Бүгін Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов жаңа жағажайдың ашылу рәсіміне қатысты.
«Алға қойылған маңызды бағыттың бірі – туризм саласын дамыту. Бүгінгі таңда Қонаевта 140 демалыс нысаны қызмет етуде. 2023 жылы шомылу маусымында 1,2 млн. туристер келсе, биыл 1,3 млн. демалушыға қызмет көрсету жоспарланып отыр. Қалада туризмді дамыту мақсатында бюджет тарапынан да, жеке инвесторлар тарапынан да тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде 5-қалалық жағажай абаттандырылып, қала тұрғындары мен қонақтарына қолданысқа беріліп отыр. Қуанышты күнмен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!» – деді Асхат Бердіханов.
Жағажайға кіру құны – бір көлікке 1000 теңге. Нысан бюджет қаржысына салынған.
Аталған жағажайдың жалпы аумағы 2,7 гектарды құрайды. Мұнда футбол, воллейбол, уоркаут, балалар ойын алаңдары, үстел теннисі орнатылған. Суға түсу орны мен дәретхана, шатырлар, пирс, жасыл аймақ, бизнес нысандары, балалар бассейні, автотұрақ та бар. Құтқарушыларға арналған 2 орын қойылған. Жағажайдың келбетін шағын сәулет нысандары келтіріп тұр. Инженерлік желілер тартылып, халыққа қолайлы жағдай жасалған.
Бұдан бөлек, қаладағы №6 және №7 жағажайларды абаттандыру жоспарланып отыр. Ал №8 жағажай инвесторлар қаржысына салынып, аттракциондар паркіне айналмақ.
Қонаев қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі