғандарды тәнті етті. Ауыл таланттарына дән риза болды. Оларға ақ ниетті алғыстарын айтып, сәттіліктер тіледі.
Қанат Тұрсынұлы,
Қарасай ауданы